Accessibility links

Саакашвили үкіметті репрессияны тоқтауға шақырды


Грузия президенті Михаил Саакашвили (оң жақта) мен үкімет басшысы Бидзина Иванившили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

Грузия президенті Михаил Саакашвили (оң жақта) мен үкімет басшысы Бидзина Иванившили. Тбилиси, 9 қазан 2012 жыл.

Грузия президенті жаңа жыл қарсаңында үкіметті сынап, «елді хаосқа бастайтын жолдан» алып шығатын бес ұсыныс жасады. Ол Иванишвили саясатын «елді қиратуды көздейді» деп бағалады.

Бидзина Иванишвили әзірге бұл ұсыныстарға қатысты жауап берген жоқ. Бірақ оның «Грузия арманы» коалициясының парламенттегі беделді екі мүшесі президент ұсынысының «шынайылығына» күмән келтіріп үлгерді.

СААКАШВИЛИДІҢ ҰСЫНЫСТАРЫ

Михаил Саакашвили мәлімдемесінде елдегі биліктің демократиялық жолмен ауысу процесі әлі аяқталмағанын және демократиялық жолмен сайланған жетекшілердің «демократияны талқандауға кіріскенін» айтқан.

Ол Иванишвили үкіметі жасады деген бірқатар қателіктерді де атаған. Президент «Иванишвили үкіметі басты инфрақұрылымдық жобаларды қайта қарап, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кедергі келтірді. Сайлау қарсаңында берген уәделерін орындаудың орнына «саяси оппозицияны басып-жаныштады», жергілікті кеңестерге қысым жасап, хаос орнатуға және Грузияның Батыс елдерімен байланысына нұқсан келтіруге тырысып отыр» деген.
Грузия президенті Михаил Саакашвили. Брюссель, 14 қараша 2012 жыл.

Грузия президенті Михаил Саакашвили. Брюссель, 14 қараша 2012 жыл.


Михаил Саакашвили бұдан ары Бидзина Иванишвили басқаратын үкіметке мынадай бес ұсыныс жасаған:

- бір-бірін қаралайтын сөздер мен мәлімдемелер жасап, қоғамды жікке бөлмеу;

- оппозицияға қарсы қуғын-сүргін мен еркін ақпарат құралдарына қысым жасауды, биліктің бұрынғы қызметінен жөнсіз кінә іздеуді тоқтату;

- Грузияның батыс елдерімен байланысын бұзбау және Еуро-атлантикалық ұйымдармен интеграциясына кедергі келтірмеу;

- жергілікті кеңестерге қысым жасауды тоқтату;

- президент пен премьер-министр төрағалық ететін халықаралық конференция ұйымдастырып, жергілікті және шетелдік инвесторлардың сенімін қалпына келтіру.

ЖАҢА ҮКІМЕТТІҢ САЯСАТЫ

2012 жылы қазан айында Грузия парламентінде Бидзина Иванишвилидің коалициясы басым дауысқа ие болып, үкіметті жасақтаған соң, бұрынғы үкіметтің кейбір мүшелері мен шенеуніктері тұтқындалып, олар «тұтқындарды азаптады, кісі өліміне қатысы бар, алаяқтық жасады» деген айыптармен тергеуге алынды.

Бұдан өзге, қараша айының басында қоғамдық телеарнаның не себепті 2 миллион 29 мың доллар көлемінде салық төлемегеніне қатысты да тергеу басталған.

Жаңа жылда халыққа арнаған сөзінде Иванишвили «ерікті, я еріксіз түрде өтірік пен зұлымдыққа қызмет істеген бұрынғы үкімет мүшелерінің кейбір артықшылықтарды пайдаланғаны» туралы айтқан еді.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили журналистер сұрағына жауап беріп отыр. Тбилиси, 24 желтоқсан 2012 жыл.

Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили журналистер сұрағына жауап беріп отыр. Тбилиси, 24 желтоқсан 2012 жыл.


Бірақ Саакашвили жаңа үкіметтің Грузияның «батыс елдерімен байланысын бұзуы» туралы нақты дәлел келтірмеген. Ал Иванишвили Грузияның НАТО мен Еуропа Одағы құрамына кіру саясатынан бас тартпайтынын бірнеше рет мәлімдеген еді. Ол жаңа жылдық үндеуінде «2013 жылы Грузия бұл мақсатқа бір қадам жақындай түседі» деген. Премьер бұған дейін өзінің шетел инвестициясын тартуға мүдделі екенін білдіріп келген. Соңғы жаңа жылдық үндеуінде де шетел инвестициясы туралы қайталап айтты.

2012 жылы желтоқсанның 26-сы күні Грузияның бас прокуратурасы президент партиясының парламент сайлауында «үгіт-насихат жұмыстарына мемлекет қаржысын пайдаланғанына» қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған. Тергеу деректері бойынша, Саакашвилидің «Біртұтас майдан қозғалысы» елдің батысындағы Мингрелия аймағында сайлау кампаниясын үкімет қаржысымен жүргізген.

ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ПІКІРІ

Парламенттегі «Грузия арманы» фракциясының мүшесі Коба Давиташвили 2013 жылы қаңтардың 4-і күні журналистерге «егер президенттің «Біртұтас ұлттық қозғалысы» өтініш білдірсе, парламент бұрынғы шенеуніктерге рақымшылық жасауға дайын» екенін айтқан.

Бірақ ол «президент партиясы шенеуніктердің қылмыс жасап тұтқындалғанын көпшілік алдында мойындауы тиіс» дейді. Давиташвили президенттің ұсыныстарын тіпті «саяси екіжүзділіктің классикалық үлгісі» деп атады. Ол Михаил Саакашвилимен бірнеше жылдар бірге жұмыс істеп келіп, 2004 жылы конституцияға өзгерістер енгізілген соң одан бөлек кеткен еді.
«Грузия арманы» коалициясының депутаты, заңгер Вахтанг Хмаладзе. Тбилиси, 13 қазан 2009 жыл.

«Грузия арманы» коалициясының депутаты, заңгер Вахтанг Хмаладзе. Тбилиси, 13 қазан 2009 жыл.


1995-2003 жылдары аралығында экс-президент Эдуард Шеварднадзе тұсында сыртқы істер министрі болған Иракли Менагишвили Грузия президенті Саакашвилидің ұсыныстарын «шын ниетпен жасалмаған» деп атады. «Грузия арманы» коалициясының депутаты, заңгер Вахтанг Хмаладзе де осыған ұқсас пікір білдірген.

Вахтанг Хмаладзені Иванишвили биыл қазан айында өтетін президент сайлауына «Грузия арманы» коалициясынан түсетін басты үміткер деп атаған еді.

2013 жылы қаңтардың 6-сы күні журналистермен кездескен «Грузия арманы» депутаттары БАҚ иелеріне барынша пайда табуға, ал ақпарат құралдарының барынша еркін болуына жағдай жасайтын заң қабылдауға уәде берді. Бірақ сарапшылар биліктің бұл ойына қауіппен қарайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG