Accessibility links

Тбилисидегі вегандар кафесіне «шұжық шабуылы» жасалды


«Киви» кафесі алдында отырған жұрт.
«Киви» кафесі алдында отырған жұрт.

Тбилисидің орталығындағы «Киви» деп аталатын вегандар кафесіне оншақты адам басып кіріп, аспаздар мен қонақтардың тағамдарына шұжық салып, төбелес шығарған. Төбелес кесірінен көрсетіліп жатқан ағылшынша фильм тоқтатылған.

Куәгерлердің айтуынша, бұзақылар – әсіреоңшыл ұлтшылдар. Көшеде жалғасқан төбелеске тек «ет жегіштер» мен вегандар ғана емес, осы маңайда тұратын көршілер де қатысқан. Арасында жеңіл жарақат алғандары да бар. Шабуылдаушылар полиция жеткенше ізін суытқан, тәртіп сақшылары жауап алу үшін кафенің бірнеше қызметкерін қамаған.

Бұл оқиғаны Батыс қоғамындағы вегандар мен оларды жақтырмайтын қарсылас топтың арасындағы кикілжіңнің жалғасы деп қоя салуға да болар еді. Бірақ Грузиядағы соңғы оқиғаларды еске түсірсек және кафедегі төбелестің тек ет жеу тақырыбымен шектелмегенін ескерсек, мәселенің мәнісі тым тереңде сияқты.

«Киви» кафесі 30 мамырда Facebook-тегі парақшасында жариялаған мәлімдемесінде оқиғаны «вегандарға қарсы арандатушы әрекет» деп, ал бұзақыларды «фашистік идеяларды жақтайтын неонацистер» деп атаған. Мәлімдемедегі ақпаратқа қарағанда, осы адамдар бұл маңайға бір айдан бері келіп, жақын жердегі дүкен сатушысынан «Мұнда ЛГБТ қауымдастығының мүшелері жиі келе ме?» деп сұрап кеткен.

Тбилисиде бір жылдай бұрын ашылған «Киви» кафесі – контрмәдениет (жергілікті мәдениетке жат) стиліндегі қоғамдық орын. Мұнда әсіресе шетелдіктер көп келеді әрі қызметшілерінің біразы – ағылшын тілінде сөйлейтін шетел азаматтары.

29 мамырда төбелес болған сәтте кафеде «Рик пен Морти» атты америкалық ересектерге арналған ғылыми-фантастикалық мультфильм ағылшын тілінде көрсетіліп жатқан.

Кафеде болған куәгерлердің айтуынша, фильм жүріп жатқанда мойындарына шұжық іліп, істік темірге қадалған ет ұстаған адамдар баса-көктеп кіріп келген.

«Киви» кафесінің мәлімдемесінде: «Олар қуырылған еттерін, шұжықтары мен балықтарын шығарып, жей бастады, тағамдарын бізге де лақтырды, содан соң темекі шеге бастады... Бізді кемсітіп, достарымызды арандатуға тырысты» делінген.

Кафе ішінде шылым шегуге тыйым салынғандықтан, әкімшілік олардан сыртқа шығуды талап еткен, төбелес содан басталған.

«ГРУЗИНДЕР ГРУЗИЯ ҮШІН»

Кафедегі қақтығыстан үш күн бұрын, Совет одағынан тәуесіздік алған мереке – 26 мамыр күні грузиндердің ұлтшыл экстремистік топтары Тбилиси көшелерінде шеру ұйымдастырып, «Грузиндер Грузия үшін!» деп ұрандатқан.

Бұл сөз ел тарихындағы ең ауыр күндердің символындай болған «Грузия грузиндер үшін!» деген ұранды елдің есіне қайта салды. Грузия Совет Одағынан тәуелсіздік алып жатқан кезде осы сөз жиі айтылатын.
Жұртшылық «грузин мемлекеті мен ұлтын қорғаймын» деп ұрандатқан Грузияның алғашқы президенті Звиад Гамсахурдианың ұлтшыл саясатын еске түсірді. Этностық азшылық қоныстанған, өздері Ресейдің қолдауына сүйенетін Оңтүстік Осетия мен Абхазия аймақтары осы ұранның кесірінен Тбилисиден іргесін аулақ салып, тәуелсіздігін жариялаған.
Жаңа тәуелсіздік алған Кавказ мемлекетінде 1990 жылдардың басында қарулы этностық қақтығыс бұрқ еткенде осы сөздің кесірінен ел ішінде ауыр ахуал қалыптасқан еді. 2005 жылы елдің сол кездегі президенті Михаил Саакашвили «Грузия тек грузиндер үшін» деген – жаушыл әрі националистік ұран болды» деген.

2013 жылы гейлерге қарсы өшпенділік сипаттағы мәлімдемелер жиілеп, Тбилисидегі Батырлар алаңында нацистік свастика, нәсілшіл сөздермен қоса осы ұран жазылған граффити пайда болған соң гейлердің белсенділері грузин астанасында парад өткізу жоспарларынан бас тартқан.

30 мамырда «Киви» кафесі «ұлтына, нәсіліне, түр-келбетіне, жынысына, сексуалдық бағытына, діни наным-сеніміне қарамастан кез келген қонақты қарсы алуға дайын» екендіктерін хабарлады.

Вегандар кафесіндегі оқиға жат мәдениет өкілдеріне наразы топтың бұзақылық әрекеті ғана дегенге сенбейтіндер бар.

Тбилисидің кей тұрғындары «Киви» кафесіндегі жұдырықтасу мен одан үш күн бұрын болған ұлтшылдар шеруі – грузин әсіреұлтшылдарының ұйымдасқан саяси әрекетке көшкенінің нышаны» деп секем алады.

Рон Синовицтің материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG