Accessibility links

Грузияда президент пен премьер дауы үдеді


Кейбір сарапшылар Грузия премьері Ираклий Гарибашвили (сол жақта) мен президент Георгий Маргвелашвили (ортада) арасындағы кикілжіңге миллиардер Бидзина Иванишвилидің (оң жақта) қатысы бар деп болжайды.

Кейбір сарапшылар Грузия премьері Ираклий Гарибашвили (сол жақта) мен президент Георгий Маргвелашвили (ортада) арасындағы кикілжіңге миллиардер Бидзина Иванишвилидің (оң жақта) қатысы бар деп болжайды.

Грузиядағы демократия институттарының болашағына президент пен үкімет арасындағы бақастықтың зияны тиюі мүмкін. Сарапшылар болжауынша, екеуінің ортасына миллиардер Иванишвили ши жүгіртіп отыр.

Осы аптада Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясында 15 минут сөз сөйлейді. Ал Грузия президенті Георгий Маргвелашвилидің айтуынша, БҰҰ мінберінен премьер емес, президент сөйлеуі тиіс болған.

Маргвелашвили мұны 11 қыркүйек күні баспасөз мәслихатында хабарлады. Оның айтуынша, БҰҰ-да Грузия атынан сөйлемек болған оның жолын үкіметтің «ұйымдастыру әрекеттері» кескен. Ел президентінің мұндай мәлімдеме жасауының өзі біраз жұртты таңғалдырды.

Конституцияны зерттеуші ғалым Вахтанг Дзабирадзе «Бұл ыңғайсыз жағдай туғызып отыр, мұның соңы екі билік институтының ел алдындағы беделін төмендетеді. Дегенмен бұрын осындай жағдай Францияда да болған. Кезінде бұл елдің президенті мен премьер-министрі G-7 саммитіне қатар ұшып келген. Яғни, мұндай жағдай біздің елде ғана бірінші рет болып тұрған жоқ. Бірақ бұған әлем жұртшылығы күледі» дейді.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Шетелдіктер әжуасы өз алдына, бұл оқиға Грузияның ішкі саясатындағы кемшіліктерден - билік институттарының әлсіздігі мен ел басқарудың заң шеңберінен тыс жүріп жатқанынан хабар береді.

Тамыз айында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне қарағанда, халықтың 50 пайызы бір жылдан бері «ешқандай лауазымды қызмет атқармаса да, бұрынғы премьер-министр Бидзина Иванишвили ел басқару ісінде шешуші рөл атқарып отыр» деп санайды. Сауалнамаға жауап берген азаматтардың 17 пайызы ғана «оның билікке ешқандай ықпалы жоқ» деген.

Бидзина Иванишвили премьер-министр қызметін атқарған тұста оның кеңесшісі болған Гиа Хухашвили.

Бидзина Иванишвили премьер-министр қызметін атқарған тұста оның кеңесшісі болған Гиа Хухашвили.

Бидзина Иванишвили үкімет басқарған кезде оның кеңесшісі болған Гиа Хухашвилидің айтуынша, бұл оқиғаға ішкі саясаттың қатысы жоқ.

– Шындығында, сыртқы саясаттың мазмұн-бағыты сияқты фундаменталдық мәселелер бойынша президент пен премьер арасында көзқарас қайшылығы жоқ. Дау «Кім қайда баруы керек?» «Ел билігі кімнің қолында?» деген сұрақтар төңірегінде өрбіп жатыр, – дейді ол.

ИВАНИШВИЛИ МЕН МАРГВЕЛАШВИЛИ «ОДАҒЫ»

Миллиардер бизнесмен және филантроп Бидзина Иванишвили 2012 жылғы парламент сайлауы кезінде елдің саясат сахнасына «құтқарушы» ретінде шықты. Ол сайлауға «Грузия арманы» оппозициялық қозғалысын жұмылдырып, жеңіске жетті. Уәдесі бойынша ол бір жыл премьер-министр қызметін атқарып, 2013 жылы қараша айында бұл қызметті саяси серігі Гарибашвилиге өткізіп берді.

Сол тұста телеарнаға сұхбат берген Бидзина Иванишвили «Гарибашвили өзім сияқты, бір айтқаныңды қайталап айтқызбайды» деген болатын.

Гарибашвили өзім сияқты, бір айтқаныңды қайталап айтқызбайды.

2013 жылғы президент сайлауында Георгий Маргвелашвилиді «Грузия арманы» коалициясының ортақ кандидаты етіп ұсынған да осы Иванишвили болатын. 2013 мамырда өткен баспасөз мәслихатында ол бұрын білім министрі болған, Грузия қоғамдық қатынастар институтының ректоры Маргвелашвилидің кандидатурасын ашық қолдаған еді. Мұнысын жұрттың көбі құптаған болатын.

Сол кезде Иванишвили «Ол - креативті адам, әсіресе дағдарыс жағдайында оған теңдес маман жоқ. Оның менеджментте, саясатта тәжірибесі бар. Оның үстіне ол – мықты сарапшы. Маргвелашвили – топпен жұмыс істей алатын адам» деген.

Азаттық радиосына 2011 жылы қазан айында сұхбат берген Маргвелашвили де Иванишвилиді мақтаған. Ол «Мамандығым – философ, бірақ философия туралы ешкіммен сөйлеспегелі көп болыпты. Иванишвили саясатқа жаңа серпінмен келді, оның қаржысы да жеткілікті. Екеуміз Джон Локк, Томас Гоббс, Зигмунд Фрейд туралы сөйлестік... Басқа мәселелерді де сөз еттік, дегенмен мен үшін оның философия, адамзаттың жаратылысы туралы ойлары өте қызықты болды» деген еді.

ИВАНИШВИЛИДІҢ КӨҢІЛІ ҚАЛДЫ

Бірақ содан бері көп нәрсе өзгерген сыңайлы. Иванишвили наурыз айында берген бір сұхбатында президенттің кей әрекеттеріне «таңғалғанын» әрі одан «көңілі қалғанын» айтқан.

Грузия президенті Георгий Маргвелашвили (ортада) армия жауынгерлерімен кездесіп тұр. Тбилиси маңы, 6 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Грузия президенті Георгий Маргвелашвили (ортада) армия жауынгерлерімен кездесіп тұр. Тбилиси маңы, 6 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның сөзіне қарағанда, «президент болып сайлана салысымен Маргвелашвили мүлде басқа қырынан көрінген». Иванишвили жаңа президенттің бұрынғы басшы Михаил Саакашвили тұрғызған зәулім сарайға орналасып, әлі күнге сонда отырғанын сынайды.

Есесіне ол «Гарибашвили менен де жақсы премьер болды» деп, премьер-министрдің атына көп мақтау айтқан.

Сол сұхбаттан кейін Transparency International ұйымының Грузиядағы өкілдігі «президент Маргвелашвили мен үкімет өкілдері арасындағы пікір қайшылығы бұрынғыдан да анық байқалып келеді» деп жазды. Ұйымның айтуынша, үкіметтің лауазымды адамдары президентті «белсенді түрде әшкерелеп, тіпті президенттік институтты кемсітуге дейін барған».

ДЕМОКРАТИЯҒА ҚАУІП ТӨНДІ

Грузияда демократиялану кезеңі жүріп жатқан тұста билік тармақтары арасында мұндай кикілжіңнің болуы демократия институттарын нығайту процесіне нұқсан келтіріп, мемлекет жеке адамдар билеген кезеңге қайта орала ма деген қауіп күшейген.

Саакашвилидің тұсында билік атқарушы үкімет қолына шоғырланған еді. Иванишвилидің «Грузия арманы» қозғалысы осы олқылықтың орнын толтырамыз деген ұранмен билікке келді. Сарапшылардың айтуынша, Иванишвилидің тасадан билік жүргізу әрекеті конституциядан тыс ықпал тетіктерінің қалыптасу қаупін күшейтеді.

Сарапшы Хухашвили де осы пікірмен келіседі.

– Биліктегілердің ешқайсысы да негізгі фигура емес. Бұл елде негізгі фиргура – Грузия халқы. Билікте отырған адамдарды өзіне қызмет етсін деп халық сайлаған. Яғни жеке тұлғалар арасында емес, билік институттары арасында бірін-бірі құрметтейтін қарым-қатынас қалыптасуы керек, – дейді ол.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG