Accessibility links

АҚШ-тың Гуантанамо түрмесінде отырған бір тұтқынның басынан кешкендері


Гуантанамо түрмесі. Куба, 20 қаңтар, 2009 жыл.
Гуантанамо түрмесі. Куба, 20 қаңтар, 2009 жыл.

Барак Обама әкімшілігі прокурорларға Гуантанамо абақтысындағы лаңкестікке қатысы бар деп айыпталып отырған тұтқындардың сот істерін 4 айға тоқтатуды бұйырды. Осы Гуантанамо түрмесінде 9 жыл отырған тұтқын Ойбек Жаббаровтың тағдыры жайында.

Сөйтіп, АҚШ президенті Барак Обама қызметіне кірісе салысымен, даулы Гуантанамо абақтысын жабу бағытында алғашқы қадам жасады. Бұл түрме көптеген адамдар үшін АҚШ-тың лаңкестікке қарсы соғысының сәтсіздікке ұшырағанын білдіреді.

Ойбек Жаббаровқа тағылған айыптар дәлелденбеген соң ,осыдан шамамен екі жыл бұрын АҚШ Қорғаныс министрлігі оны Гуантанамо абақтысынан босату жөнінде шешім шығарды. Алайда 30 жастағы өзбек азаматы Жаббаров әлі Кубадағы АҚШ абақтысында әлі отыр. Денсаулық жағдайы нашарлаған. Жаббаровтың екі баласы бар.

Өзбекстанның Наманган облысынан шыққан Жаббаровқа лаңкестікке қатысы бар деген айып тағылды, бірақ бұл айыптар дәлелденбеді. Жаббаровтың жазған хатына қарағанда оның ешкімге өкпесі жоқ.

Қазан айында ағылшын тілінде жазған хатында Жаббаров өзінің айыпты емес екендігін айта келіп, “Бірақ АҚШ үкіметінің қателігі үшін мен Америка халқын кінәламаймын”, - деген өзінің Майкл Моун есімді американдық адвокатына. “Мен әлі түрмеде болсам да, жүрегімде ешкімге өкпем жоқ”.

Барак Обама Гуантанамодағы тұтқындарға қатысты сот істерінің тоқтатылуы жөнінде бұйрық берген соң, Жаббаров пен абақтыдағы 248-ге тарта тұтқынның еркіндікті көру үміттері оянғандай болды.

Бірақ бұл жол Жаббаров үшін ұзаққа созылуы мүмкін себебі ол саяси қиындықтарға толы Орталық Азия аймағының азаматы. Сотсыз 8 жыл түрмеде отырған Жаббаровтың күрделі жағдайынан АҚШ-тың лаңкестікке қарсы соғысының дұрыс емес екендігі байқалады.

Гуантанамодағы 50-ге жуық ақталған тұтқын сияқты Жаббаровты да азат етуге болар еді, дегенмен ол әлі қамауда отыр, себебі Өзбекстан оны қабылдамай жатыр. Егер бұл тұтқындар өз елдеріне қайтарылса, қинап-азапталуы мүмкін. Және ешбір мемлекет оларға баспана бермей отыр. Буш әкімшілігі 100-ге жуық елден Гуантанамодағы ақталған тұтқындарға баспана беруді сұраған еді.

Бостонда тұратын адвокат Моунның мәлімдеуінше, Жаббаров Өзбекстанға оралмауы тиіс. Бұл елдің атышулы барлау қызметі 2002 жылы Жаббаровтан жауап алу үшін Гуантанамоға шақырылған болатын.

“Олар оған бір суретті көрсетіп, суреттегі адамдарды танып тұрсың ба деп сұрады. Жаббаров ешкімді танымады. Сол кезде Өзбекстанның бір барлау қызметкері жұдырығымен столдың үстін бір қойып, Жаббаровқа “Өзбекстанға барғаныңда бұл нәрселерді білесің” деп айтты. Ойбек енді Өзбекстанға оралсам, олар мені қинап-азаптуы мүмкін деп қауіптенеді”, - дейді адвокат Моун.

Ойбек Жаббаров Өзбекстан Ислам қозғалысының Тәжікстанда орналасқан өзбек жауынгерлері арасында болған. 1999 жылы ол Ауғанстанға көшірілген. 2001 жылы АҚШ-тың Ауғанстанды басып алуының алдында Жаббаров пен оның отбасы Мазари Шарифта тұрған екен. Ауғанстанда Жаббаров мал саудасымен айналысқан.

Сол кезде Орталық Азияда жұмыс істеген неміс журналисі Маркус Бенсманның айтуынша, Жаббаровтың іс-қимылдары Өзбекстанның ислам қозғалысы топтарының әрекеттерімен сәйкес келген.

Бірақ ол жауынгерлердің арасында Ферғана жазығынан шыққан көптеген қарапайым өзбек азаматтары болған, олар өзбек президенті Ислам Каримовтың мұсылмандарды қудалауына байланысты Тәжікстанға қашып кеткен болатын дейді Бенсман.

“Мысалы мен Ауғанстанның Құндыз қаласында Өзбекстан ислам қозғалысының архивтерін тауып алдым. Олардың ішінде Ферғана жазығынан Тәжікстанға қашып кеткен адамдардың оқиғалары жазылған кітаптар бар еді. Кейін олар сол жерде өмір сүре бастаған. Кей адамдар қаруланбаған еді. Әрине қарулы адамдар да болған, бірақ Душанбенің шығысындағы Хоит пен Тәжікабад сияқты басқа да жерлерінде қарапайым адамдар тұратын”.

Хоитта тұрған Жаббаров басында Тәжікстанға барған, сосын Ауғанстанға көшкен. 2001 жылдың қараша айында АҚШ Ауғанстанға басып кіреді. Сол кезде жергілікті адамдар мені алдап, АҚШ күштеріне тапсырды дейді Жаббаров.

Адвокат Моунның атап көрсетуінше, Жаббаров “мезгілсіз уақытта, қолайсыз жерден” табылған. Гуантанамодағы тұтқындардың 95 пайызы сияқты Жаббаров та қарусыз болған. Моунның мәлімдеуінше, американдықтар Жаббаровтың “ешкім” емес екендігін тез арада түсінуге тиіс болатын. Алайда 2002 жылдың маусым айында Жаббаров Кубаға жіберілді.

Қазір оның денсаулық жағдайы нашарлап кеткен. 2007 жылы оның омыртқасына жасалған операция сәтсіз болып, нерв жүйесіне зақым келді.

Жаббаровтың отбасының қайда екендігі белгісіз. Олар Иранның Масшад қаласындағы босқындар лагерінде тұрған болатын, бірақ кейін олардан мүлде хабар болмай, жоғалып кеткен.
XS
SM
MD
LG