Accessibility links

ИМ Ауғанстан мен Пәкістанға көз тікті


Ауғанстандағы Азаттық радиосына жіберілген бейнежазбадан скриншот.
Ауғанстандағы Азаттық радиосына жіберілген бейнежазбадан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Ауғанстан мен Пәкістанды да қамтуы мүмкін бе? Бұл аймақтағы кейбір әскерилер ИМ басшылығына адал боламыз деп ант берген соң, қауіп күшейді.

Өздерін «Ислам мемлекеті» (ИМ) деп атаған экстремистік топ Ауғанстанға да қанат жаюы мүмкін деген күдік бар. Аймақтағы бірқатар жауынгерлер осы топқа кіруге құлшынып отыр.

АУҒАНСТАННАН ЖЕТКЕН БЕЙНЕБАЯН

Осы аптада Ауғанстандағы Азаттық радиосына жеткен бейнежазбада ауған жауынгерлері деп жорамалданған үш адам ИМ-нің шайқаста көтеретін қара туының астында отыр, беттерін бүркеп жауып алған. Пуштудың газни диалектісінде сөйлеген адам «Ұлы Ауғанстанның ислам ұйымы» деген топтың өкілі екенін айтып, ИМ және оның «халифы» Әбу Бакр әл-Бағдади үшін күресуге дайын екенін мәлімдейді.

Аты-жөнін атамаған өкіл Ауғанстанның барлық жауынгерлерін, Пәкістандағы пуштун тайпаларын, Пәкістан мен Иранның балуч (белуджи) тайпаларын ИМ туы астына жиналуға шақырған.

Бірақ сөз арасында ол «Ислам мемлекетін» құрушылар айтқандай барлық мұсылмандарды жаңа халифатқа біріктіргеннен көрі, өзінің ұлттық мүддесін ойлап отырғанын байқатып қойды. Ол бірнеше мәрте Пәкістанның «Пенджаб мемлекетіне» шабуылдау туралы айтып, ауғандық «Талибан» жетекшілерін Исламабадтың мүддесіне қызмет етеді деп айыптады.

Сириядағы «Ислам мемлекеті» тобының жасағы.
Сириядағы «Ислам мемлекеті» тобының жасағы.

Солайша, ол «Ислам мемлекетін» өз еліне бостандық әперетін жалғыз күш деп сипаттады. Бейнежазба салардан бір апта бұрын Азаттықтың Ауғанстандағы тілшісіне Газни провинциясынан белгісіз біреу хабарласып, осы елдегі ИМ әскери тобының өкілімін деп мәлімдеген еді. Хабарласқан адамның пікірін растағандай болса да, бейнебаянда топтың мөлшері, әлеуеті туралы ештеңе айтылмады.

Бейнежазбадағы топ ИМ басшыларымен тікелей байланыста ма, жоқ па – ол жағын ашып айту қиын. Бірақ, ИМ рәміздерін қолдануы мен сөйлеген адамның топқа ерекше ілтипат танытуына қарап, экстремистік топтың аймақта танымалдығын және бұдан әрі кеңеюі мүмкін екенін байқау қиын емес.

«ТАЛИБАН ДА ҚОСЫЛАДЫ»

Кейбір барлау қызметтері «ИМ Ауғанстаннан адам тартуға белсенді кірісті» дейді. Ауғанстандағы ресейлік дипломатқа осы аптада дереккөздер бұл елде ИМ кеңсесін әлдеқашан ашып алғанын айтыпты. Бірақ кеңсенің қайда орналасқаны белгісіз.

Ресей президентінің Ауғанстандағы арнайы өкілі Замир Кабулов.
Ресей президентінің Ауғанстандағы арнайы өкілі Замир Кабулов.

«Оған ИМ-нің жүзге жуық мүшесі кіргенін білеміз. Түсінуімше, ИМ Талибан мен әл-Каиданы консервативтік, ескірген үлгі ретінде қарастырады. Өздерін барынша айбарлы, ауқымы зор, жетілген жаңа идеология ретінде таныстырады» деді Интерфакс агенттігіне 23-қыркүйек күні Ресей президентінің Ауғанстандағы арнайы өкілі Замир Кабулов.

Егер ИМ шығысқа қарай бет бұрса, аймақтағы әскери күш – Талибан жасағымен бәсекеге түсуі мүмкін. Тайталасқа жаңадан әскерге алынғандар да, бұрыннан келе жатқан тәжірибелі жауынгерлер де қатысуы ықтимал.

Ауғанстанда Талибанмен бірге шайқасатын «Хизб-и-Ислами» тобының командирі өткен аптада ВВС агенттігіне «басшылықтың ИМ-не адалдық антын беретініне сенімді екенін» айтты. Мируайс есімді командирдің өз атынан сөйлегені немесе басқалардың да ойын айтқаны беймәлім.

Өткен аптада Reuters агенттігі Пәкістанның тәліптерден құралған «Жамаат-ул Ахрара» атты бөлінген тобы да ИМ құрамына қосылуды қарастырып жатқаны жайлы жазды.

«Ислам мемлекеті – ислам жүйесін жүзеге асырып, халифат құру мақсатында жұмыс істейтін исламдық жихадшылар ұйымы. Біз оларды құрметтейміз. Олар көмек сұраса, ойланып, шешім қабылдаймыз» деді «Жамаат-ул Ахрар» жетекшісі Эхсанулла Эхсан 7-қыркүйек күні Reuters агенттігіне.

БОСҚЫНДАРДЫ ҮГІТТЕУ

Кейбір топтардың Пәкістандағы босқындарға арналған лагерлерді ИМ-не қосуға дайындап жатқаны байқалады. ИМ-нің қара туымен безендірілген, пушту және дари тілдерінде жазылған 12 беттік кітапша осы айдың басында Хайбер-Пахтунхва орталығы Пешавар маңындағы лагерлерде таратылды. Ол лагерлерді Ауғанстан мен Пәкістанның мазасыз аймақтарынан келген босқындар паналайды.

Ауғанстан қауіпсіздік күштері «Талибан» жасағымен соғысып жатыр. Нангархар провинциясы, 25 қыркүйек 2014 жыл.
Ауғанстан қауіпсіздік күштері «Талибан» жасағымен соғысып жатыр. Нангархар провинциясы, 25 қыркүйек 2014 жыл.

Reuters Пешавардағы діни уағызшы Самееулах Ханифидің айтуынша, кітапшаны «Ислам халифаты» (ИМ қатты қолдайтын) деп аталатын, аса танымал емес жергілікті топтың таратқанын жазады.

Оңтүстік батыс пен Орталық Азияға қарай жылжыған ИМ қазір Сирия және Иракта соғысып жүрген көптеген жасақты өзіне тартуы мүмкін. Иран жақында Сирия мен Иракта ИМ-ге қосылмақ болған ауған және пәкістан азаматтарын тұтқынға алғанын мәлімдеді.

ВВС агенттігі 8-қыркүйек күні ішкі істер министрі Абдолреза Рахманидің айтқан сөзінен үзінді келтіреді. Ол әскерилердің Иранды кесіп өткенін айтты, бірақ олардың саны мен тұтқындалған жерлерін атамады.

Сол сияқты Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан да ондаған әскери Түркия арқылы Сирияға өтіп кеткен. Олар Сирия президенті Башар әл-Асадтың режиміне қарсы күресіп жатқан экстремистік топқа қосылуды мақсат еткен.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG