Accessibility links

Голливуд сахнасындағы «Ислам Каримов»


Өзбекстан президенті Ислам Каирмов. Ташкент, 22 наурыз 2012 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каирмов. Ташкент, 22 наурыз 2012 жыл.

Голливуд актерлері осы аптада АҚШ-тың Санта-Моника қаласындағы Broad Stage Theatre сахнасында Ислам Каримов режимі мен адам құқықтары үшін күреске қатысты қойылым көрсетті.


«Жан айқайы: азаттық дауысқа мұқтаж» деп аталатын спектакльді танымал Голливуд сценарисі Джонатан Фельдман қойған. Онда Өзбекстанда адам құқықтары мен бостандықтарының аяусыз тапталатыны көрсетіледі.

Өзбекстандық адам құқығын қорғаушы белсенді, қазір психиатриялық ауруханада жатқан Елена Урлаеваның ролін Кэролайн Аарон, ал президент Ислам Каримовтың ролін Рено Вилсон ойнады. Аталмыш спектакль халықаралық Human Rights Watch ұйымының бастамасымен қойылған.

Азаттық радиосы Өзбек қызметі Human Rights Watch ұйымының өкілі Стив Свердловтан «Голливуд актерлерін бұл спектакльді қоюға қалай көндірдіңіздер?» деп сұрады.

– Негізінде бұл идея олардың өздерінен шықты. Олар – Өзбекстандағы адам құқықтарына алаңдайтын актерлер. Қойылымды мен де тамашаладым. Өте күшті әсер қалдыратын спектакль болды. Мен актерлерге Өзбекстандағы адам құқықтарын қорғаушылар қауымдастығы атынан гүл мен хат тапсырдым, – деді Свердлов.

Театр сахнасында актерлер 2011 жылы Өзбекстаннан Human Rights Watch филиалының қуылғанын да көрсеткен.

6 мамырда Голливуд актерлары ойнаған спектакль – Өзбекстан туралы алғашқы қойылым.

Human Rights Watch ұйымы спектакльдің алдағы күндері DVD дискілерге жазылып, жарияланатыны туралы хабарлады.

Штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Human Rights Watch бұдан бұрын да Америкадағы бірқатар үкіметтік емес ұйымдарымен ынтымақтасып, Өзбекстанда адам құқықтары бұзылатыны туралы, әсіресе мақта алқаптарында балалардың еңбегі қаналатыны жөнінде театрландырылған наразылық шараларын өткізген еді.

Осындай наразылық акциясының нәтижесінде президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримованың 2011 жылғы Нью-Йорк сән апталығы аясында өтеді деп жоспарланған Guli бренді шоуы ресми бағдарламадан алынып тасталған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG