Accessibility links

«Әл-Қаида» форумдары терроршыға да, оны аңдушыға да керек


Интернет қарап отырған адам. (Көрнекі сурет)

Интернет қарап отырған адам. (Көрнекі сурет)

АҚШ басшылары интернеттегі «жиһад форумдарын» жабу керек десе, барлаушылар онлайн желілер ақпарат алуға қажет дейді. Азаттық тілшісі «Жиһад желісі» кітабының авторы Аарон Зелинмен әңгімелесті.

Жыл сайын шығатын ескі даудың бірі - «Әл-Қаиданың» интернет форумдарын жабу мәселесі. АҚШ мемлекет басшылары «Әл-Қаида» мүшелері интернетті мұсылмандардың Батысқа деген жеккөрінішін қоздырып, жаңа террористер іздеу мақсатында пайдаланып отыр» деп санайды.

Таяу Шығыс саясатын зерттеумен айналысатын Вашингтон институтының қызметкері және «Жаһандық жиһад желісі» (“The State Of Global Jihad Online" - ред.) кітабының авторы Аарон Зелин Азаттық сұрақтарына төмендегіше жауап берді.

- Сіз «Әл-Қаиданың» форумдарында қолданушылар өте құнды ақпараттар мен нақты мәліметтер жариялайды дейсіз. Сонда бұл форумдардан қандай мазмұндағы мәліметтерді қолға түсіруге болады?

Аарон Зелин

Аарон Зелин

- Олар негізінен Араб және Батыс елдеріндегі, жалпы әлемде болып жатқан оқиғалар жайлы мақаланы форумға салып, кейбір жекелеген адамдар бір-бірімен соңғы оқиғалар жайлы пікірлеседі. Желіде жаңа мәлімдемелерді, видео материалдарды, кітаптарды, эсселерді, аудио жазбаларды салып отыратын арнайы бөлім тағы бар. Одан бөлек «Әл-Қаида» мен оның бөлімшелеріне және «Джабхат әл-Нусра» немесе Пәкістандағы «Техрик-е Талибан» сияқты белсенді жиһадшыл топтарға қатысты ресми жарияланған мәліметтің бәрін сонда салады. Одан басқа, Құран үйренуге, әйелдер мәселесіне, тіпті интернеттегі қауіпсіздік шаралары мен қауіпсіздік бағдарламасына арналған бөлімдер де бар. Бірақ желінің ең үлкен бөлігі соңғы оқиғаларға арналады.

- Өткен жазда осы желінің ең танымал тармағы - «Шумух әл-Ислам» форумында «Әл-Қаида» өзін-өзі жаруға қабілетті жиһадшыларды іздеп жарнама берді. «Әл-Қаиданың» кейбір филиалдары бұл форумды кейбір террорлық әрекеттерді өздері ұйымдастырғанын мәлімдеу үшін де пайдаланды. Сонда форум арқылы пайдаланушыларды да террорлық шабуылдар жасауға үндеп отыра ма?

- Интернеттегі форумның құрамы әртүрлі. Олардың арасында Ирак, Йемен, Пәкістан, Ауғанстан сияқты жырақта жатқан елдерден форумға араласып, пікір жазып отыратын жекелеген адамдар бар. Олар көбіне сол елдегі ең соңғы жаңалықтарды жазады. Олардан бөлек, өз елінде немесе Батыстағы үйінде отырып та форумға араласатын адамдар бар. Олардың дені - не болып жатқанын бақылап қана отыратын және көбіне басқаларға дем беріп, оларды қуаттап отыратын жақтаушылар. Компьютерде отыра беруден жалығып, әлемдегі жиһадшы топтармен байланысқа шығып, қолдарына «АК-74» автоматын алып, соғысуға бел байлаған жанкештілер де кездеседі. Сондықтан бұл мәселе форумға қандай адамның қатысқанына байланысты. Интернеттегі жиһадшыдан қарулы жанкештіге айналған оқиғалар болған. Бірақ мен мұны әбден қалыптасқан үрдіс деп кесіп айта алмаймын. Себебі кімнің кім екенін дәп басып айыру қиын. Желідегі адамның көбі жалған атпен отырғандықтан, олардың нақты қандай адамдар екенін біле алмаймыз.

- Сіз «Әл-Қаиданың» интернеттегі ақпараттық жұмыстарын «Әл-Фаджр» бұқаралық ақпарат құралы үйлестіріп отырады және бұл олардың ақпарат таратушы ресми орталығы дедіңіз. Сонда «Әл-Қаиданың» интернеттегі бейнесі қандай? Бұл ұйымның иерархиясы желіде қалайша нық орныққан?

- «Әл-Қаиданың» «Араб түбегіндегі Әл-Қаида», «Ирактағы Әл-Қаида» және «Исламдық Мағрибтағы Әл-Қаида» сияқты тармақтары толып жатыр. Әр ұйымның жеке ақпарат құрылымы бар. Мысалы «Әл-Қаиданың» Пәкістанда «Ас-Сахаб», Йеменде «Әл-Малахим», Иракта «Әл-Фурқан» және Солтүстік Африкада «Әл-Андалус» деп аталатын ақпарат құрылымдары бар. Осы ақпарат құрылымдары видео-материалдар мен жиһадшы ұйымдардың мәлімдемелерін шығарып, таратуға жәрдем береді. Мәселен, олар ақпараттық өнімдерін өзге ұйымдарды бір-біріне жалғап, дистрибьюторлық қызмет көрсетіп отырған «Әл-Фаджр» құрылымына жөнелтеді. Форумды ұйымдастырушылар жиналған ақпараттарды тақырыптар бойынша желіге жайғастырып, жұрт назарына ұсынады.

- АҚШ-тың барлау қызметі қажетті құпия мәліметтер алып отыруға керек деп форумдарды жаптырмай отыр. Форумға тиіспеудің не сыры бар? Олар барлау қызметіне қаншалықты пайдалы?

- Форумдар барлау қызметі үшін керек. Кімнің қай жақта, не істеп отырғанын біліп отырасың, әлемде не болып, не қойып жатқанын бақылап отыру да оңай болады. Олар алақандағыдай анық көрінеді. Бұл форум бал арасының омартасы сияқты. Барлық ара бір омартаның ішінде. Не болып жатқанын көріп отырасың. Бірақ олар бір орталыққа негізделмеген Twitter пен Facebook сияқты әлеуметтік желілерді пайдалана бастағанда бақылау қиынға айналады. Форумды жабу - омартаны шайқаған сияқты әрекет. Олай істесең, аралар жан-жаққа ұшып кетеді де бәрін бақылап отыру қиынға соғады.

Сұхбатты ағылшын тілінен Сағынай Кәрім аударды.
XS
SM
MD
LG