Accessibility links

Атабаевтың белсенділігі Германияда арта түсті


Азаматтық қоғам белсендісі, режиссер Болат Атабаев "Арт-театрдағы" "Көшкін" спектаклінің алдында сөйлеп тұр. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл
Азаматтық қоғам белсендісі, режиссер Болат Атабаев "Арт-театрдағы" "Көшкін" спектаклінің алдында сөйлеп тұр. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл

Режиссер Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытуға шетелде жүріп үлес қосу үшін қор құрғанын мәлімдеді. Ол басқаратын «Ақсарай» театрының Кельндегі гастролі аншлагпен аяқталды.

Осы апта азаматтық қоғам белсендісі, режиссер Болат Атабаев жетекшілік ететін «Ақсарай» театры Германияның Кельн қаласындағы гастролін аяқтады. Олар ақпанның 14-інен бері бес мәрте түрлі театр сахнасына шығып, «Көшкін» спектаклін және «Қыз Жібек» мюзиклінен үзінді қойды.

Азаттық тілшісі ақпанның 28-і күні Кельндегі шағын сахналардың бірі - «Арт-театрға» барғанда «Ақсарай» театры «Көшкін» пьесасын соңғы рет сахналап жатыр екен. Кешкі сағат 20.00-ге қарай 70-ке жуық көрерменге арналған зал лық толды. Жиналғандардың көпшілігі өнертанушы студенттер мен театр мамандары екені байқалады. Одан бөлек орта жастан асқан адамдар, бірен-саран жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері көзге шалынды.

«ЗОР БАТЫЛДЫҚ»

Жарық түсіру құрылғылары жұпынылау, декорациясы жоқ, подиумсыз жайдақ еден сахналы залға жапсарласа шағын бар орналасқан. Ішімдіктері мен сусындарын көтере кірген жұрт орындарына жайғасқасын билетпен бірге таратылған «Көшкін» спектаклі туралы аңдатпа ақпаратпен таныса бастады. Қасымда отырған Розмари Брюхер есімді Мюльхаймдағы Рур театрының (Theatre An Der Ruhr) әртісімен сөйлесіп қалдық. Ол кезінде Бохум қаласында өзімен бір курста оқыған режиссер Болат Атабаевтың қоғамдық қызметі мен «Ақсарай» труппасының Кельндегі гастролін зор батылдық деп білетінін айтты.

Розмари Брюхель, Мюльхаймдағы Рур театрының әртісі (сол жақта). Кельн, 28 ақпан 2013 жыл
Розмари Брюхель, Мюльхаймдағы Рур театрының әртісі (сол жақта). Кельн, 28 ақпан 2013 жыл

Режиссер Болат Атабаевтың өзі гастроль өткізу үшін неліктен Кельн қаласының таңдалып алғанын Азаттық тілшісіне былай түсіндірді:

- Кельн өнердің неформалдық, андеграунд саласы дамыған жер. Қазақстандағы Әуезов театры мен опера театры сияқты орындар да бар мұнда. Бірақ олар көбінесе консервативтік театрлар, өзгеріс жоқ. Ал андеграунд театрлар Германияда шағын болады. Таңдау еркің кең. «Көшкіннің» өзінің талабы – сол, сыбырлап ойнаған соң бізге кішігірім ғана зал керек болды. Әйтпесе барлық эффект құриды.

«КӨШКІН»

Театр директоры мен режиссердің қысқаша кіріспесінен соң спектакль басталды. Алты құрақ көрпе үстінде ауыздары жыбырлап намаз оқып болған ерлі-зайыпты үш жұп екі қапталына дұрыс кейіпте сәлем беріп құлшылығын аяқтай сала бет-ауыздары қисайып құбыжық түрге енеді де, бір-біріне «Қабыл болсын!» деп тілек айта бастайды. «Көшкінде» мұндай сахналық метафоралар көп. Тысы құрақ, астары әскери жорық киімі құсаған көрпелермен бірге диалогтар да қазақ аудиториясына барынша бейімделген. Еуропаға есімі таныс түрік драматургі Түнжер Жүженоғлудың түпнұсқа пьесасы жаңаша сахналанған.

"Көшкін" спектаклінен көрініс. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл
"Көшкін" спектаклінен көрініс. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл

«Қатты дауыс шығарсаңдар, көшкін жүреді» деп ауыл тұрғындарын қорқытып ұстап отырған ақсақалдар кеңесі жаңағы бір отбасындағы үш буынды бейнелейтін үш жұптың ішіндегі ең жасына желтоқсанның 16-сы жақындауға рұқсат берген. Бойына біткен баласы дүниеге ерте келетінін сездіріп толғақ қысқанда жас келін не істерін білмей жан ұшырады. Мезгілсіз толғақ туралы хабар туыт ана арқылы кеңеске жетеді. Жас келіншекті өлтіруге бұйырған сәтте жас жігіт әкесінің қарсылығына қарамай, атасының ишарасымен қарсы шығады. Дауыс көтермек түгілі шаңқ еткізіп тапанша атады. Көшкіннің жүрмейтіні, ешқашан жүруі мүмкін болмағаны сол жерде әшкере боп қалады. Кеңес масқараға ұшырайды.
"Арт-Театрда" "Көшкін" спектаклін көріп отырған жұрт. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл
"Арт-Театрда" "Көшкін" спектаклін көріп отырған жұрт. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл

Сол сәтте дүниеге бала да келеді. Бірақ шар етіп жылап тумайды. Сықылықтап күліп туады. Соңғы көріністе «бас ақсақал» жерге шұбатылған жалтыр галстук тағынып, үш жұптың ендігі өміріне де жаңа форматтағы нұсқаушы болғысы келгенін байқатады. Манадан спектакльдің әрбір көрінісі басталғанын әйгілейтін қоңырау енді осының қолында. Сыңғырлатып ұрып тұр. Бірақ көрпе астында ғана күңкілдеп, ішіп-жегеніне ғана мәз болып, сыбырлап сөйлеп өмір сүріп келген үш жұп бұл жолы жамылғыларын ортаға атып ұрады. Шал қоңырауға қарсы қара қазанын келсаппен даңылдатып ұра бастайды. Қазанның үні шығысымен қоңыраудың үні құмығып қалады.

Тағы бір айта кетуге тұратын жайт - әртістер бірнеше мәрте аудиториямен тіке сөйлесіп, интерактивтік тәсіл қолданады. «Ұйықтап отырғанда» да, бір көздері ашық, бір көздері жұмық. Бұл халді режиссер Болат Атабаев «кейіпкер – ұйқыда, әртіс – ояу» деп сипаттайды.

«ҮНСІЗДІК МУЗЫКАСЫ»

«Арт-театрға» жиналған кельндік көрермендер спектакльді бірнеше жерінен үзіп қол шапалақтап отырды. Соңғы көріністен соң зал әртістерді сахнадан жібермей ұзақ қошемет көрсетті. Андеграунд театрларға тән еркіндікпен ысқырып та, еденді тепкілеп те ризашылық білдіргендер болды. «Ақсарай» әртістері спектакльден соң хормен бірнеше ән айтып берді.

Ирина Миллер, "Театр академиясы" драма мектебінің оқытушысы. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл
Ирина Миллер, "Театр академиясы" драма мектебінің оқытушысы. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл

Алматыдағы Михаил Лермонтов атындағы орыс драма театрының бұрынғы әртісі, қазір Кельндегі «Театр академиясы» драма мектебінде дәріс беретін Ирина Миллер Азаттық тілшісіне труппа Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Қазақстан» әнін шырқаған кезде үнемі көзіне жас үйірілетінін айтты. Ол «Ақсарайдың» Кельндегі барлық қойылымдарын көріпті.

Көрермендердің бірі, Дюссельдорф музыка мектебінде оқитынын айтқан Нинай есімді германиялық студент қыз «Көшкін» спектаклінің өне-бойы «үнсіздік музыкасына» тұнып тұр деп санайды.

Ал Розмари Брюхель актерлік шеберлікпен қатар костюмдердің сәтті тігілгенін атап өтті. «Нақты бір әртістің өнері ұнады деп бөліп-жарып айту қиын. Өйткені спектакльде ансамбльдік біртұтастық байқалады» деді ол.

Кельндегі «Театр академиясы» драма мектебінің директоры Роберт Кристот «Ақсарай» театрын талантты әртістері мен қойылымдардың саяси мазмұны ерекшелендіріп тұр деп ойлайды.

Роберт Кристот, "Театр академиясы" драма мектебінің директоры. Кельн, 1 наурыз 2013 жыл
Роберт Кристот, "Театр академиясы" драма мектебінің директоры. Кельн, 1 наурыз 2013 жыл

- Актер және режиссер ретінде «Көшкіннің» мен үшін тартымды жері – үнсіздікті пайдалана білуі. Барлық нәрсені неғұрлым аз сөзбен ұқтырады, ишарамен, көздері мен дене қимылдары арқылы «сөйлейді». Актерлер ретінде ғажап өнер көрсетеді. Өте талантты әртістер. Бір сағатқа жетер-жетпес уақытта бізге Қазақстандағы ахуалды бейнелеп жеткізеді. Болат Атабаевтың басынан кешкен жағдайды білетін адам бұл спектакльді көргенде қатты әсер алады. Бұл әртістермен неміс әртістері бірлесе ойнайтын спектакль қойғымыз келді. Бірақ олар елге қайтқанда қысымға ұшырайды-ау, бұл қауіпті әрекет болады-ау деп бас тарттық. Олар («Ақсарай» театрының әртістері – ред.) ойын-сауық үшін емес, бостандық үшін өнер көрсетіп жүр, - деді Роберт Кристот Азаттық тілшісіне.

«Ақсарай» театрының әртістері режиссер Болат Атабаев 2012 жылы қамауға алынған кезде өздерінің зор сынақ пен қиындықты бастан өткергендерін айтады. Қазір Қазақстандағы негізгі театр сахналарына шығу жолдары жабылғасын қосымша табыс көздерін іздеуге мәжбүр. Азаттық тілшісімен сөйлескен кезде әртістер бір ауыздан «Ақсарайды» әлеуметтік театр деп сипаттады. 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін «Көшкін» спектаклін қазақстандық аудитория басқаша қабылдағанын да айта кетті.

«БОЛАТ АТАБАЕВ» ҚОРЫ

Наурыздың 1-і күні Кельннің Фолькспаркіндегі «Оранжерея» театрында «Саяси театр туралы» деген тақырып қойылған дискуссия өтті. Оған Болат Атабаевтан басқа Янош Ролофф, Инкен Каутер, Свен Шлетцке, Марко Бергер және Роберт Кристот сияқты жергілікті театр өнері саласының мамандары қатысты. Театр вебсайтында жарияланған құлақтандыруда Қазақстанда болған Жаңаөзен оқиғасы тұсында «анық ереуілшілер жағына шығып кеткен» режиссердің қоғамдық қызметі мен кәсібі туралы қысқаша мәлімет беріліп, «Біз де осылайша ахуалды өзгерте аламыз ба?» деген сауал қойылады. Қазақстандық режиссер бұл пікір алмасу кешін өзін қолдау шарасы сияқты қабылдайтынын айтты және дәл осы кеште «Болат Атабаев» қорын құрғанын мәлімдеді. Қордың мақсаты мен бағыты туралы Азаттық тілшісінің сауалына ол:

"Оранжерея-театрда" өткен саяси театр туралы дискуссиядан бір көрініс. Кельн, 1 наурыз 2013 жыл
"Оранжерея-театрда" өткен саяси театр туралы дискуссиядан бір көрініс. Кельн, 1 наурыз 2013 жыл

- Менің алға қойған мақсатым – Қазақстандағы азаматтық қоғамға қарсы шығып, жер байлығын сатып жүрген адамдарға қарсы пікір туғызу. Олардың Батыстағы қаржы көздерін әшкерелеу, зерттеу. Осы бағытта жұмыс істеушілерге көмектесу. Қазақстанда да Батыстағыдай азаматтық қоғамның пайда болуына ықпал ету, - деді.

Режиссердің айтуынша, 15 адамнан тұратын «Ақсарай» труппасының Германиядағы гастрольдік шығынын қазақстандық кәсіпкерлер көтеріп алған. Өзі былтырғы желтоқсан айынан бері Кельндегі «Театр академиясы» драма мектебінде көркемдік жетекші болып жұмысқа қабылданған. Болат Атабаевтың сөзінше, Германия парламентіндегі жасылдар партиясының спикері Виола Фон Крамонның қамқорлығы мен солшылдар партиясының депутаты Дагмар Энкельманның қолдауының арқасында ұзақ мерзімге осы елде аялдап қалған. Режиссер Роберт Кристот бір сөзінде «Болат Атабаевтай танымал тұлғамен жұмыс істеу өзі басқаратын ұжым үшін зор мәртебе» екенін ескерте кетті.

"Ақсарай" театрының әртістері "Оранжерея-театрында" "Қыз Жібек" мюзиклінен үзінді қоюға дайындалып тұр. Кельн, 1 наурыз 2013 жыл
"Ақсарай" театрының әртістері "Оранжерея-театрында" "Қыз Жібек" мюзиклінен үзінді қоюға дайындалып тұр. Кельн, 1 наурыз 2013 жыл

«Ақсарайдың» Кельндегі гастролі Германиядағы бірнеше БАҚ-тың назарына ілікті. Кельннің жергілікті AKT атты театр газетінің журналисіне Болат Атабаев: «Өмір деген бір дария. Жан сақтау үшін жүзуге мәжбүрсің. Германия мен үшін уақытша табан тіреп, күш жинап алатын сенімді жағалау» депті. Ал Азаттық радиосына берген арнайы сұхбатында ол: «Кейде ойлаймын, «Германияға режиссер болып жұмыс істеуге келдім бе» деп. Ондай жұмысты Қазақстанда да істер едім. Қазір «басты бағытым шығармашылық жол бола ма, я саяси жол бола ма» деп ойланып жүрмін» деп мәлімдеді.

Азаматтық қоғам белсендісі, режиссер Болат Атабаев "Арт-театр" көрермендерінің алдында сөйлеп тұр. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл
Азаматтық қоғам белсендісі, режиссер Болат Атабаев "Арт-театр" көрермендерінің алдында сөйлеп тұр. Кельн, 28 ақпан 2013 жыл


Азаматтық қоғам белсендісі, өзін неформалдық, жаңа бағыттағы театр режиссері деп санайтын Болат Атабаев Жаңаөзен оқиғасынан кейін билік тарапынан қысымға ұшыраған болатын. ҰҚК-нің тергеуіне ілінген режиссер 2012 жылғы маусымда тұтқындалып, Ақтау қаласындағы абақтыға түскен. Көп ұзамай шілде айында кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың ҰҚК-мен жүргізген «құпия келіссөздерінен» соң босатылған. Тұрсынов Азаттыққа «досының саясаткер емес» екенін, «басқаларға еріп кеткенін» айтқан еді. Бірақ қамаудан босаған Болат Атабаевтың азаматтық белсенділіктен де, саяси риторикадан да бас тартқаны байқалмады. Былтырғы тамыз айында Германияның Веймар қаласында оған Гете сыйлығы табыс етілді. Ал қазан айында Еуропаға барған сапарынан соң режиссер Германияда қалып қойды.

Қазақстандық кейбір әдебиет пен өнер саласының өкілдері Болат Атабаевты «театр жөніндегі өз көзқарасына өзі ғашық, кейінгі спектакльдеріне саяси реңк берген, режиссер ретінде тәуелсіздігін сақтамаған» деп те сипаттайды. Азаттықтың режиссерден алған сұхбаты алдағы күндері жарияланады.
XS
SM
MD
LG