Accessibility links

Голландиялық «мәңгілік смартфон» ойлап тапты


Phoneblok смартфонының үлгісі.

Phoneblok смартфонының үлгісі.

Бөлшектері жеке-жеке алынып-салынатын, Phonebloks деп аталатын ұялы телефон әлі өндіріске шықпаса да, әлемде жүздеген мың адам қазірдің өзінде оны сатып алуға ынтығып отыр.

Әзірге бір веб-сайты мен YouTube желісіне жариялаған жарнамасы ғана бар голландиялық дизайнер Дейв Хаккенс өзі ойлап тапқан Phonebloks телефоны арқылы смартфон нарығына енбек.

Оның идеясы өте қарапайым: телефонның негізгі қаңқасы қала береді де, басқа бөлшектері – экраны, колонкасы мен батареясы, жады және камерасы алмалы-салмалы болады. Яғни оларды қалауыңызша ауыстырып отырасыз. Өзіңіз құрастырып алатын бұл телефон көпшілікке танымал «Lego» ойыншығына ұқсайды.

ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ҚҰРАЛ

Phonebloks жобасының YouTube сайтындағы жарнамасына қарағанда, алмастырылатын бөлшектерден тұратын жаңа смартфон электроника қоқысының көлемін азайтып, шығындарды азайтады. Жаңа құрал бейнематериалды аз уақыттың ішінде 14,7 миллион адам көрген.

«Күн сайын ескіргеніне не істен шыққанына бола миллиондаған электрондық құралдарды қоқысқа лақтырамыз. Бірақ әдетте оның бір бөлшегі ғана бұзылады. Ал басқа бөлшектері жақсы жұмыс істеп тұрса да, тастай саламыз - себебі ол ұзақ уақытқа есептеліп жасалмаған» дейді жарнама.

Phonebloks жобасы туралы бейнесюжет


Жарнамадағы ақпаратқа қарағанда, Phonebloks концепциясы тұтынушыға телефонды өз қалауынша құрастыруға мүмкіндік береді. Тұтынушылар телефон бөлшектерін керегі мен қалауына қарай сатып алады.

«Мынау сіздің телефоныңыз, ал сіз құжаттарыңыздың бәрін «бұлтта» (онлайн архивте - ред.) сақтайсыз делік. Ендеше сізге неге күштірек батарея сатып алмасқа? Егер сіз суретті сапалырақ етіп түсіргіңіз келсе, неге пикселі көбірек камера қоймасқа? Бұларға қызықпасаңыз, онда үлкенірек колонка «орнатып» алуыңызға болады» деп қызықтырады жарнама.

ҚОҒАМ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ

Бірақ бұл жобаны әрі қарай жылжыту үшін Хаккенске инвесторлар, жобалаушылар мен өндірушілер керек.

Phonebloks смартфонының бөлшектері. Көрнекі сурет.

Phonebloks смартфонының бөлшектері. Көрнекі сурет.

Жұртшылықтың қолдауына ие болып, нарықта сұраныс бар екенін көрсету үшін жоба авторлары бұл идеяны әлемнің шартарабына таратуға кіріскен. Олар Thunderclap платформасын қолданбақ. Жобаны қолдайтындар Twitter, Facebook, Tumblr сияқты әлеуметтік желілерде өз пікірлерін қалдырады. Thunderclap оның барлығын жинап отырады да, «туит» пен «лайктарды» бір мезетте жариялайды.

Әзірге Phoneblok жобасын қолдап пікір білдіргендердің саны 800 мың адамнан асып отыр, олардың 300 миллиондай аудиториясы бар. Бұл платформа жиналған «туит» пен «лайктарды» биыл 29 қазанда жарияламақ.

«Бұл телефонға жұрттың қызығып отырғанын көрсету үшін сіздің дауысыңыз қажет. Сіз бұл шараға интернетте пікір білдіру арқылы үлес қоса аласыз. Біз мүмкіндігінше көп адамды қамтуға тырысамыз. 29 қазанда пікірлеріңіз бомба жарылғандай етіп бір мезетте жарияланады. Бұл мұндай телефонға сұраныстың жоғары екенін дәлелдейді» делінген аталған жарнамада.

«ОРЫНДАЛУЫ ЕКІТАЛАЙ ЖОБА»

Сарапшылар Phonebloks жобасын қызықты ұсыныс деп қабылдағанымен, смартфондар шығару нарығындағы қазіргі қалыптасқан бизнес модельді өзгерту қиын дейді.

Қазіргі кездегі смартфондардың бірі. (Көрнекі сурет)

Қазіргі кездегі смартфондардың бірі. (Көрнекі сурет)

Сан-Францискодағы сымсыз байланыс индустриясы жөніндегі маман Лоури Лемберт электрондық пошта арқылы берген сұхбатында голландиялық дизайнердің жобасын «керемет идея» деп бағалады. Себебі қазіргі смартфондарда «жұрт көп қолдана бермейтін қымбат бөлшектер көп».

Бірақ, маманның айтуынша, бұл жобаның жүзеге асуы «Телефон қолда қалай тұрады, оның салмағы қандай, оны түсіріп алсаң не болады?» деген сұрақтарға байланысты. «Ұялы байланыс операторлары арқылы таратуға келісім жасасу маңызды болмақ» дейді Лемберт.

АҚШ-тағы технология өнеркәсібі жөніндегі сарапшы Джеф Каган Phonebloks жобасын «жақсы әрі жаңашыл идея» деп атады. Бірақ «ұялы телефон нарығының экономикалық моделін өзгерту, мүмкін болған күннің өзінде, өте қиын» дейді ол.

Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG