Accessibility links

Сарапшылар сайлаудың нәтижесіне алаңдайды


Грузия президенттігіне кандидаттардың суреттері жапсырылған қабырғаның жанында қайыр сұрап тұрған адам. Тбилси, 25 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Грузия президенттігіне кандидаттардың суреттері жапсырылған қабырғаның жанында қайыр сұрап тұрған адам. Тбилси, 25 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

27 қазанда Грузия жаңа президентін таңдайды. Михаил Саакашвилидің он жыл бойғы билігі аяқталған соң елде маңызды конституциялық өзгерістер болуы ықтимал.

"ЖАҢА ТӘРТІП ОРНАУЫ МҮМКІН"

Елді 10 жыл басқарған бүлікшіл реформатор Михаил Саакашвилидің ізбасарын таңдау үшін грузиялықтар жексенбі, 27 қазанда президент сайлауына дауыс береді. Былтыр парламент сайлауы кезінде жеңіске жеткен «Грузия арманы» партиясының жетекшісі Бидзина Иванишвили мен Саакашвилидің бір жылға созылған тартысты билігіне нүкте қойылмақ. Саакашвили конституция бойынша үшінші рет сайлана алмайды, бірақ ол саясаттан қол үзбейтінін ескертті.

Сайлаудан соң конституция елеулі өзгерістерге ұшырап, президенттің билігі шектеліп, Грузия президенттік республикадан парламенттік республикаға айналуы мүмкін.

Автокөліктегі адам терезеден Грузия туын шығарып ұстап отыр. Тбилиси, 24 қазан 2013 жыл.

Автокөліктегі адам терезеден Грузия туын шығарып ұстап отыр. Тбилиси, 24 қазан 2013 жыл.

Яго Качкачвили Тбилиси мемлекеттік университетінде әлеуметтану кафедрасын басқарады.

«Осы сайлаудан соң елдегі саяси күштердің сипаты тұтастай өзгереді. Жаңа президенттің өкілеттігі қазіргі президенттің құзырына қарағанда аз болады. Бізде жаңа конституциялық тәртіп орнайды» дейді ол.

КАНДИДАТТАР УӘДЕСІ

1991 жылы Грузия тәуелсіздігін алғаннан бері президент болуға үміткерлердің ең көп саны биыл тіркелді – осы жолы 23 кандидат (оның көбі саяси сахнада танымал емес) сайлауға түсіп отыр. Үміткерлердің ішінде мүмкіндігі жоғары тұлға ретінде бұрынғы білім министрі, «Грузия арманы» коалициясының өкілі, 44 жастағы вице-министр Георгий Маргвелашвили аталады. Маргвелашвили коалициядағы партиялардың ешбіріне мүше емес, бірақ Иванишвилиге өте жақын адам саналады.

Оның сырты саясаттағы негізгі мақсаты – Батыспен тығыз қарым-қатынас орнату және Ресеймен де жақсы байланыста болу. «Грузия арманы» Саакашвилидің Мәскеумен жауласқанын, 2008 жылы соғысқа ұласқан оқиғаны қателік деп таниды, олар екі жақтың да көңілін тапқысы келеді.

Солдан оңға: Грузия президенттігіне кандадиттар - Георгий Маргвелашвили, Давид Бакрадзе және Нино Бурджанадзе.

Солдан оңға: Грузия президенттігіне кандадиттар - Георгий Маргвелашвили, Давид Бакрадзе және Нино Бурджанадзе.

Мамандығы философ Маргвелашвили АҚШ қаржыландыратын Грузиядағы қоғамдық байланыс институтына екі рет ректор болды. Жақтастары оны талантты, байсалды басшы деп мақтайды, ал оны сынаушылар саяси тәжірибесі мен елді соңынан ертіп әкететін дарыны жоқ дейді.

Бірақ кейбір сарапшылар оның саясатқа кеш араласқаны Саакашвилидің әсіреқызыл билігі мен саясаттың құнын кетірген даулардан шаршаған грузиндерге ұнайтын болар деп отыр.

Маргвелашвилиді жақын танитын Качкачвили былай деді: «Бұл орынға отыруға лайық артықшылықтары бар. Батысқа жақсы қарайды, білімді, мінезі де сабырлы. Бұған дейінгі өмірі саяси былықтан ада, саясаткер болмаған адам. Ешбір саяси партияға кірген жоқ, сондықтан да оның мүмкіндігі зор. Ол осы бір қатыгез саяси ойындардан таза адам деп ойлаймын».

Маргвелашвили бірінші турда 50 пайыздан астам дауыс жинайтынына сенімді, "егер осы үдеден шықпасам келесі турда сайлауға түспеймін" деп уәде берген еді. Бірақ АҚШ ұлттық демократиялық институтының сауалнамасы бойынша, Маргвелашвили небәрі 39 пайыз дауыс жинайды деген болжам айтылады.

Одан кейінгі мүмкіндігі жоғары кандидат - бұрынғы спикер, Саакашвилидің «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» партиясының мүшесі Давид Бакрадзе 18 пайыз жинауы мүмкін. Сауалнама бойынша, Нино Бурджанадзе 13 пайызбен үшінші орында тұр.

2003 жылы Саакашвилидің билікке келуіне ықпал еткен «Раушан гүлдер революциясын» басқарған Бурджанадзе әдепкіде парламент спикері болған еді. Ол «Грузия арманын» коалициясын "әділеттік орнатамыз деген уәдесін орындай алмады" деп сынайды. Бурджанадзе Мәскеумен жақсы байланыс орнатуды құптайды, ал НАТО-ға мүше болуды «қиял» санайды.

ИВАНИШВИЛИДІҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?

Сайлау алды кампания тыныш өтсе де, ЕҚЫҰ бақылаушылары алдағы сайлауда әділеттік үстемдік ететініне күмәнданады.

Грузиялықтардың көбі саяси тұрақсыздық орнауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Иванишвили аяқ астынан шілде айында сайлаудан кейін саясаттан кететінін, орнына басқа біреуді тағайындайтынын айтты. Бірақ биліктің бір тізгіні соның қолында болатынына сенетіндер де бар.

Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) мен премьер-министр Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 4 наурыз 2013 жыл.

Грузия президенті Михаил Саакашвили (сол жақта) мен премьер-министр Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 4 наурыз 2013 жыл.

Саяси қудалау жасады деген айыпты өзі мойындамаса да, оның Саакашвили мен оның жақтастарын жазалауды мақсат еткені анық. Маргвелашвили сайлауда жеңсе, парламент пен үкіметтің айрықша құзыреті қосылып, билік тұтастай Иванишвилидің одақтастарының қолына өте ме деген қауіп бар.

Британдық «The Economist» басылымының редакторы Эд Лукастың пікірінше, сайлаудың болғаны емес, одан кейін не болатыны қызық.

«Бірыңғай ұлттық қозғалыс» үшін сәтті болмайтын сияқты. «Грузин арманы» оны басымдық санап, сол артықшылықты пайдалануға ұмтылады, соның өзі өкінішті» дейді ол.

Иванишвили өткен аптада Саакашвилиді «саяси өлік» деп атап, биліктен кеткен соң оны "қылмыстық тергеу күтіп тұрғанын" ескертті.

Клэр Биггтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG