Accessibility links

Эдуард Шеварднадзе қайтыс болды


Грузияның бұрынғы президенті Эдуард Шеварднадзе. Тбилиси, 18 қараша 2003 жыл.

Грузияның бұрынғы президенті Эдуард Шеварднадзе. Тбилиси, 18 қараша 2003 жыл.

Грузияның бұрынғы президенті Эдуард Шеварднадзе 86 жасында Тбилисиде көз жұмды.

Эдуард Шеварднадзенің 7 шілдеде қайтыс болғанын оның баспасөз қызметі хабарлады.

1928 жылы Грузияда туған Шеварднадзе медициналық техникумды бітіріп, комсомол жұмысына араласқан.

Ол 1965 жылы Грузин ССР қоғамдық қауіпсіздік министрі, кейін ішкі істер министрі, 1972 жылы Грузин ССР компартиясы орталық комитеті (ОК) төрағасы болды.

1985 жылы КПСС ОК саяси бюросына мүшелікке өтіп, СССР сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған Шеварднадзе Мәскеудің Совет Одағында демократиялық қозғалыстарды басып тастамауында маңызды роль атқарды. Бұл жылдары СССР мен АҚШ қарым-қатынасы оңалды, совет әскері Ауғанстаннан шықты, стратегиялық қаруды азайту туралы бірнеше келісім жасалды.

1990 жылы қызметінен кеткен Эдуард Шеварднадзе Борис Ельцинмен пікірі үйлеспесе де, 1991 жылы РСФСР Жоғары кеңесі ғимаратын қорғаушылардың қатарында болды.

Тәуелсіз Грузияның бірінші президенті Звиада Гамсахурдия биліктен кетірілген соң Грузияға оралған Эдуард Шеварднадзе мемлекеттік кеңес төрағасы, одан кейін парламент төрағасы болды.

Эдуард Шеварднадзе 1995 жылы Грузия президенті болып сайланып, 2000 жылы бұл міндетті екінші рет атқаруға кірісті. Бірақ 2003 жылғы революция кезінде оппозиция оны "парламент сайлауы нәтижесін бұрмалады" деп айыптады, ал депутаттар президенттің елде төтенше жағдай жариялау туралы ұсынысын қабылдамай, Шеварднадзе отставкаға кетті.

Архив видеосы: Шеварднадзенің биліктен кетуі

Шеварднадзе өзінен кейін билікке келген Михаил Саакашвилидің саясатын сынады. Ол елде соңғы өткен парламент сайлауында жеңіске жеткен "Грузия арманы" партиясын қолдады.

Эдуард Шеварднадзеге 1990 жылдары екі рет қастандық жасалып, соның біреуінде жараланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG