Accessibility links

«Грузия Ресейге қатысты саясатын өзгертеді» дейді сарапшылар


«Грузия арманы» коалициясының жетекшісі Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

«Грузия арманы» коалициясының жетекшісі Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

Сарапшылар Грузияның Ресей мен Батысқа қатысты сыртқы саясатының түбегейлі өзгеретіні туралы болжамдар айтады.

Ресей үкіметінің Грузияның қауіпсіздік органдары мен қорғаныс, ішкі және сыртқы істер сияқты «маңызды министрліктерін» уысында ұстаған заманы да болған. Михаил Саакашвили 2003 жылы Грузияға Ресейдің ықпалын жойған кезде Мәскеу мен Тбилисидің арасы нашарлап кетті.

Грузиядағы парламент сайлауында жеңіске жеткен «Грузия арманы» коалициясының жетекшісі, премьер-министрлікке үміткер Бидзина Иванишвили «Ресеймен байланысты жақсартуға тырысамын және Саакашвилидің Батысқа бейімделген саясатын да жалғастыра беремін» деп мәлімдеді.

Ол осы екі бағыттың ортасынан жол таба ала ма? Жаңа үкімет бұл үддеден шыға ма?

«СААКАШВИЛИ ТҰРҒАНДА ГРУЗИЯМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТПАЙМЫЗ»

Грузия президенті Михаил Саакашвилидің айтуынша, «Ресей президенті Владимир Путинмен арадағы қатынастың үзілуі екі президенттің 2004 жылдың ақпанында болған бетпе-бет кездесуінен соң басталған».
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Грузия президенті Михаил Саакашвили. Ресей, 21 ақпан 2008 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Грузия президенті Михаил Саакашвили. Ресей, 21 ақпан 2008 жыл.


Путин Мәскеудің көрші елдермен ұстанатын ежелгі саясаты бойынша, Саакашвилиге Грузияның бұрынғы президенті Эдуард Шеварнадзенің тұсында қауіпсіздік министрі болған Валерий Хабурзанияны «өсіру» жайлы нұсқау берген.

Саакашвили керісінше Хабурзанияның қызметін төмендетіп, көп уақыт өтпей оны қызметтен мүлде босатқан. Саакашвили «Путин бұған қатты ызаланып, артынша Ресей мен Грузия қарым-қатынасы күрт нашарлады» дейді.

Ресей үкіметі 2008 жылғы тамыз соғысынан соң «Саакашвили билікте отырғанда Грузиямен ешқандай да байланыс орнатпаймыз» деп мәлімдеді.

ИВАНИШВИЛИДІҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

Грузиядағы парламент сайлауында жеңіске жеткен миллиардер Бидзина Иванишвилидің «Грузия арманы» коалициясы Грузияның Еуропа Одағына жақындасу бағытындағы саясатын тоқтатпай, Мәскеумен арадағы кикілжіңді де шешуге, АҚШ-пен қарым-қатынасты да нығайтуға, келешекте НАТО құрамына кіруге уәде берді.

1990 жылдары Ресейде кәсіпкерлікпен айналысып, күні кешеге дейін Ресей азаматы болып келген Иванишвили үшін Ресейдің де, Батыстың да көңілін табу ең қиын міндет болғалы тұр.
Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) "Грузия арманы" коалициясының жетекшісі Бидзина Иванишвилиді парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтап тұр. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) "Грузия арманы" коалициясының жетекшісі Бидзина Иванишвилиді парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтап тұр. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.


Иванишвилидің қазанның 8-і күні Грузияның жаңа үкіметінің құрамын жариялаған кезде осы қиын міндетті атқаруға бел буғаны айқын болды. Сарапшылар оның сыртқы саясатқа байланысты таңдаған командасына қарап, «Иванишвили Ресеймен арадағы қатынасты жақсартуды жоспарлап жатыр» деп болжайды.

Ол Ресеймен арадағы экономикалық байланыстарды жақсартып, Тбилисидің Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қатысты саясатын басқа бағытқа бұрмақ. «Грузия арманы» партиясына кеңесші болған, Нью-Йорктегі Колумбия университетінің профессоры Линкольн Митчелл «сыртқы саясаттағы жаңа қадам Грузияның жаңа жетекшісінің прагматик екенін көрсеткенін» айтты.

«Стиль мүлде бөлек. Бұл халыққа үңіліп қарасаң, олар тек қана қанжар асынып жүретін адамдар емес. Бұлар - сабыр сақтап, ақылға жеңдіретін халық. Осының өзі маған зор ерекшелік болып көрінеді» дейді профессор.

АЛАСАНИЯ МЕН ПАНДЖИНИКИДЗЕ

Сыртқы саясатқа жауапты тұлғалардың арасында бұрын БҰҰ-да елші болған және Еуропа Одағына қосылу идеясын табанды түрде жақтап келе жатқан, батысшыл «Біздің Грузия - еркін демократтар» (БГЕД) партиясының жетекшісі, бұған дейін Грузияның қорғаныс министрі қызметін атқарған Ираклий Аласания да бар.

Иванишвилидің сенімді өкілі, Грузияның Германиядағы елшісі қызметін атқарған Майя Панджикидзе сыртқы істер минстрлігіне ұсынылды.

Иванишвилидің ең оңай орындалатын уәдесі - Грузияның шарап пен минералды сулар сияқты негізгі экспорт тауарларына байкот жариялаған Ресеймен арадағы экономикалық байланысты қалпына келтіру болса керек.
Иванишвили қорғаныс министрі қызметіне ұсынған Ираклий Аласания. Тбилиси, 8 қазан 2012 жыл.

Иванишвили қорғаныс министрі қызметіне ұсынған Ираклий Аласания. Тбилиси, 8 қазан 2012 жыл.


«Осы жылдың басында Мәскеу Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылды. Осы ретте Кремль Тбилисиге оң қабақ танытып, екі ел арасындағы бөгеттерді алып тастауы да мүмкін» дейді Карнеги орталығының Кавказ бойынша сарапшысы Томас де Вааль.

Бірақ Грузияның Оңтүстік Осетия мен Абхазия сияқты бөлініп қалған аймағының мәртебесін анықтау Мәскеу мен Тбилиси арасындағы күрделі проблема болып қала беретін түрі бар.

2008 жылғы соғыстан соң, Мәскеу Оңтүстік Осетия мен Абхазияны тәуелсіз ел ретінде таныған. Грузия ол аймақты «Ресей басып алды» деп санайды.

Панджикидзе осы мәселеге бірден көңіл аударып, қазанның 8-і күні «бұл жанжал әлі де қауіпті, әрі ол жайында пікір білдіру қиын» екенін айтты.

Майя Панджикидзе «Ресейдің Сухумидегі (Абхазияның орталығы) және Цхинвалидегі (Оңтүстік Осетия орталығы) екі елшілік ұстап отырғанын есепке алсақ, дипломатиялық қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру өте қиын. Қалай болғанда да осы проблеманы шешу үшін біз тер төгуге мәжбүрміз. Ресей Грузия территориясының 20 пайызын басып алып отырғандықтан жағдайды бір-екі күннің ішінде реттеу мүмкін емес. Екі елдің нақты қандай қадамдарға баратыны жайлы бірдеңе айтуға әлі ерте» деді.
Сыртқы істер министрі қызметіне ұсынылған Майя Панджикидзе. Тбилиси, 8 қазан 2012 жыл.

Сыртқы істер министрі қызметіне ұсынылған Майя Панджикидзе. Тбилиси, 8 қазан 2012 жыл.


«Беймәлім демократия: Грузиядағы «раушан» төңкерісі және АҚШ-тың сыртқы саясаты» кітабының авторы Митчеллдің ойынша, «Реттеуге келмейтіндей көрінетін бұл проблеманы шешуге әлі де мүмкіндіктер бар».

- Саакашвилидің тұсында мәселе тек Мәскеу мен Тбилиси арасындағы қырғиқабақ соғыс жағдайында шешілді. Саакашвили Оңтүстік Осетия мен Абхазияда ешқандай халық жоқ сияқты әрекет етті. Осының кесірінен оның Грузияны басқарған сегіз жылында бұл аймақтар Тбилисиден бұрын-соңды болмаған дәрежеде алшақтап кетті, - дейді Митчелл.

Ол Грузияның жаңа үкіметі үшін бұл саясатты дұрыс арнаға бұрыуына әлі де мүмкіндіктер бар екенін айта келіп:

- Грузия Оңтүстік Осетия және Абхазиямен тәуелсіз ел сияқты қатынас жасамауы керек, қайта ондағы халықты жақын тартып, өркениетті байланысқа бейімдеуі тиіс, - дейді.

Сарапшылар «Иванишвилидің жаңа командасы бұл мәселені түбегейлі шешуі де мүмкін» деген болжам айтады.
Грузия гүлденген әрі демократиялық елге айналу арқылы Оңтүстік Осетия мен Абхазияны тығыз байланыс орнатуға қызықтыруы керек.

Қорғаныс министрі қызметіне ұсынылған Ираклий Аласания Оңтүстік Осетия мен Абхазияға қатысты саясатты өзгерту жайлы бірнеше жылдан бері айтып келеді. Оның әкесі, КГБ-ның генерал-майоры болған Мамия Аласания Абхазияның астанасы Сухумиде 1993 жылы сепаратистердің қолынан қаза тапқан. Аласания ол кезде 19 жаста еді.
Соған қарамастан ол ұзақ уақыт Тбилисиден бөлініп кеткен аймақтармен байланысты нығайтуға тер төкті. Ол «Грузия гүлденген әрі демократиялық елге айналу арқылы ол аймақтарды тығыз байланыс орнатуға қызықтыруы керек» деген идея ұсынып келеді.

Ираклий Аласания кезінде Абхазиямен арадағы келіссөздерде Саакашвилидің елшісі болып та қызмет атқарды. Оның үстіне Аласания - Абхазия сепаратистері кездесіп, сөйлесе алатын Грузиядағы жалғыз саясаткер.

Батысшыл бағытты берік ұстанатын Аласанияның қорғаныс министрі қызметіне ұсынылуы да Грузияның болашақта НАТО-ға мүшелікке кіру үшін белсенді әрекет ететінін көрсетеді. Ол «бұл мәселені Мәскеудің ашуын туғызбай-ақ жүзеге асыруға болады» дейді. Аласания Азаттық тілшісіне 2009 жылы сұхбат бергенде «Саакашвилидің жиі қайталайтын жағымсыз риторикасы Ресеймен қатынастың шиеленісе түсуіне ықпал етті» деген.

ТАҒЫ БІР ПРАГМАТИК - ЗАКАРЕЙШВИЛИ

Иванишвили жаңа үкімет құрамындағы реинтеграцияға жауапты мемлекеттік министр қызметіне тағы бір прагматик тұлғаны ұсынды.

Грузияның республикалық партиясының жетекшісі Паат Закарейшвили. Тбилиси, 22 қыркүйек 2011 жыл.

Грузияның республикалық партиясының жетекшісі Паат Закарейшвили. Тбилиси, 22 қыркүйек 2011 жыл.

Ол - Грузияның республикалық партиясының жетекшісі Паат Закарейшвили - бөлініп қалған аймақтармен қарым-қатынас орнатуға міндетті болмақ.

Карнеги университетінің сарапшысы Де Вааль «Закарейшвилидің кандидатурасы - Грузияның сыртқы саясаты өзгеретінінің белгісі» деп біледі.

Де Вааль «Закарейшвили - өте терең ойлайтын адам. Ол - Грузияның Абхазия мен Оңтүстік Осетия арасындағы келіссөздеріне ең көп араласқан тұлға. Ол майдан шебіне дейін барып, тұтқындарды айырбастау және Абхазиядан қаза болғандардың денесін алып шығу мәселелеріне де араласқан. Қарсы тараптар оны құрметтейді» дейді.

Де Вааль «Саакашвилидің бұл аймақ, әсіресе Абхазия мәселесіне араласудан бас тартуы осы аймақтың Мәскеуге тәуелді болып, Кремльдің кепілдігіне арқа сүйеуіне жағдай жасады. Бұл жағдай енді өзгеруі мүмкін. Абхазия және Оңтүстік Осетиямен байланысты нығайтқысы келетін грузиндер Ресей үшін үлкен проблемаға айналмақ. Алдыңғы үкімет бұл мәселені Ресей-Грузия қақтығысы ретінде көрсеткен еді» дейді.
Саакашвилидің саясаты... үнемі мәселені асқындырып жіберетін. Ал Грузияның сыртқы саясатын жүргізгелі жатқан Аласания мен Панджикидзе - сыртқы саясаттың профессионалдары.

Ал Митчелл «Иванишвилидің жаңа командасының Ресеймен арадағы соғыс қаупін азайтуы Грузияның мүддесі үшін әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін» екенін айтты.

- Саакашвилидің Мәскеуге қатысты ұстанған саясаты мәселені тығырыққа тіреді. Ол саясат үнемі мәселені асқындырып жіберетін. Ал Грузияның сыртқы саясатын жүргізгелі жатқан Аласания мен Панджикидзе - сыртқы саясаттың профессионалдары. Егер сіз Мәскеуде болсаңыз, соғыс қаупінің әлдеқайда аз екенін түсінер едіңіз. Мәскеу соғыстың болу қаупінен пайда көреді. Ресейдің ішкі саясаты үшін бұл өте пайдалы болды. Сондықтан мәселе қазіргідей ушығып кетті, - деді профессор Митчелл.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG