Accessibility links

Бие байлаушы фермер Аятқан Тұрысбекұлымен сұхбат.


Бие байлаушы фермердің көңілі неге күпті?

Біз бүгін Алматының іргесіндегі Медеу шатқалында Бұтақты сайында 8-9 жылдан бері бие байлап, мал өсіріп, шаруа қожалығын құрып отырған Аятқан Тұрысбекұлының жұмысы туралы айтқанды жөн көрдік. Бұл кісі отбасымен осыдан оншақты жыл бұрын Моңғолиядан көшіп келген. 1991 жылдан бері туыстарын Қазақстанға көшіріп әкеліп, Нарынқол, Кеген, Шелек аудандарына қоныстандырып, ел қатарлы тұрмыс-тіршілігін жасап жатқан жайлары бар.

- Ал өзіміз осы Бұтақты сайында соңғы тоғыз жылдай 7-8 бие байлап, қымыз сапырып, тұтынушылардың талабынан шығып отырмыз, - дейді Аятқан Тұрысбекұлы. - Бұл біздің ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүр ғой. Дертке дауа, денсаулыққа тиімді шипалы сусын ішушілер көп, қонақтар жиі келіп тұрады. Алайда кәсібімізге кедергі көп. Жер барған сайын тарылып барады. Жылқыларымыз симай, жайылым жетіспей, қазір биені 30 шақырым жерде ұстап, осында күнде қымыз тасып, әуреге түсудеміз.

Өйткені бұл өңір Алматыға жақын, ең шұрайлы, құнарлы алқап. Бұрын жерді жыл сайын жалға алып, бие байлап келсе, бұл күнде оның әуресі көбейе түскен.

- Қазір бұл жердің бір соттығын алты мың долларға дейін бағалайды. Ал осында 40-50 жыл мал бағып, бұрыннан қоныстанған ауыл адамдары соңғы жылдары жерді жалға алып келсе, енді ол да бұйырмай тұр. Бұрын бұл алқап Талғар ауданының жері болған. Кейін Алматы қаласының меншігіне айналған жерді сатып алу қарапайым халққа мүмкін емес, - дейді Аятқан Тұрысбекұлы.

Осы күндері Бұтақты сайында мал бағып отырған халық қобалжулы, ертеңгі күніне сенім жоқ,өйткені жер сатылып кетсе қайда баратындарын білмейді.

- Президент өзінің бір сөзінде бірінші кезекте жер жалға алып отырған адамдарға беріледі. Сатып алса да, 49 жылға жалға алса да алдымен соларға бөлінеді деген еді. Алайда сол сөзді тыңдап отырғандар шамалы, мемлекет басшысының сөзі жүзеге аспайтын түрі бар, - дейді Аятқан. – Жергілікті әкім өзі қалай шешемін десе де еркінде. Мәселенің бәрі солардың қолында. Қарапайым халықта ақша жоқ болғандықтан дәрменсіз отыр. Есесіне қалталылар келіп жоғарғы жақтың бірін сатып алды. Қазір мына ұлттық саябақтың ішінде 12 кодтедж салулы тұр. Бұл жер мемлекетке тиесілі, ұлттық қорық дегенімен, бәрін ақша шешеді.

Осылайша, Іле Алатауының бөктеріне қоныстанып, шаруа қожалықтарын құрып, мал өсіріп, егін салып отырған фермерлердің болашағы бұлыңғыр. Бүгінде өздері пайдаланып отырған жерлерінен ертең айрылып қаламыз ба деген оймен көңілдері күпті күйде отыр. Аятқан Тұрысбекұлының айтуынша, Қазақстанда жерді пайдалануға, шаруа қожалықтарын құруға байланысты шыққан қаулы-қарар, заң жеткілікті. Алайда соның бәрі қағаз жүзінде қалып, біреуі де орындалдмайды.

- Былтыр да Үкіметтің қаулысы шықты. Онда оралмандарға өздерінің қоныстанған жерінен алысқа жібермей, үй салып алуына, тіршілігін жасауына жер бөлінсін деп көрсетілген. Алайда біздің байқауымызша, сол орындалып отырған жоқ,- дейді фермер.

Аятқан Тұрысбекұлы бірнеше жылдан бері өзі жалға алған жерді жекешелендіріп алуды ойлап, тіпті болмаса ұзақ жылға пайдаланып отыру үшін Алматы қалалық әкімшілігінің есігін тоздырумен келеді. Үш жыл бойы қатарынан табаныан таусылып жинамаған құжаттары жоқ. Биліктегілердің айтқан қағаздарын түгел тапсырған. Алайда іс ілгері жылжымай, тығырыққа тіреліп тұр. Егер де осы алқапты ұзақ мерзімге жалға алар болса, Бұтақты сайында бие байлап, қонақтарды кұтіп, оншақты киіз үй тігіп, туристердің келуіне, демалушылардың көбеюуіне мүмкіндік ашуға деп ойлаған жоспар -жобалары үлкен.
XS
SM
MD
LG