Accessibility links

Ресей ЮКОС-қа елу миллиард доллар төлеуі тиіс


ЮКОС компаниясы 2007 жылдың соңынан ресми түрде жұмысын тоқтатты.
ЮКОС компаниясы 2007 жылдың соңынан ресми түрде жұмысын тоқтатты.

Гаага соты Ресейдің аса ірі мұнай компаниясын мәжбүрлі банкроттыққа ұшыратқаны үшін төленуі тиіс өтемақы мөлшерін белгіледі.

Гаага аралық соты ЮКОС мұнай компаниясының мүддесін қорғаушы Group Menatep Limited компаниясы акционерлерінің мәжбүрлі банкроттыққа ұшырату салдарынан келген шығынның өтеуі ретінде Ресейден 50 миллиардтан көп доллар өндіру туралы талабын жартылай қанағаттандырды. Ресей бұл шешімге қатысты шағымданатынын мәлімдеді.

28 шілде күні Гаагадағы арбитраж сотының тұрақты палатасы 2006 жылы банкрот деп жарияланып, 2007 жылдың қарашасында таратылған ЮКОС мұнай компаниясы өкілдерінің талап-арызы бойынша қабылдаған шешімін жариялады.

ЮКОС-тың мүлкі сатылымға қойылып, оның негізгі активі «Юганскнефтегаз» компаниясына қазір «Роснефть» мемлекеттік компаниясы иелік етеді. ЮКОС-тың қудалауға ұшыраған негізі қожайыны Михаил Ходорковский әуелі «салықтан жалтарды», кейін «алаяқтық жасады» деп айыпталып, оннан аса жылға сотталған. 2013 жылы желтоқсанның аяғында президент Владимир Путин рақымшылық жариялаған соң Ходорковский елден кетіп қалған. Ходорковскийдің өкілдерінің мәлімдеуінше, ол сот процесіне араласпаған, бірақ шыққан шешімге қатысты ризашылығын білдірген.

Ресей тарабы компанияны банкроттыққа ұшыратып, оның активтерін иемдену және Ходорковскийді саяси сахнадан тайдыру мақсатында ЮКОС пен бенефициарларға қарсы кең ауқымды басқыншылық жасаған

ЮКОС акцияларының бақылау пакеті иелерінің инвесторларды мемлекеттің жеке меншік активтерді заңсыз иемденіп алуынан (экспроприация) қорғайтын Энергетикалық хартияның 45-бабына сүйеніп, Ресейге қарсы жазған талап-арызы 2005 жылы сотқа түскен еді. Ресей бұл халықаралық құжатқа қол қойғанымен, әлі ратификацияламаған. Бірақ 2009 жылдың аяғында сот ЮКОС-тың бұрынғы иелерінің өз мүдделерін осы Энергетикалық хартия қағидалары аясында қорғау құқығын бекіту туралы шешім шығарған.

Алқабилер соты Ресейді талапкерлер көрсеткен сомадан екі есе аз соманы – 50 миллиард доллардан сәл көбірек ақша төлеуге міндеттеп, ЮКОС-тың бұрынғы қожайындарын қолдады. Group Menatep Limited компаниясы акционерлерінің адвокаты Эмманюэль Гайяр сот шешімінен келтірген үзіндіде Ресей тарабы «компанияны банкроттыққа ұшыратып, оның активтерін иемдену және Ходорковскийді саяси сахнадан тайдыру мақсатында ЮКОС пен бенефициарларға қарсы кең ауқымды басқыншылық жасаған» деп жазылған.

ФБК компаниясының стратегиялық талдау институтының директоры Игорь Николаев «Әрине, не нәрсе болсын, салыстырмалы түрде танылады ғой. Бірақ бұл қомақты ақша» дейді.

– Мысалы, бізде келесі жылы денсаулық сақтау саласына бюджеттен 400 миллиардтай рубль бөлу қарастырылған. Ресейдің денсаулық сақтау саласына бөлінген бүкіл бюджеті мына 50 миллиард доллармен салыстырғанда 3,5 есеге аз. Немесе басқа цифрды алуға болады. Ресейде қоршаған ортаны қорғауға бөлінген бүкіл шығын көлемі 50 миллиард рубльге жетпейді. Демек, ЮКОС-қа төлейтін сома Ресейдің қоршаған ортаны қорғау шығынынан 40 есе асады. Сондықтан бұл қыруар қаржы екені даусыз, – дейді Игорь Николаев.

Ресейдің халықаралық қорлары бар деген уәжбен келіскен Игорь Николаев:

Қорымыз көп екен деп небір талап-арыздар бойынша өтемақы төлей беруге жетеді деуге болмайды

– Біздің резервтік қор мен ұлтық әл-ауқат қорында үш триллион рубльден бар. Бұл ЮКОС-қа төленетін өтемақы сомасынан үш есе көп. Бірақ бұл – резервтегі ақша. Оның үстіне, бұл ақшаның бір бөлігі белгілі бір мақсаттарға жұмсауға, мысалы, ұлттық әл-ауқат қорынан қаржыландырылатын жобаларға арналғанын да ескеру керек. Мысалы, әлгі «Транссибті» жаңғырту 50 миллиард рубль тұрады. Сондықтан оған резервтегі қорымыз артығымен жетеді. Бірақ «неліктен екені белгісіз» дағдарыс кезінде әлгі резервтердің тез түгесіліп қалатынын да ескеру керек. Мысалы, дағдарыс басталған 2008-2009 жылдар мен 2010 жылдың басына дейінгі кезеңде халықаралық резервтеріміз бір жылдан сәл ғана асатын мерзім ішінде төрт триллион рубль, яғни 100 миллиард долларға «жүдеп» шыға келген. Сондықтан қорымыз көп екен деп небір талап-арыздар бойынша өтемақы төлей беруге жетеді деуге болмайды» дейді.

Мұның қанша уақытқа созыларын білмеймін, бірақ өтемақыны толық көлемде өндіріп аламыз деп үміттенемін

Дүйсенбі күні Group Menatep Limited компаниясы басшысы Тим Осборн ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы акционерлері сот жариялаған өтемақыны Ресейден толық көлемде өндіріп алудан үміттенеді деп мәлімдеді.

– Сот талапкерлердің пайдасына бір ауыздан шешім қабылдап, Ресей 50 миллиард доллар өтемақы мен 60 миллион доллар сот шығындарын төлеуі тиіс деген қаулы шығарды. Мұның қанша уақытқа созыларын білмеймін, бірақ өтемақыны толық көлемде өндіріп аламыз деп үміттенемін. Егер Ресей тарабы конструктивті ынтымақтастыққа келіссе, бұл болашақ инвесторларына жақсы нышан болар еді, – деп мәлімдеді.

Заңдық процедуралар аяқталған соң Ресей сот шешімін елемей қойып, ЮКОС-тың бұрынғы акционерлеріне өтемақы төлеуден бас тарта ала ма? Халықаралық заң саласының маманы Александр Сковородконың айтуынша, кез келген сот қаулысы сияқты сот міндеттеген тарап сот шешімін орындаудан бас тартуы мүмкін.

– Бірақ Ресей бұл сотты аралық сот ретінде таңдаған кезде оның шығарған шешімін орындайтынын мойындаған. Егер Ресей соттың бұл қаулысын орындаудан бас тартса, жапондар айтпақшы, өзінің бет-бейнесін жоғалтады, яғни Ресейдің беделі ақсайды. Бұл арада мәселе Ресей үшін қандай шығын маңызды екеніне тіреледі – беделінен айырылу ма әлде белгілі бір ақша жоғалтуды таңдай ма? Меніңше, «Ресей сот шешімін орындамауы мүмкін» деген сөздің өзі Ресейдің беделіне нұқсан келтіреді. Ал Ресей «соттың бұл шешімін орындауға әзірміз, біз үшін ақшадан абырой артық. Бірақ бұл шешімге қатысты сұрағымыз көп, бұл Ресейдің емес, әлгі соттың өзінің беделіне нұқсан келтіреді» деген позиция ұстануы мүмкін. Жалпы, аралық сот шешімдері міндетті түрде орындалуы тиіс деген талап жоқ. Бұл арада көбінесе іскерлік ортаның принципі жүреді. Қарабайыр тілмен айтқанда, айтқан сөзіңде тұрмасаң, сенімен ешкім істес болғысы келмейді.

Ресей бұл сотты аралық сот ретінде таңдаған кезде оның шығарған шешімін орындайтынын мойындаған.

Бірақ сот шешімі ресми жарияланбас бұрын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Гаага сотының ЮКОС компаниясы акционерлерінің талап-арызы бойынша шығарған шешіміне байланысты «Ресей өз мүддесін қорғау үшін барлық заңды мүмкіндіктерін пайдаланады» деп мәлімдеп, сот процесі әлі аяқталмағанын әрі апелляциялық шағым түсіру мүмкіндігі қарастырылатынын ескерткен.

Қазір ЮКОС-тың негізгі активтерін иеленіп отырған «Роснефть» мемлекеттік компаниясы «аталған дауға қатысымыз жоқ әрі жарияланған шешім бойынша жауапкер емеспіз» деп мәлімдеп, бұл процеске араласпай қойды.

«Роснефть» компаниясы таратқан мәлімдемесінде «компания ЮКОС-тың бұрынғы активтерін сатып алу жөніндегі мәмілелер мен ЮКОС-қа қатысты барлық іс-әрекеттері заңды әрі заңға сәйкес жасалған деп есептейді» деп жазылған. Сондықтан компания «жарияланған шешімге байланысты компанияға әлдебір талап қойылуы немесе аталған шешімдер компанияның коммерциялық қызметіне немесе активтеріне жағымсыз әсері болуы мүмкін емес» деп санайды.

Иван Трефилов пен Марьяна Торочешникованың мақаласынан аударылды.

XS
SM
MD
LG