Accessibility links

Грузия "компромат қорынан" құтыла ала ма?


Тбилиси сотының алдында тұрған полицей мен фотограф. Көрнекі сурет
Тбилиси сотының алдында тұрған полицей мен фотограф. Көрнекі сурет

Грузия ішкі істер министрі заңсыз жазылған видео және аудио материалдарды жоюға уәде берді. Саакашвили әкімшілігі бұл жазбалармен журналистер мен белсенділерді бопсалаған.

Жүздеген, тіпті мыңдаған жазба Грузия ішкі істер министрлігінде (ІІМ) сақтаулы. Оларды қазіргі ішкі істер министрі Ираклий Гарибашвили «жеке өмірдің лас архиві» деп атайды. Негізінен бұл жазбаларды Саакашвили президент болған кезде ІІМ-нің өзі жасаған. Көбі - телефон әңгімелері мен бейне жазбалар. Гарибашвили бұл архивті жоятынын мәлімдеді.

АДАМДАР ҚҰПИЯСЫН ЖИНАҒАН МҰРАҒАТ

Мұндай жазбаларды жинау совет дәуірінен қалған үрдіске ұқсайды. СССР-де мұндай күмәнді құжаттар үкіметке қарсы тұлғаларға қысым көрсету үшін қолданылған. Сол сияқты Грузия үкіметі 2011 жылы 3 грузин журналисіне (ішінде Ресей тыңшысы деп айыпталған Саакашвилидің жеке фотографы бар) айып тағу үшін құпия материалдарды пайдаланған.

Еуропа кеңесінің адам құқықтары бойынша өкілі болған Томас Хаммарберг - қазір Еуропа Одағының Грузиядағы құқықтық реформалар бойынша кеңесшісі. Хаммарберг өткен айда Тбилисиде осы материалдарға қатысты мәлімдеме жасады. Ол үкіметті бұл архивтің қолданылуы жөнінде қатаң ереже енгізуге шақырып:

- «Бұндай жазбаларды жасау – қылмыс» деген қағида болуға тиіс. Оларды біреуді бопсалау үшін қолдану – қылмыс. Оны сақтап отыру да – қылмыс. Әрине, оларды біреуге тарату, басқаға жария ету де - қылмыс, - деді.

САЯСИ ҚУДАЛАУДЫҢ БІР ТҮРІ МЕ?

Грузия парламентінің жақында жүргізген тексерісі судьялардың өтінішті қанағаттандыру кезінде барынша «көңілшек» болғанын көрсетеді.

Мысалы, 2012 жылғы сайлау кезінде Грузия судьяларына телефон мен басқа да байланыс құралдарын бақылау туралы 5 мың 951 өтініш түскен. Соның тек 12-сі ғана қабылданбаған.

Министрліктің мұрағатты жою туралы шешімін бұрынғы президент Саакашвилидің жақтастарын жаппай қаралаудың тағы бір тәсілі деп жоруға да болады.

Бұрынғы грузин премьері, ішкі істер министрі Вано Мерабишвили сот залында. Кутаиси, 22 мамыр 2013 жыл
Бұрынғы грузин премьері, ішкі істер министрі Вано Мерабишвили сот залында. Кутаиси, 22 мамыр 2013 жыл
Михаил Саакашвили тұсында ішкі істер министрі қызметін сегіз жыл атқарған Вано Мерабишвили өткен айда «қызметтік жағдайын асыра пайдаланды» деген айыппен тұтқындалды. Кейбіреулер «бұл істің саяси астары бар» деп санайды.

Саакашвилидің қарсыласы саналатын жаңа премьер Бидзина Иванишвили сайлаудан кейін ішкі істер министрі қызметіне өз өкілі - Ираклий Гарибашвилиді тағайындады. Гарибашвилидің сөзінше, «заңсыз жолмен жасалған архивті жоюдың саяси астары жоқ». Ол өткен айда орынбасары Гела Хведелидзені «өзімен қастасқан адамды әшкерелеу үшін оның жеке өміріне қатысты секс-жазбаны жариялады» деген айыппен тұтқындады. Гарибашвили «қажет болса, өз отбасын, достары мен туыстарын» да бүркемелеп қалмайтынын айтып, «Грузия бұндай кезеңнен өткен» деп мәлімдеді.

Барлық тараптар заңсыз архивті жоюға келісіп отырса да, оларды мүлде құртып жіберу қиын шаруа болып шықты. Өйткені цифрлық жазбалар оңай көшіріледі, тез тарайды.

«БІР БӨЛІГІН САҚТАУ КЕРЕК»

Ішкі істер министрінің орынбасары Леван Изория құпия жазбаларды көшіріп алып, құпия сақтап отырған бұрынғы шенеуніктерді жазбаларды жоюға шақырып, оларға рақымшылық жасау жоспары бар екенін айтты.

- Кейбір адамдардың қолында құпия құжаттардың көшірмесі болуы мүмкін. Көшірме жасап алғандарға рақымшылық етейік деген ұсынысты парламентке түсіріп отырмыз. Олар бір немесе екі ай ішінде қолдарындағы көшірмелерін өз еркімен тапсыруға құқылы, - дейді ол.
ІМ материалдарды екіге бөлуді ұсынып отыр. Біріншісі – заңсыз жолмен жасалған жеке өмірге қатысты кадрлер. Екіншісі – тергеуге қажет материалдар. Соңғысы жойылады.

Жазбаларды үкімет пен азаматтық қоғам өкілдерінен құралған комиссияның қадағалауымен жоюға болатыны айтылып жатыр. Заңсыз жинақталған деректерді құртуды үндеген Transparency International ұйымы мен Грузияның жас заңгерлер қауымдастығы өкілдері осы комиссияға мүше болуы мүмкін. Қазір «Мұрағаттың барлығы жойылуға тиіс пе, әлде бір бөлігі ғана жойыла ма?» деген сауал ғана процесті тоқтатып тұр.

Көптеген бақылаушылар жазбаға тапсырыс бергендерді болашақта сотқа тарту үшін таспалардың біраз бөлігі сақталуы тиіс дейді. Жазбалардың мұрағатта ретсіз сақталғаны да мәселені қиындатады, қай таспаның қоғамдық құны бар екенін, қайсысының жеке өмірді әшкерелеуге арналғанын анықтау да - қыруар жұмыс.

Transparency International ұйымының Грузиядағы мүшесі Гия Гвилава ішкі істер министрлігінің әр деректі жояр алдында мазмұнын жіті қарап шығуды ұсынғанын айтады.
Иванишвили үкіметі тұсында, 2013 жылдың алғашқы тоқсанында ғана, Грузия соттарына мыңнан астам аңдуға рұқсат сұраған өтініш түскен.

- Бұған көңіліміз толды. ІІМ материалдарды екіге бөлуді ұсынып отыр. Біріншісі – заңсыз жолмен жасалған жеке өмірге қатысты кадрлер. Екіншісі – тергеуге қажет болатын материалдар. Жеке өмірге қатысты дерек пен заңсыз жасалған жазбалар жойылады, - дейді ол.

Бұл құжаттардың мәселесі солай шешілген күнде де Грузиядағы жеке бас құпиялары мәселесі түпкілікті шешімін тапты деуге болмайды. Иванишвили үкіметі тұсында, 2013 жылдың алғашқы тоқсанында ғана, Грузия соттарына мыңнан астам аңдуға рұқсат сұраған өтініш келіп түскен. Ал мемлекет ұялы телефон мен интернет белсенділерді бақылайтын осы «қара жәшік» мәселесімен күресіп жатыр. Бұл «кәсіп» жеке компаниялардың күнкөріс көзіне айналған.

Transparency International және басқа да құқық қорғау ұйымдары ішкі істер министрлігіне телекоммуникациялық компаниялардағы аңду құрылғыларын жоюды сұрап отыр. Егер Грузияда жасырын аңду тәсілі жойылса, бұл бұрынғы совет елдері арасында маңызды қадам болмақ. Осындай аңдудың соңы Әзербайжан, Беларусь және Орталық Азияда үкімет репрессияларына себеп болған еді.

Нона Мчедлишвилидің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG