Accessibility links

Саакашвили кеткенмен, саясатта партиясы қалады


Грузия президенті Михаил Саакашвили «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы конгресінде сөйлеп тұр, Тбилиси, 5 қазан 2013 жыл.

Грузия президенті Михаил Саакашвили «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы конгресінде сөйлеп тұр, Тбилиси, 5 қазан 2013 жыл.

Грузия президенті Михаил Саакашвили қарашаның 17-сі күні президенттік қызметінен кетеді. Сарапшылар болжауынша, ол құрған «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы оппозицияға өтеді.

Саакашвили құрған «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясын енді саяси сахнаға Батыста білім алған, 39 жастағы заңгер Заза Бибилашвили сияқты жаңа тұлғалар бастап шығатын сияқты.

«ПАРТИЯҒА ЖАҢА ТҰЛҒА КЕРЕК»

Мұндай болжамға Грузияның БҰҰ-дағы бұрынғы өкілі Бибилашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы конгресінде айтқан сөзі түрткі болды.

Қазанның 5-і күні Тбилисиде өткен партия жиынында ол «Сіздер - болашағы бұлыңғыр, артта қалған Грузияны түбегейлі өзгертіп, оны осы аймақтағы жаңа үлгідегі мемлекетке айналдырған тұлғасыздар. Мен - осыған дейін ешқашан ешкімге пара бермеген және ешқандай да ұйымдасқан қылмысқа қатысы болмаған осы елдің азаматының бірімін» деді.

«Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы атынан президент сайлауына түскен Давид Бакрадземен кездесуге келген сайлаушылар. Тбилиси, 2013 жылдың қазаны.

«Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы атынан президент сайлауына түскен Давид Бакрадземен кездесуге келген сайлаушылар. Тбилиси, 2013 жылдың қазаны.

Биліктен кетіп бара жатқан Саакашвилидің партиясы қиын кезеңді, күрес кезеңін бастан кешірейін деп тұр. Енді бұл партияға Бибилашвили сияқты жас әрі жігерлі тұлғалардың қажыр-қайраты қажет. Алайда Бибилашвили «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының мүшесі емес, жақтаушысы ғана. Бірақ қалай болғанда да бұл партияның болашағы енді Бибилашвили сияқты адамдарға тәуелді.

«Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы 2012 жылдың қазан айында өткен парламент сайлауында Бидзина Иванишвилидің «Грузия арманы» коалициясынан жеңілді. Өткен айдағы президент сайлауында да бұл партияның кандидаты сайлаушылардың басым дауысын ала алмады. «Грузия арманы» коалициясының кандидаты Георгий Маргвелашвилиге сайлаушылар «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы атынан түскен Давид Бакрадзеге қарағанда үш есе артық дауыс берген.

ПАРТИЯНЫҢ ҚАЗІРГІ БЕДЕЛІ ҚАНДАЙ?

Саакашвили партиясының жұрт алдындағы беделі де төмендеген. Грузияда 2003 жылы болған «Раушан гүлі революциясының» қаһарманы қызметінен абыроймен кете алмады. Саакашвили «Грузияның заңсыздық жайлаған қоғамына төзіммен қараймын» деп мәлімдегенімен, ел есінде автроритарлы басшы ретінде қалды.

Саакашвилиге қарсылық акциясы. Тбилиси, 27 қазан 2013 жыл.

Саакашвилиге қарсылық акциясы. Тбилиси, 27 қазан 2013 жыл.

Саакашвили мен «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясын жұрт көбінше түрмеде адам азаптау оқиғалары үшін айыптады. Дәл осы заңсыз әрекеттері бұл партияның биліктен кетуіне түрткі болды.

Осындай заңсыз әрекеттері әшкере болған партияға Грузия азаматтары сенімсіздікпен қарай бастаған. Азаттық тілшісімен сөйлескен Грузия тұрғыны:

- Енді бұл партияның өмір сүруі неғайбіл. Бірақ олар әзірге тарап кеткен жоқ. Әлбетте, мемлекетте оппозиция болғаны дұрыс. Бірақ ол оппозиция осы партия бола ма, басқа партия бола ма – білмеймін, - дейді.

ПАРТИЯНЫҢ ГРУЗИЯ ТАҒДЫРЫНА ӘСЕРІ

Саакашвили «Біртұтас ұлттық қозғалыстың» «Грузияда демократия орнатқан партия» деген жақсы атағын қайта қалпына келтіруге болады деп үміттенеді.
Қазанның 5-і күні өткен партия жиынында ол «Партияның саяси қызметін жалғастыруы - Грузияның еуропалық үлгіде дамып жатқандығының дәлелі» деді.

Саакашвили қарашаның 6-сы күні шетелдік дипломаттарды қабылдады. Сол жолы да осы пікірін қайталап «Бұл аймақта билік бірінші рет жанжалсыз ауысып отыр. Партияның 25 мың мүшесі тергеліп, көптеген саяси жетекшілері сотқа тартылып, кейбіреуі қамалса да партияның тарамай қалуы - бірінші рет болған «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының қолдаушылары. Тбилиси, 19 сәуір 2013 жыл.

«Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының қолдаушылары. Тбилиси, 19 сәуір 2013 жыл.

оқиға. Бұған дейінгі аяусыз бәсекеге қарамастан, іс жүзінде екі партия тұңғыш рет қатар өмір сүріп жатыр» деді.

«Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының болашағын болжауға әлі ертерек. Бірақ Грузиядағы көптеген саяси сарапшылар Саакашвили пікірімен келіседі.

Тбилисидегі Халықаралық қауіпсіздікті зерттеу орталығының директоры Ника Читадзе:

- «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы құрамында билікте де, оппозияда да болған және қателікке де ұрынған, жетістіктерге де жеткен тәжірбиелі саясаткерлер көп. Енді бұл партияның бұрынғы басшылары мен жас мүшелерінің қабілеттерін оппозицияда жүріп көрсетуге мүмкіндіктері бар. Партия өздерін Грузиядағы негізгі оппозициялық күш ретінде сипаттайды. Қазір Иванишвилидің жақтастарының да «Біртұтас ұлттық қозғалыстың» Грузияның саяси сахнасынан кетпейтініне көзі жетіп отыр, - дейді.

Читадзенің ойынша «Біртұтас ұлттық қозғалыс» сияқты бәсекелеспен үнемі күресіп отыру «Грузия арманы» коалициясы әрекеттерін де ширатады.

ГРУЗИЯДАҒЫ САЯСИ МӘДЕНИЕТ

СССР тараған соң Грузияда тұрақсыздық орнады. Пост-советтік лидерлер - Звиад Гамсахурдиа мен Эдуард Шеварднадзе құрған партиялар олардың өздері биліктен кеткен соң тарады.

«Грузия арманы» коалициясының жетекшісі, премьер-министр Бидзина Иванишвили мен «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының лидері, Грузия президенті Михаил Саакашвили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

«Грузия арманы» коалициясының жетекшісі, премьер-министр Бидзина Иванишвили мен «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының лидері, Грузия президенті Михаил Саакашвили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

Бұдан соң Грузияда саяси партиялар бірін-бірі саяси бәсекелес емес, дұшпан деп танитын «дәстүр» орнықты.

Тбилисидегі саяси сарапшы Хатуна Лагазидзе «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының былтырғы қысым мен тергеуге төзіп, тарамай қалғанына таңғалады.

- Мен «Біртұтас ұлттық қозғалыстың» келешегі бар деген болжамдармен келісем. Мұндай пікірді 2012 жылғы парламент сайлауынан соң айту қиын еді. Бірақ партия қысымға төтеп берді. Оған әсер еткен факторларды атайын: ең алдымен бұл партия – Грузиядағы жақсы ұйымдасқан және құрылымы жүйелі жасалған жалғыз партия. Одан бөлек, бүкіл Грузия аумағын қамтыған, бөлімшелерінің бір-бірімен байланысы берік партия да - осы, - дейді сарапшы.

Грузиядағы саяси партиялардың халықпен тығыз байланыс орнатып, қоғамға тамыр жая алмауына себеп болып отырған дүние - елдегі дәстүрлі қоғамдық мәдениет. Әлеуметтанушылар Грузия азаматының ұлттық деңгейдегі үлкен ұйыммен емес, сенімді шағын топтармен байланыс орнатуға бейім екенін айтады. Оның үстіне, бұл топтардың бір-бірімен байланысы да тығыз бола бермейді.

2008 жылы «Кавказ ресурстарын зерттеу» орталығының ақпаратына қарағанда, жалпы халықтық және азаматтық шараларға грузиялықтардың 5 пайызы ғана қатысады. Соңғы 10 жылда Саакашвили осы проблеманы шешу үшін Батыста білім алған Бибилашвили сияқты заңгерлерді жұмысқа шақырды.

«ПАРТИЯ ГРУЗИЯ ДЕМОКРАТИЯСЫ ҮШІН КЕРЕК»

Зураб Жапаридзе.

Зураб Жапаридзе.

«Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының танылып келе жатқан тағы бір белсендісі – 37 жастағы парламент депутаты Зураб Жапаридзе. Ол 2012 жылы партия қатарына өтіп, сол жылғы парламент сайлауы кезінде партия позициясын анықтауға үлкен үлес қосты.

Партияның бағытын анықтауға Саакашвили де еңбек сіңірді. Мәселен, «Біртұтас ұлттық қозғалыс» - 2007 жылдан бері «Еуропа халық партиясының» бақылаушы мүшесі. «Еуропа халық партиясы» - пікірлес партиялардан құралған арнайы топ. Ол - соңғы 20 жылдағы Еуропа парламентіндегі ең ірі саяси ұйымның бірі. Осындай және басқа да шаралардың арқасында «Біртұтас ұлттық қозғалыс» елді еуропалық бағытқа бұрған, Грузияны НАТО-ға мүше болуға ұмтылатын елге айналдырған саяси күш ретінде танылды.

Саакашвили «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясын 2001 жылы Шеварнадзе үкіметінен кеткеннен кейін құрған. Партия «Раушан гүлі революциясына» дейін екі жылдай оппозициялық партия ретінде жұмыс істеді. 2012 жылғы сайлауда жеңілгелі бері олар оппозицияда жүр.

Читадзенің айтуынша, «Біртұтас ұлттық қозғалысты» Грузиядағы басқа партиялардан даралап тұратын да осы саяси тәжірибесі.

- Саакашвилиді әлі де халықтың 25-30 пайызы қолдайды. Оның оппозициялық күрес тәжірбиесі де бар. Осы факторлардың бәрі бұл партияның қайта өрлеуіне көп пайдасын тигізеді, - дейді Читадзе.

Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвили сотқа жауап беріп тұр. Грузия, 12 қыркүйек 2013 жыл.

Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвили сотқа жауап беріп тұр. Грузия, 12 қыркүйек 2013 жыл.

Әзірше, Грузиядағы партиялардың бірін-бірі «дұшпан» деп танитын «дерті» жойылды деп айтуға ертерек. Мәселен «Біртұтас ұлттық қозғалыстың» бас хатшысы, Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвилиге әртүрлі айыптар тағылып, үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Билікке келген «Грузия арманы» коалициясының барлық мүшесі «Біртұтас ұлттық қозғалыс» таратылуы тиіс» дейді.

Бірақ Грузияның Республикалық партиясының мүшесі, парламент спикері Давид Усупашвили сәуір айында Азаттық тілшісімен сұхбатында көпшілікті таңғалдыратын пікір айтқан еді.

Ол «Мен әсіресе Еуропа мен АҚШ-та жүргенде «Біртұтас ұлттық қозғалыс» бұрынғы үкіметті басқарған құрылым ретінде Грузияның саяси сахнасында қалуы керек. Бұл - Грузия демократиясының алдында тұрған міндет» деп жиі айтам. Кейбір отандастарым менің осы пікірімді ұнатпайды. Олар «Партия мүшелерін түгел соттап, жауып тастау керек» дейді. Бірақ, мен позициямды тағы қайталаймын. Әрбір азаматты Грузияға ненің маңызды екенін түсінуге шақырамын» деген еді.

Ол «сонымен қатар, қылмысқа қатысы бар деген күдіктілерді тергеу керек екенін, егер кінәсі дәлелденсе, оларды жазалау қажеттігін» де айтты. Давид Усупашвили «Бірақ Грузияның жекелеген тұлғалардың қатесі үшін тұтас ұжымды жазалайтын (жабайы) кезеңді артта қалдыруы керектігін» де ескертеді.

Усупашвили «Біртұтас ұлттық қозғалыстың» қазіргі күрделі кезеңнен «аман шығуын» тілей отырып, «Біз оларды саяси күресте жеңеміз» деді.

Ека Кеванишвили мен Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG