Accessibility links

Оңтүстік Осетияны тікенек сыммен қоршап жатыр


Грузия полициясы Ресей әскері шекара ретінде тартқан сымды көріп жүр. Грузия, Двани ауылы, 4 қазан 2013 жыл.
Грузия полициясы Ресей әскері шекара ретінде тартқан сымды көріп жүр. Грузия, Двани ауылы, 4 қазан 2013 жыл.

Грузияның Ресей әскері бақылауына өткен Оңтүстік Осетия ауданында тікенек сыммен шекара тартылып жатыр. Ал Тбилиси жер дауы қайта ушықса деп әскери дайындығын қамдап отыр.

Дөңгелек төбелері, жайнаған бау-бақшасы бар Двани ауылы - Грузияның ең бір көрікті жері. Енді бұл ауылды тікенек сым екіге бөліп тұрмақ.

ЕКІГЕ ЖАРЫЛҒАН АУЫЛ

Бұл ауылда мыңға жуық адам тұрады. Оңтүстік Осетия ауданын Грузиядан бөлетін шекара сызығы осы ауылдың ортасынан өтеді.

Совет одағы тараған соң Грузияда ресейшіл сепаратистік топтардың кесірінен жер дауы шығып, Двани ауылы екі оттың ортасында, майдан өтінде қалды.

Двани ауылының маңында бұрын тартылған шекара қоршауы. 4 қазан 2013 жыл.
Двани ауылының маңында бұрын тартылған шекара қоршауы. 4 қазан 2013 жыл.
Грузия әскері мен Оңтүстік Осетия жасақтары арасындағы қарулы қақтығыстан 20 жыл өткенде - 2008 жылы Грузия мен Ресей арасында Осетияға таласқан соғыс болып, Двани ауылына оқ жауып, үйлер тоналған.

Кейіннен Ресей Оңтүстік Осетияны «тәуелсіз ел» деп мәлімдеді. Двани ауылы екі мемлекет шекарасының дәл үстінде тұрған елді мекенге айналды. Ал Грузия «бұл - елдің аумақтық тұтастығын бұзу» деп отыр.

«РЕСЕЙ ЖЕРІМІЗГЕ ТИІСПЕСІН»

Ресей әскері өткен айда шекара сызығы бойымен тікенек сымтемір жүргізіп, ауылды екіге бөле бастады. Сөйтіп Двани тұрғындары жайылым жерлерінен, үй-жайларынан, тіпті туыстарының бейіттерінен ажырап, арғы бетте қалып қойды. Двани тұрғыны Лейла Джануашвили:

- Ресей біздің жерімізге тиіспесін. Біз осетиндермен, әзербайжандармен және басқалармен арадағы қарым-қатынасымызды бұрын қалай реттеп келдік, солай бұл жолы да реттеп аламыз. Бұл іске Ресей араласпауы керек және халықты бір-біріне қарсы айдап салуын доғарсын, - дейді.

2008 жылғы соғыстан соң Оңтүстік Осетия шекарасының кейбір тұстарын күзетуді Ресей сарбаздарына тапсырған.

Двани ауылының тұрғыны Ресей әскері тартқан сым шекараны көріп жүр.
Двани ауылының тұрғыны Ресей әскері тартқан сым шекараны көріп жүр.
​400 шақырымдық шекара сызығының кейбір тұстарына металл сымдармен шекара тарту жұмыстары соғыстан екі жыл өткен соң басталып, тоқтап қалған. Содан кейін қыркүйек айында ол жұмыс қайта жанданып, Дванидегі шекараға Ресей әскері сым тарта бастады.

Көрші ауылдарда шекара жүргізіліп жатқанын естіген Джануашвили отбасы уақытты бекер өткізбей, арғы бетте қалып қоятын бақшаларындағы алмаларын жинап алды. Басқа жергілікті тұрғындар сияқты бұл кісілер де алма сатып күнелтеді.

Олар өткен аптада шекара тартылып жатқанын көріп, бақшаларына ендігәрі аяқ баса алмайтындарын ойлап, қорыққан. Бірақ шекарашылардың аяқ астынан ізім-ғайым кетіп қалғанын көріп тағы таңғалған. Олар қада қағу үшін қазып қойған шұңқырларын тегістеп, үйіліп жатқан тікенек сымдарын да алып кеткен. Лейла Джануашвилидің жолдасы Теймураз Копадзе:

- Бәрі жоғалып кетті, тіпті қазған шұңқырлары да тегістелген. Бұған біз қатты қуандық. Қадаларды бір жарым шақырым жерге апарып тастапты. Тұрғызған, бірақ әлі бекітілмеген қадаларын қайта суырып, алып кеткен, - дейді.

ШЕГІНІС ПЕ, БАСҚА МА?

Бірақ осыған дейін тартылған сымдар сол күй қалған. Көршілес Дитси ауылында да шекара жүргізу жұмыстары кенет тоқтаған.

Дитси ауылының маңындағы қадалар. 17 қыркүйек 2013 жыл.
Дитси ауылының маңындағы қадалар. 17 қыркүйек 2013 жыл.
Ресей билігі бұл оқиға туралы мәлімдеме жасаған жоқ, тек Оңтүстік Осетияның Грузия ССР-і құрамында автономиялық облыс болған кезіндегі шекарасын бекітіп жатқанын хабарлаумен шектелді.

Ресей сыртқы істер министрлігі Грузияның «Ресей шекараны Грузияның ішкі жағына қарай ысыруға тырысып отыр» деген мәлімдемесін тоқтатуды, тоқтатпаса мұның соңы «қиын болатынын» ескертті.

Шекараға сым тартуды тоқтатуға Батыс елдерінің сын пікірлері себеп болса керек.

«АЙМАҚҚА ҮЛКЕН ҚАТЕР»

АҚШ, Еуропа Одағы және НАТО өткен аптада Оңтүстік Осетияны Грузиядан бөліп тастау мақсатында Ресей қолдауымен жасалып жатқан бұл шараларға алаңдаушылық білдірген. АҚШ үкіметі «бұл әрекет Ресейдің халықаралық міндеттемелеріне және Грузияның аумақтық тұтастығы қағидасына қайшы келеді, әрі жергілікті халық үшін қиындық туғызады» деп мәлімдеген.

Еуропа Одағы сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштонның баспасөз хатшысы бұл шаралардың «аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлкен қатер төндіретінін» айтқан.

Еуропа Одағы сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон. Брюссель, 21 тамыз 2013 жыл.
Еуропа Одағы сыртқы саясат ведомствосының басшысы Кэтрин Эштон. Брюссель, 21 тамыз 2013 жыл.
Барлық тараптар Ресейді Грузияның сепаратистік аймақтары – Оңтүстік Осетия мен Абхазияны тәуелсіз елдер деп тану туралы шешімін қайта қарауға шақырды.

Қандай себеппен шегінсе де, әйтеуір Ресей әскерінің кетіп қалуы Двани тұрғындарын бір қуантып тастады.

Кей тұрғындар «оқиғаға халықаралық ұйымдардың назар аударды, бүдан соң жер дауы келіссөз арқылы шешіліп қалар деген үмітіміз оянды» дейді. Мәселен Ано Махачашвили:

- Біз көрген қасіреттің орнына ештеңе толтыра алмайды. Дегенмен жаңа келіссөздер бола ма деген үміт сәулесе оянды. Меніңше, бұл Ресейдің шегінгенінің белгісі болуы мүмкін. Үмітсіз – шайтан, - дейді.

ТБИЛИСИДІҢ КҮДІГІ

Ал Тбилисидегі ресми орындардың күдігі басым. Грузия мен Ресей арасында әлі күнге дипломатиялық қарым-қатынас жоқ. Ал Ресейдің «шекараны бекітуге» қатысты жақында жасаған қоқан-лоқы сипатындағы мәлімдемесі ымыраға келудің нышанына ұқсамайды.

Грузия президенті Михаил Саакашвили қыркүйектің 25-і күні БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде «Ресей әскері Грузия жерін басып алды» деп мәлімдеп, Ресейді «тікенек темірмен халықты тағы бөлшектеп отыр» деп айыптаған.

Грузия президенті Михаил Саакашвили (оң жақта) мен премьер-министр Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Грузия президенті Михаил Саакашвили (оң жақта) мен премьер-министр Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Шекараға сым тарту оқиғасы Грузияның саяси элитасына да жік салды. Президент Михаил Саакашвили өзінің қарсыласы, премьер-министр Бидзина Иванишвилиді «Оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көрмеді. Мәскеуге жалтақ саясат жүргізіп отыр» деп айыптады.

Оңтүстік Осетия мен Абхазияны Грузия құрамына қайта кіргізуді мақсат тұтатын реинтеграция министрлігін басқаратын Паата Закареишвилидің айтуынша, «Ресейдің шекараны қоршау ісінде кері шегінетін түрі байқалмайды. Керісінше, грузиндер жағдайдың әрі қарай ушығуына дайын болуы керек».

- Жағдай жақсарады деп иллюзияға берілудің қажеті жоқ. Ресейден ешқандай оңды әрекет күтпеуіміз керек. Ондай қадамдары болып жатса, әрине жақсы. Бірақ азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін бәріне дайын болуымыз қажет, - дейді министр Закареишвили.

Соңғы ақпараттарға қарағанда, шекараға сым тарту енді Адзви ауылында басталған.

Гога Апциаури мен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG