Accessibility links

Cаяси тұтқындарды «иранша» қолдау


Ирандағы репрессиядан қаза тапқан белсенді Мостафа Каримнің анасы Шахназ Карим.

Ирандағы репрессиядан қаза тапқан белсенді Мостафа Каримнің анасы Шахназ Карим.

Иранның арасында әйелдер де бар ондаған тұрғыны шаштарын тықырлап қиып, суреттерін интернетке жариялады. Олар мұндай айрықша тәсілмен саяси тұтқындарды қолдайтындарын білдірді.

Тегерандағы саяси тұтқындар жазасын өтейтін «Эвин» түрмесінің күзетшілері бірнеше тұтқынның бастарын тақырлап, оларды қорламақ болған. Өткен аптада олардың тұтқындарды ұрып-соққандары мәлім болды.

Осы аптаның басында түрмеде отырған құқық қорғаушы Абдулфатах Солтанидің шашы алынған суреті интернетке жарияланды.

Әлеуметтік желілер арқылы тараған бұл суретті сәуірдің 21-і күні түрмеге құқық қорғаушымен кездесуге барған адамдар түсірсе керек. Ақпараттарға қарағанда, Солтани «Эвин» түрмесіндегі рейд кезінде жапа шеккен. Рейд жасаушылар Солтани отырған 350-камера «тұрғындарын» ұрып-соққан.

Абдулфатах Солтанидің суреті.

Абдулфатах Солтанидің суреті.

Facebook әлеуметтік желісінде «350-камера тұтқындарымен біргеміз» атты парақша да ашылған. Елдегі және шетелдегі белсенділер суреттерін сол жерге жариялап жатыр. Бұдан бөлек, олар бұл кампанияны әлеуметтік желілерде парсы тіліндегі «сарфараз» немесе «мақтан тұту» хэштегі арқылы жүргізіп отыр. Жапа шеккен тұтқындардың туыстары да наразылық акцияларын өткізді. Қарсылық шараларынан кейін Иран түрме басшысы қызметінен кетті.

Түрменің ресми өкілі Голам Хоссейн Эсмаили тұтқындардың жапа шеккенін жоққа шығарып, «күнделікті тексеру ғана болды» деп мәлімдеді. Иран ақпарат агенттіктері сәуірдің 23-і күні Эсмаилидің Тегеран провинциясындағы әділет басқармасы бастығы болып тағайындалғанын хабарлады.

Иран сот билігінің басшысы Аятолла Садег Лариджани елдегі жаңа түрмелердің бастығы етіп Али Асгар Жахангирді тағайындады. Бұған дейін Жахангир Лариджанидің кеңесшісі қызметін атқарған еді.

(Голназ Эсфандиаридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).
XS
SM
MD
LG