Accessibility links

Экс-премьер теледидар көруді армандайды


Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвили тергеуде отыр. Тбилиси, 7 желтоқсан 2012 жыл.
Грузияның бұрынғы премьер-министрі Вано Мерабишвили тергеуде отыр. Тбилиси, 7 желтоқсан 2012 жыл.

Грузияның бұрынғы премьер-министрі, «қызметтік лауазымын асыра пайдаланғаны үшін» сот үкімін күтіп түрмеде жатқан Вано Мерабишвили бірнеше талап қойып, қысқа мерзімге аштық жариялады.

Оның түрме басшылығына қойған талабының бірі – камерасына теледидар орнату. Бір қарағанда тосын ұсыныс көрінгенімен, «теледидар көру – адамның негізгі құқығы» деген мәселе бірінші рет айтылып тұрған жоқ.

КЕЙІПКЕРДЕН КӨРЕРМЕНГЕ АЙНАЛУ

Вано Мерабишвили Грузияның ең бір өктем саяси қайраткері болып тұрған кезінде кейде телеарнадағы ток-шоуға қатысып, жұмсақ, әзілқой мінезін де көрсетіп қоятын. Ол Әзілкеш Вано Джавахишвилидің «Ваноның шоуы» деп аталатын түнгі ток-шоуында да төбе көрсетіп тұратын. Мерабишвили премьер-министрліктен кетіп, орнына Бидзина Иванишвили келген соң жаңағы хабардың біріне келіп қатысқанда оның үкіметін «тыңшылықпен айналысып, телефон әңгімелерін тыңдады» деген айыптауға қатысты әзіл айтылды. Оған Мерабишвили де әзілдеп жауап қайтарды.

Мерабишвили: Жаңа үкімет телефонмен айтқан әңгімелерді тыңдауға сұмдық қарсы ғой. Сондықтан көңілдерің қалағанша сөйлесе беріңдер. Бұрын айтқан әңгімелеріңді жалғастыра беріңдер.

Вано: Енді алаңсыз сөйлесе берсем болады ғой? (Көрермендер күледі). Бұрынғы айтқан әңгімелерімді жалғастыра берейін бе?

Мерабишвили: Қап-әй, бұрынғы айтқандарыңды өшіріп тастап едік.

Мерабишвили қатысқан бұл хабардың танымал болғаны соншалық, оның өзі кейін «Ваноның шоуын» жүргізуге шақырылды.

ВИДЕО: Мерабишвили «Ваноның шоуында» (грузин тіліндегі хабар)


Мерабишвилидің бұрынғы арманы теледидардан көріну болса, қазір түрмеде отырып теледидар көруді армандайды.

Президент Михаил Саакашвилиге жақын жүрген, кейін «қызметтік жағдайын асыра пайдаланды» деп айыпталған Мерабишвили «камерама теледидар орнатыңдар» деп екі күн аштық жариялады. Бұрын ішкі істер министрі және Саакашвилидің «Біріккен ұлттық қозғалысының» бас хатшысы болған Мерабишвили түрме басшылары маусымның 19-ы «жақын арада теледидар береміз» деп уәде еткен соң ғана тамақтана бастады.

ТҰТҚЫННЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰҚЫҒЫ

Грузиядағы жазаның орындалуын қадалағау министрі Созар Субари Тбилисидегі Матросов түрмесінде жатқан Мерабишвилидің камерасына теледидар
Созар Субари. Тбилиси, 31 қазан 2012 жыл.
Созар Субари. Тбилиси, 31 қазан 2012 жыл.
құрылғысын орнату мәселесін шешу керек екенін айтты.

– Оның ақпарат алуға мүмкіндігі бар. «Бүгін не ертең бөлмесіне теледидар орнатылсын» деп түрме бастығына айтқанмын. Қашан, қайда орнатылатынын солар шешеді, – деді министр.

Мерабишвили құқық қорғау органдарына тағы басқа талаптар қойып, «жеке банк шотымды отбасым қолданатын болсын» деп өтінген.

Еуропа парламентінің мүшесі Криштоф Лисек маусым айының басында Мерабишвилидің жағдайын білген соң «теледидарсыз бөлмеде жатқан бұрынғы премьер жаңалықтан хабарсыз» деп сынаған еді. Түрме шенеуніктері сол кезде Мерабишвилидің газет оқуға мүмкіндігі бар екенін, бірақ саяси хабарлар мен латын сериалдарын, «Сопрано әулеті» сияқты Батыс фильмдерін көру үшін теледидарға ие болуға құқығы жоқ «қарапайым тұтқын» екенін ескерткен. Ал
Тея Сулукани. Тбилиси, 10 қаңтар 2013 жыл.
Тея Сулукани. Тбилиси, 10 қаңтар 2013 жыл.
Грузияның әділет министрі Тея Цулукиани «Мерабишвили қамауда тәртіпті болса, «ынталандыру» ретінде теледидар беруіміз мүмкін» деген еді.

БҰҰ тұтқындардың «минималды стандарт» (кітап, газет-журналдар оқу, сымсыз байланыс арқылы «маңызды» жаңалықтарды алу) ережесі бойынша ақпарат алу құқығы бар екенін ескертеді. 1955 жылы шыққан нұсқаулықта теледидар туралы ештеңе айтылмайды. Бірақ құқық қорғау жөніндегі еуропалық соттың бір шешімінде теледидар көру – қарапайым адам құқығы екені дәлелденді. 2011 жылы Страсбург соты «спутниктік антенналар иммигранттар мен диаспораларға қажет, олар өз діндерін ұстау үшін туған еліндегі бағдарламаларды көруге хақылы» деп шешті.

Түрмедегі жағдайын жақсартуды өтініп, көңіл аулайтын электронды дүниелерді алу үшін аштық жариялаған немесе басқа да шараларды қолданған Мерабишвили ғана емес.
77 адамды өлтірген Андерс Брейвик өзіне суық кофе беретінін, теріні ылғалдандыратын крем бермейтінін, «жағдайы өте нашар» екенін айтып шағымданған.

Австралияда көп адам өлтіріп сотталған азамат 2011 жылы тоғыз күн бойы Sony Playstation консолін сұрап ала алмады.

2012 жылы Норвегиядағы Утойяда 77 адамды өлтірген Андерс Брейвик аштық жариялауды тоқтатып, түрме басшылығына 27 беттен тұратын шағым хат жазып, өзіне суық кофе беретінін, теріні ылғалдандыратын крем бермейтінін айтып, «өте нашар жағдайда жатырмын» деп мәлімдеді.

Сотталғандардың құқығын қорғауға қатысты таң қаларлық оқиғалар да кездеседі. Германияның оңтүстік өңірі Баварияда түрмедегі тұтқындар сыра ішу құқығына ие болды. Ал 2007 жылы адам құқығын қорғау жөніндегі Еуропа соты «отбасылық өмір – негізгі адам құқығы» деп шағымданған, кісі өлтіргені үшін сотталған тұтқынға жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүюге рұқсат берді.

«ТҮРМЕДЕГІ АЗАПТЫ КӨРІП ЖАТСЫН»

Вано Мерабишвили де Страсбург сотына шағымдана алады – теледидарды айтпаған күнде түрмедегі жағдайы өзгеруі мүмкін. Саакашвилидің мамырдың 21-і күні қамауға алынған жақтасы «өз партиясын қолдаушылар үшін жалған жұмыс орнын құрған және 2011 жылғы қарсылық шеруі кезінде шерушілерге күш
Грузия премьері Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 14 мамыр 2013 жыл.
Грузия премьері Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 14 мамыр 2013 жыл.
қолданған» деп айыпталды. Егер айыпты деп танылса, бұрынғы премьер 12 жылға сотталады. Мерабишвили мен оның жақтастары «Грузияның қазіргі премьері Бидзина Иванишвили дәурені өткен президент Саакашвилидің одақтастарын жазалау үшін өш алып жатыр» деп санайды.

АҚШ пен Еуропа одағы Иванишвили әкімшілігінен «саяси қарсыластарын шетінен соттауды тоқтатуға» шақырды.

Мерабишвилидің теледидар туралы өтініші Грузияның ішкі істер министрлігі «Ваноның шоуында» айтылған тыңшылықпен түсірілген таспаларды жойғалы жатқан уақытта әділетсіз саяси қудалау туралы айыпқа әсер ете ме, жоқ па – ол жағы белгісіз.

Теледидар туралы өтініш лауазымды тұлғалар Грузия түрмелеріндегі зорлық-зомбылық анық бейнеленген видеоларды телеарналардан ашық көрсетуді талқылаумен тұспа-тұс келді. Кейбір бақылаушылар табалайтындарын жасырмай, «Мерабишвили алдағы 12 жылын түрмеде өткізетін болса, сол видеоларды дауласып жүріп алған теледидарынан тамашалай қойсын» дейді.

Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG