Accessibility links

Үндістанның жаңа премьері не өзгертпек?


Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. 16 мамыр 2014 жыл.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. 16 мамыр 2014 жыл.

Жуықта премьер-министр қызметіне кірісетін ұлтшыл партия жетекшісі Нарендра Моди Үндістанның күш-қуатын әлемге паш ететінін мәлімдеді.

Мамырдың 26-сы күні Үндістанда жаңа премьер-министрді ұлықтау рәсімі өтеді. Өзге мемлекеттер әлемдегі халқы ең көп елдің бірінің басшысы Нарендра Модидің «ел ауқымына сай келетін қаһарлы саясат ұстанамыз» деген сөзін әр нәрсеге жорып отыр.

Үндістандағы сайлауда билікке ұлтшылдардың келуі тек осы аймақтың ғана емес, бүкіл әлемнің таңданысын тудырды. Бұл сайлаудың салдары көп болуы да мүмкін.

ПӘКІСТАННЫҢ ҚАУПІ

Үндістанның жаңа премьері ядролық қаруы бар қарсыласы Пәкістанға ұнаумен қатар қорқыту саясатын қатар ұстанатын сыңайлы.

«Бхаратия Джаната» партиясының басшысы Нарендра Моди Үндістан Пәкістанға «жақындау» саясатын жүргізуі керек деп мәлімдеген. Ізгі ниетін білдіру мақсатында ол пәкістандық әріптесі Наваз Шарифті өзінің инаугурациясына қатысуға шақырды. Исламабад та бұған ілтипатпен жауап беріп, Пәкістанға келгісі келсе Модиді қонақ етуге әзір екенін айтты.

Бірақ Үндістанның жаңа үкіметі қажет болған жағдайда Пәкістанмен қарым-қатынас мәселесінде қатаң саясат ұстанатыны қазірден белгілі. Кейбір Модидің жақтастары. Гуржарат, 16 мамыр 2014 жыл.

Модидің жақтастары. Гуржарат, 16 мамыр 2014 жыл.

сарапшылар Модидің тұсында бір-біріне секемдене қарап отырған екі ел қайта соғысуы мүмкін деген де болжам айтады.

Вашингтондағы Вудро Вильсон халықаралық зерттеу орталығының Оңтүстік Азия бойынша сарапшысы Майкл Кугелманның айтуынша, Пәкістан Кашмир аймағында қақтығыстарға себепкер болса немесе пәкістандық жасақтар Үндістанға қайта шабуыл ұйымдастырса, бұл Нью-Делидің ашуына тиетіні анық.

"Моди алдыңғы премьер сияқты тартынып қалмайтынына анық сенемін" дейді Кугелман.

Сарапшы 2008 жылғы Мумбайда болған жарылысты еске салды. Пәкістандық «Лашкар-е-Таиба» қарулы тобы ұйымдастырды деген сол жарылыстан 164 адам опат болған еді.

Моди десе, пәкістандықтардың көбі үрейленеді. Ол Гуджарат аймағының бас министрі болып тұрған тұста 2002 жылы мұсылмандарға қарсы бүлікті тоқтатуда қауқарсыздық танытты деп айыпталған. Алайда саясаткердің өзі бұл айыпты жоққа шығарады.

Бірақ Модидің жетістіктері де жоқ емес. Бүкіл Үндістан экономикалық дағдарыстан титықтап жатқанда ол Гуджарат аймағын дамытып, соның арқасында саяси ұпайын түгендеп алған. Экономикалық дипломатияны Пәкістанмен қарым-қатынасты жақсартуда құрал ретінде пайдаланса, бұдан да көп жетістіктерге жетуге болады деп санайды сарапшылар.

"Экономиканы дамытудың ең жедел жолы – Үндістанның экономикасын аймақтың экономикасымен интеграциялау. Ал мұнда Пәкістан – басты ойыншы, себебі ол Үндістанды Ауғанстан мен Орталық Азия аймағынан бөліп жатыр" дейді АҚШ-тың Атлантика кеңесінің Оңтүстік Азия орталығының директоры Шуджа Наваз.

Оның айтуынша, Үндістанға Орталық Азияның энергиясы мен жаңа нарығы ауадай қажет.

АУҒАНСТАННЫҢ ҰПАЙЫ

Үндістан – Ауғанстанның ең жақын одақтасты. Моди билікке келгесін екі ел арасындағы әскери, экономикалық және саяси ынтымақтастық арта бермек.

"Моди басқарған үкімет Ауғанстанмен қарым-қатынаста алдыңғы үкімет сияқты сақтық танытпай, батыл қимылдайды" дейді Майкл Кугелман.

Нью-Дели бұл елдің дамуына қомақты қаржы бөліп, жүздеген ауған офицерін дайындықтан өткізген. Кабул танк, ұшақ сияқты әскери көлік түрлерін сатып Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың (сол жақта) Үндістанға сапары. Нью-Дели, 12 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстан президенті Хамид Карзайдың (сол жақта) Үндістанға сапары. Нью-Дели, 12 желтоқсан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

алуда Үндістаннан қолдау күткен, алайда Нью-Дели тым артық кетіп, Пәкістанның шамына тиіп жүрерміз деп тартыншақтап қалған.

Бұл жағдай біраз өзгеріске түспек. Мәскеумен жасалған келісім-шарт бойынша Нью-Дели ауған әскеріне шағын қару түрлерін жеткізгені үшін Ресейге ақы төлеп отырады. Ал Модидің тұсында бұдан да күшті қару түрлерін апару жөнінде уағдаластыққа қол жетуі мүмкін.

Жаңа Америка қорының Орталық Азия жөніндегі сарапшысы, Ауғанстанның Франция мен Канададағы бұрынғы елшісі Омар Самадтың айтуынша, Модидің сайлануы Ауғанстанға жақсы болды.

"Үндістан аймақтағы мәселелерге басқа тұрғыдан қарай бастайды. Яғни олар қауіпсіздікті алдыңғы орынға қоя отырып, аймақтық бизнес пен сауданы дамытуға күш салмақ" деді Самад.

Сарапшының айтуынша, Үндістан мен Пәкістан Ауғанстанға біраз жылдан бері ықпал ету үшін таласып келеді, ал Кабул бұдан тек пайда табады.

АҚШ-ТАН АЛЫСТАУ

Модимен телефон арқылы тілдескен АҚШ президенті Барак Обама оны Вашингтонға келіп қайтуға шақырды. Бірақ Үндістанның жаңа премьері ол жаққа асығып отырмаған сыңайлы.

Гуджараттағы қақтығыстан соң Вашингтон Модимен байланысты үзіп, тіпті 2005 жылы оған АҚШ-ға кіретін виза бермей қойған. Моди бұған өкіне қойған жоқ, жақында жасаған бір мәлімдемесінде «жеке адамдарға қатысты оқиғалар халықаралық қатынастарға әсер етпеуі керек» деді.

Өзіне қолдау білдірген өзге елдер басшыларына Twitter әлеуметтік желісі арқылы алғыс білдірген Нарендра Моди АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің туитіне жауап қатпады. Бұл да жұртшылықтың назарынан тыс қалмады.

Наваздың айтуынша, Модимен байланысы нашар Вашингтон қазір өте ыңғайсыз жағдайда отыр:

"АҚШ Нарендра Модидің рөлінің артуына тым баяу жауап берді. Олардың Модиге бет бұруы ұзаққа созылып кетті. Әлі де сол сылбырлық бар. Байланыс орнатудағы Вашингтонның сылбырлығы қиындық туғызады" дейді ол.

Үндістан басқа мәселелер бойынша да қағажу көріп отыр. Желтоқсан айында Нью-Йоркте үнді дипломатының тұтқындалуы да ахуалға әсер етті. АҚШ-тың Үндістандағы елшісі Нэнси Пауэлл сәуір айында қызметінен кетті, оның орнына әлі ешкім тағайындалған жоқ.

Наваздың айтуынша, Нью-Дели өзін Вашингтоннан алшақ ұстағысы келеді.

"Үндістан АҚШ-тың Азияға ену саясатына әріптес болып араласуға қарсы. Үндістан өзінің бірегейлігін, тәуелсіздігін және әрекет етудегі автономиясын сақтап қалғысы келеді. Үнді мұхиты аймағында және шығыстағы көршілерінің арасында бұл елдің өз орны бар" дейді ол.

Вашингтондағы Сыртқы саясат кеңесінің Оңтүстік Азия бойынша сарапшысы Алиса Айрестің айтуынша, Нарендра Модидің бизнеске көңіл бөлу саясаты үміт ұялатады.

"Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас соңғы бірер жылда біраз қиындықтарға душар болды. Енді олар сауда және инвестиция саласында бұрынғы соқпаққа түсуге күш салады" дейді сарапшы.

РЕСЕЙГЕ ЖАҚЫНДАУ

Моди Twitter-де Вашингтон өкілінің сөзін елемесе де, Ресей президенті Владимир Путинге жазған хабарламасы ықыласты болып шықты. Моди 19 мамырда жазған туитінде «алдағы жылдары Ресеймен қарым-қатынасты бұрынғыдан да жақсартуға ниеттіміз» деген.

Ресей мен Үндістанның арасы бұрыннан жақсы. Олар әскери және экономикалық салада тығыз ынтымақтастық орнатқан. Кейбір сарапшылардың айтуынша, АҚШ пен Үндістан ара-қатынасының нашарлауы Нью-Делиді Мәскеуге бұрынғыдан да қатты жақындата түседі.

Бірақ Кугелманның айтуынша, АҚШ-пен қарым-қатынасы қандай болса да, Үндістан Ресеймен байланысын нығайта береді. Ресейдің халықаралық аренада сүйкімі кете бастағаны да, Үндістанның ірі әлемдік ойыншыға айналу ниеті де бұл қарым-қатынасқа әсер ете қоймас.

"Үндістан геостратегиялық саяси мәселелерін экономикадан, табиғи ресурстарға деген қажеттілік мәселесінен бөлек қоюға дағдыланған. Меніңше, Үндістан осындай қарым-қатынасты қалыптастыру үшін Ресеймен байланысын нығайта түсуге мүдделі. Үндістан Иранмен ара-қатынаста да дәл осындай саясат ұстанады" дейді сарапшы.

Азаттық тілшісі Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG