Accessibility links

Әуесқой фотограф әлі де үйренері көп екенін айтады


Моңғолиялық әуесқой фотограф Баяр Балганцэрэн. (Facebook әлеуметтік желісіндегі сурет).

Моңғолиялық әуесқой фотограф Баяр Балганцэрэн. (Facebook әлеуметтік желісіндегі сурет).

Моңғолиялық әуесқой фотограф Баяр Балганцэрэн пейзаждық суреттерді түсіреді. Ол өзінің фотоөнер жайлы ойларымен бөлісті.

Баяр Балганцэрэн Моңғолия аймақтарын аралап суретке түсіреді. Өзінің айтуынша, бірнеше әріптесімен жиылып, «джип» көлігіне мініп елдің әр қиырына сапарлап кете береді. Оның қазақтар қоныстанған Баян-Өлгий аймағынан түсірген суреттері назар аудартады. Негізінен табиғат көріністерін түсіретін ол Баян-Өлгийде жергілікті қазақтардың тұрмысы мен мәдениетін де суретке тартқан екен.

Азаттық: – Мамандығыңыз бойынша экономист екенсіз. Фотоөнерге бет бұрғаныңызға сегіз жыл болыпты. Бұл салаға қалай келіп қалдыңыз?

Баяр Балганцэрэн: – Сегіз жыл бұрын достарым арқылы Қытайдан сол кездегі бағасы бір мың доллар болатын сандық фотоаппарат сатып алдым. Фотоаппарат қолға тиген соң, көзге көп шалына бермейді-ау деген табиғат құбылыстарын түсіре бастадым. Алғашқы бетте гүлдерді, гүлге қонған көбелектерді түсіріп жүрдім. Бұл суреттерім келіншегім мен балаларыма ұнады.

Мен саяхатқа жиі шығуды ұнатамын. Жаяу болса – жаяу, көлік болса, көлікпен кете беремін. Сондай саяхаттарда табиғат құбылыстарын және көрнекі орындардың суреттерін түсіруді дағдыға айналдырдым. Суреттерім сәтті шыға бастағанда, достарым жоғары баға беретін болды. Алайда үнемі саяхатқа шығуға сол кезде уақыт аз болатын.

Сол кезде мен бір франциялық компанияда Моңғолия жағынан менеджер қызметін атқарып жүр едім. Жылына бір рет берілетін 30-35 күндік еңбек демалысында ел ішін аралап, суретке түсірумен болдым. Өткен жылы бұл компания жұмыс жасауын тоқтатты. Содан кейін фотографиямен айналысуға түбегейлі бет бұрдым. Мен – той-томалақ, спорт емес, тек қана табиғат көріністерін, пейзаждық суреттерді түсіретін фотографпын.

Баян-Өлгий қазақтары. Моңғолия, 2014 жыл. Сурет авторы - Баяр Балганцэрэн.

Баян-Өлгий қазақтары. Моңғолия, 2014 жыл. Сурет авторы - Баяр Балганцэрэн.

Сөйтіп жүргенімде Моңғолиядағы журналдар суреттерімді жариялай бастады. Алғашқы көрмем былтыр Моңғолияда өтті.

Бірде Гоби көлінен түсірген суретім Жапонияда да жарияланды. Бұл – елден тыс жерде жарияланған алғашқы суретім еді. Кейін сол суреттердің көрмелері өткізіле бастады. Жапонияның үш қаласында арнайы көрме өткіздім. Кейін National Geographic басылымы да менің суреттерімді жариялап жүрді.

Азаттық: – Сіз фотограф мамандығы бойынша біліміңізді арнайы шыңдап көрмедіңіз бе?

Баяр Балганцэрэн: – Жоқ, арнайы оқымадым. Тек Канадада болғанда белгілі фотографтардың шеберханасына барып, солардан кеңес алғаным болмаса, арнайы оқымаған адаммын. Жергілікті фотографтардан білмеген жайларымды сұрап тұрамын. Олар да өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Қалай суретке түсіру, қандай жағдайда, қандай бұрыштан қайтіп түсіру керектігін осылай үйрендім десем болады. Алайда интернет арқылы бұл саланы көп зерттеп әлі де үйреніп жүрмін. Youtube желісінде фотографтарға қажетті нұсқаулықтар көп, соларға қарап, көп нәрсе үйрендім.

Азаттық: – Моңғолияда фотоөнер қаншалықты дамыған?

Баяр Балганцэрэн: – Ойлаған деңгейде дамыды деп айта алмаймын. Жұмыс ойдағыдай бағаланбайды. Таяуда ғана моңғол фотосуретшілері одағының екінші құрылтайы өтті. Сонда мен одақтың мүшелігіне қабылдандым.

Саятшылар. Моңғолия қазақтары, Баян-Өлгий аймағы, 2014 жыл. Сурет авторы - Баяр Балганцэрэн.

Саятшылар. Моңғолия қазақтары, Баян-Өлгий аймағы, 2014 жыл. Сурет авторы - Баяр Балганцэрэн.

Азаттық: – Таяуда Бурятияда, Улан-Удэде көрмеңіз ұйымдастырылды. Қалай өтті?

Баяр Балганцэрэн: – Буряттар – моңғолға жақын халық, моңғолдың жан-дүниесін жақсы түсінеді. Онда өткен көрмем «Көшпенділер мекені» («Территория кочевников») деп аталды. Бурятияда Алтай мен Гоби сияқты ерекше мекендер болмағанымен, жалпы табиғаты Моңғолияға өте жақын. Көрмеде айтылған лебіздерге қарағанда, бұл көрмем де жаман өтпеген сияқты.

Азаттық: – Сіз үшін фотография бизнес пе, хобби ме?

Баяр Балганцэрэн: – Хобби. Кейбір журналдар мен интернет сайттары ғана болмаса, Моңғолияда суретті көп ешкім сатып алмайды. Қаламақыға күн көру деген бізде болмайды. Суреттен түсетін қаражат ел ішіне сапарлап жол шығынын өтеуге ғана жетуі мүмкін. Моңғолияда суреттен кіріс жоқ.

Баяр Балганцэрэн суретке түсірген Баян-Өлгий қазақтары

Азаттық: – Сегіз жылдан бері фотограф ретінде қалыптастым деп ойлайсыз ба?

Баяр Балганцэрэн: – Жоқ, маған әлі де көп үйрену керек. Батыс фотоөнерінен көп нәрсе үйренген абзал болар еді. Канададан бір досым Моңғолияға екі рет келіп кетті. Биыл Финляндия, Швейцария, Сингапурдан да фотограф әріптестерімді шақырып отырмын. Олардан менің үйренерім әлі де көп деп ойлаймын.

Азаттық: – Шетелдермен салыстырғанда Моңғолияда суретке түсірудің ерекше бір шарттары бар ма?

Баяр Балганцэрэн: – Жоқ. Кім, қай елден келіп, Моңғолияда қайда барамын, нені түсіремін десе де еркінде. Бізде ешкім тыйым салмайды. Мәселен, Америка мен Канадада суретке түсіру үшін рұқсат талап етіледі. Ол жақта жекеменшік жер көп болғандықтан, салынатын тыйым да көп қой деп ойлаймын.

Азаттық: – Сұқбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG