Accessibility links

Грузия: Еуропа мен Еуразия Одағының ортасы


Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 4 қыркүйек 2013 жыл.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили. Тбилиси, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили Азаттыққа берген сұхбатында Еуропа Одағына ұмтылатын өз елінің болашақта Еуразия Одағына да мүшелікке өтуі мүмкін екенін айтады.

Ресейдің бастамасымен құрылуы мүмкін, бұрынғы советтік республикалардың басын қосатын Еуразия Одағына Грузия да кет әрі емес. Өз елін Еуропамен жақындастыруға уәде еткен грузин премьері Ресеймен де арадағы байланысты жақсартуға ниет танытты.

«ЭКСПЕРИМЕНТКЕ ЖОЛ БЕРМЕЙМІН»

Азаттық радиосы: Сіз жақында салмақты сыртқы саясаты үшін Арменияны мақтадыңыз. Осы айдың басында Армения Ресей бастаған Еуразия Одағына кіру жоспары бар екенін жариялаған. Сіз бұл одаққа кіру Грузия үшін де стратегиялық тұрғыдан тиімді болады деп ойлайсыз ба?

Иванишвили: Еуразия Одағы әлі де құрылу процесін бастан кешіріп жатқан уақытта министрлер кабинетінің басшысы ретінде бұл мәселенің жай-жапсарын қарастырып жатырмыз деп жауап берер едім. Егер бұл біздің ел үшін тиімді болса, ол бізге қосымша пайда әкеліп жатса, соған қарамастан ол Грузияны Еуропа Одағы және НАТО-мен интеграциялауды көздейтін стратегиямызға қайшы келмейтін болса, неге қосылмасқа?

Бірақ елімізге қандай да бір тиімсіз эксперимент жасауға ешқашан жол бермес едім. Сондықтан біз Еуразия Одағының нақты қандай ұйым екенін бақылап, зерттеп жатырмыз. Болашақта Ресей Еуропа Одағына мүшелікке өтеді. Олар – көршілер, сондықтан бір-біріне қажет. Ресей НАТО-ның да құрамына өтіп, АҚШ-тың жақын одақтасына айналады.

«БІЗГЕ «ҚОЖАЙЫН» КЕРЕК ЕМЕС»

Азаттық: Әйткенмен Еуропа Одағы бір мемлекеттің қол астында емес. Ал Еуразия Одағы, керісінше, Мәскеудің дегенімен жүреді, басқа елдер соның айтқан ойын ережесін қабылдайды.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили (оң жақта) Азаттықтың Грузин қызметінің өкілі Коба Ликликадзеге сұхбат беріп отыр. Рига, 7 қыркүйек 2013 жыл.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили (оң жақта) Азаттықтың Грузин қызметінің өкілі Коба Ликликадзеге сұхбат беріп отыр. Рига, 7 қыркүйек 2013 жыл.
Иванишвили: Біз мұндай одаққа кірмейміз! Біз «қожайындарымыздан» мәңгілікке құтылғанбыз. Бізге керегі – азаттық, адам құқықтарының, теңдіктің, демократияның әспеттелуі, демократиялық институттардың құрылуы. Сондықтан біз Еуразия Одағы қандай принциптерді таңдайды деп жіті бақылап отырмыз. Егер ол сіз сипаттағандай болып шықса, онда біз, әрине, мұндай одаққа қосылмаймыз.

Азаттық радиосы: Сіз Еуразия Одағының шынайы бет-бейнесін білмеймін дейсіз. Еуропа Одағының табиғатын түсінесіз бе? Грузия бұл блокқа қосылу үшін қандай ережелерді қабылдап, қандай қиындықтарды бастан кешіруі керектігін сезінесіз бе?

Иванишвили: Еуропа Одағындағы басты бағалайтынымыз – еуропалық құндылықтар. Еуропалықтар – ең табысты да, тартымды адамдар. Адам құқықтары, бәсекелі нарық, сыбайлас жемқорлықтың жоқтығы – Еуропа дегеніміз осы. Халық әрдайым жақсы өмірге ұмтылады. Қазіргі экономикалық дағдарыс Еуропа Одағына көлеңке түсірді. Бірақ дағдарыс та аяқталар. Бүгінгі өркениет Еуропа Одағынан артық ештеңе ойлап таба алған жоқ.

РЕСЕЙМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Азаттық радиосы: Сіз Грузияның Ресейге қатысты риторикасын бәсеңдетіп, Мәскеумен қарым-қатынас жөніндегі арнайы өкілді де тағайындадыңыз. Соған қарамастан, жақында өткен Грузияның шетелдегі елшілерімен кездесуде «Ресей Оңтүстік Осетияны тікенек сымтемірмен қоршап алу арқылы жауап берді» деген пікір айттыңыз.

Иванишвили: Біз екі тарапта да оң қадамдар жасадық, осыған баса мән бергім келеді. Мәскеу араласпаса, біздің экспорт өнімдеріміз Ресейге оңай жете алмасы белгілі. Сауда мен экономикалық қатынасты қалпына келтіруіміз – ең үлкен жетістік болды.

Елшілермен кездесуде мен бұл оң өзгерістер Ресей әскерінің тікенек сымтемір тартып тастау фактісімен еш қабыспайтынын айттым. Бұл – жағымсыз жайт. Әрине, біз Ресеймен қарым-қатынасымызды дамытуға күш саламыз. Дегенмен, Ресей – алып ел, мен оларды қайта тәрбиелеуге құлықты емеспін.

Біз толерантты, принципшіл, бұларға қоса контруктивті, әрі дипломат болуымыз керек. Бұрынғыдай даукестене аттандап, қылышымызды жалаңдатқанды қою керек.

Коба Ликликадзенің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG