Accessibility links

The Economist: Жаңа медиа исламды көркейтеді


Интернет-кафеде отырған мұсылман әйелдер. Ауғанстан, 27 маусым 2012 жыл.

Интернет-кафеде отырған мұсылман әйелдер. Ауғанстан, 27 маусым 2012 жыл.

The Economist журналы жаңа технология мен интернеттің ислам әлеміндегі қазіргі орны туралы мақала жариялады.

Жан басына шаққанда смартфон қолданушылар саны мен интернеттің таралу ауқымы жөнінен дамыған батыс елдерінен еш қалыспай келе жатқан мұсылман елдерінің өміріне жаңа технология жетістіктері үлкен өзгерістер әкелді.

АУЫЗАШАР УАҚЫТЫН АЙТАТЫН СМАРТФОН

«Біреулер үшін зеңбіректің дүрсілі ауызашар уақытының келгенінен хабар беретін болса, енді біреулер үшін iPhone-дағы «Рамазан уақыты» деген арнайы бағдарлама ауыз ашатын мезгілді хабарлап, белгі береді. Бұл бағдарлама қондырғының қай жерде тұрғанына қарап ауыз бекіту уақытын өзі анықтайды. Бұл бағдарламаны әзірлеген пәкістандық PakData компаниясының басшысы Ариф Низамның айтуынша, халық смартфондардың осыншама көп мүмкіндікке ие болғанына таң қалумен келеді» деп жазады басылым.
Ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған мұсылман. Пәкістан, 2 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған мұсылман. Пәкістан, 2 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


The Economist-тің жазуына қарағанда, исламды қатаң ұстанатын діншілдер сандық технологияға қарсы көптеген пәтуәлар шығарып, чатты қолдануға және Құран сүрелерін қоңырау орнына қоюға тыйым салған. Олардың айтуынша, чат бейәдеп түрде көңіл көтеруге ұласады, ал қоңырау орнына Құранның ойнауы — оны қадірлемегендік.

Бірақ мұсылмандар күллі әлем халқы сияқты интернет пен смартфонды меңгеріп алды, тіпті кей жағдайларда әлемнің алдын орап кеткен.

Ipsos атты нарықты зерттеу компаниясының талдауына қарағанда, бай араб елдері смартфон қолданушылар саны жөнінен әлемде алдыңғы орындарда келеді. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде смартфон қолданушылар саны – халықтың 61 пайызы. Тіпті экономикалық жағдайы орташа деген Египеттің өзінде смартфон ұстайтындар - халықтың 26 пайызы. Бұл – Германиядағы 29 пайыздан сәл ғана төмен көрсеткіш. Таяу Шығыс тұрғындарының үштен бірі интернет қолданады. Ал бұл – әлемдегі орташа көрсеткіштен сәл ғана жоғары.

ЖАСТАР АҒА БУЫННАН АЛШАҚТАДЫ

Басылым Лейден университетінің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сандық (цифрлық - ред.) мәдениетті зерттеуші маманы Барт Барендрегттің пікірін берген.

- Мұсылмандар өз гаджеттерін (ақпараттық технологиялардың жаңа түрлерін – ред.) басқалар сияқты хат жазуға, әлеуметтік желілерді қолдануға, заттар сатып алуға пайдаланады. Бірақ бұл аймақтың тұрғындары технологияның ислам дініне қызмет етуіне көбірек мән береді, - дейді ол.

Маманның айтуынша, «жас мұсылмандар жаңа технологияны аға буыннан алшақтау мақсатында пайдаланғанымен, Батыстың модельдерін де жақтыра бермейді».

Смартфондардағы түрлі бағдарламалар діни жораларға пайдаланылады. Біреулері маңайдағы мешіттер мен халал дәмханаларды көрсетіп тұратын болса, енді біреулері намаз оқуды үйретеді.

Quran Majeed деген қосымшада Құранның жазба және аудио нұсқалары тек араб емес, басқа тілдерде де жазылған. Бұл мұсылмандардың қасиетті кітабын арабша білмейтін халықтарға біршама жақындата түседі. Қазірдің өзінде бұл қосымшаны үш миллион адам жүктеп алған.

FACEBOOK-ТІҢ МҰСЫЛМАНДЫҚ НҰСҚАСЫ - SALAMWORLD

Мұсылмандарға арналған интернет-парақшалардың да алуан түрі бар. Артик Кузмин есімді түрік кәсіпкері жақында Facebook-тің мұсылмандарға арналған нұсқасы – Salamworld деген әлеуметтік желіні жарыққа шығармақ.

- Жұрт интернеттегі моральдық стандарттарға алаңдайды. Ал Salamworld модераторлары осыған баса мән беріп, тәнін ашқан суреттер мен бейәдеп сөздерді алып тастап отырады, - дейді Кузмин.
Жаңадан ашылғалы жатқан мұсылмандардың әлеуметтік желісінің парақшасы. Скриншот, 9 наурыз 2012 жыл.

Жаңадан ашылғалы жатқан мұсылмандардың әлеуметтік желісінің парақшасы. Скриншот, 9 наурыз 2012 жыл.


Онлайн қызмет түрлерінің де саны артып келеді. Амстердамда отырып «әл-Асира» атты сексуалдық тақырыптағы сайт шығаратын Әбделәзіз Аорахтың айтуынша, «исламда рұқсат етілген нәрселер біз ойлағаннан анағұрлым көп». Айтуынша, оның сайты шариғат заңдарына қайшы келмейді.

The Economist «Араб көктемі» кезіндегі әлеуметтік желілердің рөлі туралы көп айтылып жүргенін жазады. Мақалада «Жаңа технология исламға түбегейлі өзгерістер әкеліп жатыр. Виртуалды әлем жаһандағы күллі мұсылман қауымның басын қосты. Алуан түрлі онлайн форумдар діни мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік берді» деп жазылған.

Мақала авторы «Қарапайым адамдар діни білімді қазір тек маңайындағы имамдардан ғана емес, өз беттерінше алатын жағдайға жеткеніне» назар аударады.

Мақалада 25 жастағы судандық блогшы Әмір Ахмад-Насырдың «Сандық төңкеріс жас мұсылмандардың тынысын ашты. Біз қазір қалыптасқан діни дәстүрлерді сынай аламыз және оны өзімізше түсіндіріп бере аламыз» деген пікірі де келтірілген.

Оның айтуынша, «интернетті үйрену арқылы ол исламның суфизм ағымына кірген» және өзінің дін әлеміне жасаған саяхатын жақында жарық көретін «My Isl@m» атты кітабында кеңінен суреттеп бермек.

МҰСЫЛМАН ӘЙЕЛДЕРГЕ ИНТЕРНЕТТІҢ БЕРЕРІ КӨП

Журнал сарапшысының жазуына қарағанда, «ықпалдары кемігенін сезген» кейбір ислам білгірлері жекелеген сайттарға, ал енді бірі тіпті бүкіл интернет атаулыға «мүлде тыйым салу керек» дейді. Бірақ жаңа медианы исламды насихаттауға, жастар арасына кеңінен таратуға пайдаланып жатқандар көп.

Каирдегі (Египет) «әл-Азхар» университетінің исламтанушы ғалымдары «исламның шұғыл желісін» ашты. Интернет пайдаланушылар осы орталыққа электронды поштамен хат жазып, 48 сағаттың ішінде сауалдарына жауап алады. Ал кейбір муфтилер өздері оқыған дәрістерді YouTube-қа жүктеп қояды.
Франциядағы мұсылман әйел жұма намазында тұр. Париж, 16 қыркүйек 2012 жыл.

Франциядағы мұсылман әйел жұма намазында тұр. Париж, 16 қыркүйек 2012 жыл.


Киберли Бен есімді алабамалық (АҚШ) мұсылман әйел «Интернеттің мұсылман әйелдердің өміріне ықпалы мол. Әйел адам үйде отбасына қарап отырып-ақ, интернет арқылы жұмысын істей береді әрі хиджап төңірегіндегі дау-дамайға да ұшырамайды» дейді. Ол – мұсылман әйелдерге бизнеспен айналысу жөнінде кеңестер беретін MuslimahsWorkingAtHome.com атты интернет-сайттың авторы.

Бизнеспен айналысуға құштар мұсылман әйелдер Мұхаммед пайғамбардың әйелі Хадишаны үлгі етеді. Мұхаммед пайғамбарға тұрмысқа шыққанда ол мықты саудагерлердің қатарында болған.

«САНДЫҚ МЕДИА ИСЛАМДЫ КӨРКЕЙТЕДІ»

Журнал сарапшыларының айтуынша, «интернеттің арам пиғылдағы адамдардың қолшоқпарына айналып бара жатқаны - рас». Тіпті «Араб көктеміне» дейін-ақ жиһадшылар жантүршігерлік бейнеклиптерді ғаламторға салу арқылы және түрлі форумдардың көмегімен өздеріне жақтастар жинауды меңгеріп алған.

Интернет діни төзімсіздіктің алаңына да айналып кеткені жасырын емес. Жақында Сауд Арабиясының басшылығы ақын Хамза Қашғариді Аллаға шәк келтіргені үшін айыптағанда, интернетте оған лағнет айтқан жағымсыз пікірлер көбейіп кетті.

«Мұсылмандар смартфондарды жаппай сатып алып, интернетті игеріп жатқан бұл заманда радикалдардың дегені бола қоймас» деп жазады автор.

«Араздық пен экстремизм жабық қоғамда өркен жаяды, ал интернет ашықтық пен төзімділікке мүмкіндік жасайды. Судандық блогшы Насырдың сөзімен айтсақ, «Баспаның пайда болуы христиан дінін қалай өркендетсе, сандық медиа исламды соншалық көркейтетін болады» деп түйінделген мақала.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG