Accessibility links

Билік "Саакашвилидің партиясын" бітімге шақырды


Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили
Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили

Грузиядағы парламент сайлауы алдында саяси партиялар тартысы қызып тұр. Тартыс соңы тәртіпсіздікке ұласпас үшін билік қарсыластарын бітімге шақырды. Оппозиция ұсынылған меморандумға қол қоюға қарсы.

Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили қазанның 8-і күні өтетін парламент сайлауының алдында елдегі барлық саяси партиялар бірін-бірі айыптап, жанжалдаспауы үшін ортақ меморандумға қол қоюға шақырған. Квирикашвили бұл бастаманы қыркүйектің 15-і күні көтерген. Содан бір күн бұрын ол "Біртұтас ұлттық қозғалысты" (2008-2013 жылдардағы билік партиясы - ред.) «елді радикализациялауға тырысып жатыр» деп айыптаған.

Меморандумда «сайлаудың бейбіт өтуі - мемлекеттің демократиялық дамуы мен саяси бірлігінің кепілі» деп көрсетілген. Билік партияларының одағы – "Грузия арманы мендемократиясының" атқарушы хатшысы Ираклий Кобахидзе меморандум жобасы басқа партиялармен (қандай партиялар екенін нақты айтпайды - ред.) келісілгенін және билік партиясы үкіметтік емес ұйым, халықаралық қозғалыстармен одан әрі құжатты талқылап, жетілдіруге дайын екенін мәлімдеді. Кобахидзе саяси партиялар мен ұйымдарды бейбіт сайлауға шақыратын меморандумның заңдық күші жоқ екенін де айтқан.

Грузиядағы дауыс беру учаскесі. Көрнекі сурет
Грузиядағы дауыс беру учаскесі. Көрнекі сурет

Қазір сайлауға қатысып жатқан 27 партия мен алты сайлау одағының төртеуі ғана (Республикалық партия, Еркін демократиялық партия, экс-спикер Нино Бурджанадзенің Демократиялық қозғалысы және "Грузия арманы мен демократия" партиясы – ред.) меморандумға қол қойған.

Біріккен демократиялық қозғалыс, Патриоттар альянсы және Біртұтас ұлттық қозғалыс осыдан үш ай бұрын - шілденің 22-сі күні Грузия парламенті бірауыздан қабылдаған сайлау алдындағы этика кодексіне де қол қоюдан бас тартқан болатын.

Біртұтас ұлттық қозғалысының депутаты Леван Тархнишвили билік партиялары "Грузия демократиясы мен арманы" ұсынған меморандумға қол қоюдан бас тартқан. Тархнишвилидің сөзінше, билік партиясы меморандум арқылы қоғамды алдамақ. Оның пікірінше, сайлау кампаниясы мен дауыс берудің тыныш өтуіне партиялардың ешқандай қатысы жоқ.

"Мемлекет халық үшін" партия одағының мүшесі, опера әншісі Паата Бурчуладзе меморандумға қол қоймайтынын ашық айтқан. Лейбористік партия мен Ұлттық форум мүшелері де меморандумды қолдамайтындарын мәлімдеген.

Саясаттанушы Заал Анджапаридзе мен Торни Шарашенидзе "меморандум - сайлау кезінде болуы мүмкін заңбұзушылықтарға қатысты сыннан билік партиясын қорғайтын "сақтандыру полисі" дейді. Анджапаризденің ойынша, халықаралық бақылаушылар сайлауды әділ және таза өтті деп бағалайтын болса, бір де бір партия өзіне бейбіт сайлау міндеттемесін алмас еді.

Сарапшылардың сайлау алдындағы немесе сайлаудан кейінгі болуы мүмкін наразылықтарға қатысты пікірлері әрқилы. Саясаттанушы Анджапаридзе ішкі істер министрі Георгий Мгебришвилидің "кейбір партиялар тәртіпсіздік жасауға қамданып жатыр" деген мәлімдемесіне назар аудартып, "мұндай ескертулер бекерден бекер айтылмайтынын", және "тәртіпсіздік жасауға талпынатын партияларға ("Біртұтас ұлттық қозғалысты" меңзеп тұр - ред.) қаржылық қолдау ғана емес, сөздерін сөйлейтін ақпарат құралдары да керек екенін айтады. Анджапаридзе сөзінше, Біртұтас ұлттық қозғалысты жалпы халық қолдамайды.

ЕҚЫҰ парламент ассамблеясының делегациясы өткен аптада Тбилисиге барғанда "арандату мен үгіт-насихатқа кедергі жасау" туралы ескертіп, барлық партияларды сабырға шақырған.

Саясаттанушы Каха Гоголашвили керісінше, Біртұтас ұлттық қозғалыстың сайлаудан кейінгі тұрақтылықты шайқайтын күші бар дегенге күмәнмен қарайды.

Сарапшы Рамаз Сакварелидзе Біртұтас ұлттық қозғалыстың билікке 2003 жылы қарсылық толқынымен келгенін, қиын сәттерде күш қолдану, зорлық көрсету істерімен есте қалғанын айтады. Оның ойынша, Біртұтас ұлттық қозғалыс соңғы төрт жылда халықаралық қауымдастықтың алдында "Грузия арманы мен демократиясын" қаралап жүр. Сол себепті билікті демонстранттарға күш көрсетуге итермелеп, Грузияны Батысқа жаманатты қылуы мүмкін.

Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили қыркүейктің 24-і күні жергілікті ақпарат құралының біріне берген онлайн сұхбатында бұрынғы партиясы Біртұтас ұлттық қозғалыс алдағы парламенттік сайлауда сөзсіз жеңіске жетеді деп сенім білдірген.

ЕҚЫҰ парламент ассамблеясының делегациясы өткен аптада Тбилисиге барғанда "арандату мен үгіт-насихатқа кедергі жасау" туралы ескертіп, барлық партияларды сабырға шақырған. Ұйым таратқан баспасөз хабарламасында билік партиясының меморандумы жайында ештеңе айтылмаған.

XS
SM
MD
LG