Accessibility links

Иранның ИМ-ге қарсы соғысы


Тикрит қаласы маңында ИМ содырларымен соғысып жатқан Ирак сарбаздары. 2 наурыз 2015 жыл.
Тикрит қаласы маңында ИМ содырларымен соғысып жатқан Ирак сарбаздары. 2 наурыз 2015 жыл.

Ирак ұлттық армиясы Тикрит қаласын «Ислам мемлекеті» содырларынан қайтарып алуға жанталасып жатқан тұста оларға көршілес Иранның әскери көмек беріп отырғаны айқын байқалды.

Ирак үкіметі елдің солтүстігіндегі Тикрит қаласында «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырларына шабуыл бастады, бірақ бұл операцияға көршілес Иран басшылық етіп отырған тәрізді.

Иран Ислам республикасы Ирактағы ИМ экстремистік ұйымы содырларымен соғыстағы өзінің рөлін мардымсыз етіп көрсетіп келеді. Иран үкіметі «Ирактың шиит жауынгерлерін әскери дайындықтан өткізуге және елдің орталығы мен шығысындағы шииттердің қасиетті орындарын қорғауға ғана қатысып отырмыз» дейді.

Тикрит қаласы – Ирактағы сүнниттер қоныстанған аймақтың солтүстіктегі шалғай түкпірі әрі елдің бұрынғы президенті Саддам Хусейннің туған жері. Үкімет жасақтарының осы қалаға шабуылына қарап, көрші елдің бұл соғыстағы ықпалы әжептәуір күшті екенін байқау қиын емес.

АҚШ Орталық басқармасы командирі генерал Ллойд Остин АҚШ Конгресі өкілдер палатасының Қарулы күштер комитетінде сөйлеген сөзінде «Тикриттегі ұрыста Иранның көрсеткен белсенділігі – оның Ирактың шығысындағы әрекеттерінің жалғасы екенін» айтты.

«ИРАННАН КЕЛГЕН САРБАЗДАР КІМДЕР?»

Дәл сол күні Сенаттың Қарулы күштер комитетінде сөйлеген АҚШ штабтар басшылары комитеті төрағасы генерал Мартин Демпси «бұл жолы біз Иранның артиллериямен және басқа да тәсілдермен Иракқа көмектесіп отырғанын анық байқадық» деді.

Оның айтуынша, Тикрит қаласын қайтарып алу үшін соғысып жатқан 30 мың жауынгердің үштен екісі - «Ираннан келген шиит сарбаздар», ал қалған үштен бірі ғана Ирак үкіметінің өз әскері.

Қазір Иранның Ирактағы шиит әскерін дайындауға, жабдықтауға және оларға кеңес беруге үлкен үлес қосып отырғаны түсінікті болды.

Катардағы Қорғаныс және қауіпсіздік институты директорының орынбасары, Таяу Шығыс жөнінде сарапшы Майкл Стивенстің айтуынша, «Иранның қолдауына сүйенген жергілікті шиит жасақтары Ирактың бүлікшілерге қарсы соғысында алдыңғы және орта шепте жүр».

– [Тикритте соғысып жатқан] Ирак қарулы күштерінің үштен бірі шиит жасақтары деген фактінің өзі Иранның бұл елдегі қауіпсіздік саясатына қаншалық ықпал етіп отырғанын көрсетеді, – дейді сарапшы.

Бірақ олардың жергілікті емес, Ираннан келген сарбаздар екенін дәлелдейтін айғақ жоқ.

ТИКРИТТЕ ЖҮРГЕН ИРАН ГЕНЕРАЛЫ

Иранның Иракқа әскери ықпалының қаншалық күшті екенін Ирандағы Ислам революциясы сақшылары корпусының «Құдс» элиталық бригадасы басшысы Касем Сулейманидің келгенінен-ақ байқауға болады. Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда генерал Сүлеймани шииттердің арнайы операциясына басшылық етіп, Тикрит қаласында жүр. Оның Ирак сарбаздарының дайындығын пысықтап жүрген сәтіндегі фотосы Twitter-де жарияланды.

Стивенстің айтуынша, ирандықтар жалпы операцияны бақылап қана жүрген жоқ, олар ұрысқа тікелей қатысып жатыр.

- Біздің есептеуімізше, Тикритте «Құдс» бригадасының бірнеше жүз сарбазы жүр, олар тек бұйрық беріп, бақылап және логистиканы ұйымдастырып қана отырған жоқ, ұрысқа тікелей қатысып та жатыр. Олар әскер әкеліп, ондағы жасақтарды қару-жарақпен қамтамасыз етіп, әуеден бомба тастауға қатысып жатыр, – дейді Стивенс.

«ИРАН ҚОЛДАЙТЫН ШИИТ ЖАСАҚТАРЫ»

Тикрит қаласындағы соғысқа Иран қолдап отырған бірнеше шиит жасақтары қатысып жатыр.

Олардың негізгісі – Сириядағы қалалық жерлерде соғысуға машықтанған, мұздай қаруланған, жақсы қаржыландырылатын «Катаиб Хизболла» тобы. Кейбір сарапшылардың айтуынша, шииттердің Иран қолдайтын жасақтарының ішіндегі ең күштісі де – осылар.

«Асаиб Ахл әл-Хақ» тобы да Иран қолдаған жасақтардың ішіндегі ең ауқымды әрі ықпалды күштердің бірі саналады.

Бұлар әйгілі «Мұқтада әс-Садырдың» қарамағындағы «Садршылар қозғалысынан» бөлініп шыққан. Иран бұл топты ұрыстарға дайындап, оларға Ирак жерінде де логистикалық жәрдем көрсетіп отыр деген мәлімет бар.

Үшіншісі – 1980 жылдардағы Иран-Ирак соғысы кезінде Иранда негізі қаланып, ұлғайған «Бадр» саяси партиясына қарасты «Бадр» ұйымы. Оның «Бадр бригадасы» атты әскери қанаты бар. Ирак парламентінде депутаттары бар бұл саяси ұйымды Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы құрған. Сарапшылардың айтуынша, «Бадр бригадасы» тұрақты әскери құрылым ретінде әрекет етеді әрі Ирак қарулы күштерінің сапындағы бір бөлімше саналады.

Бұл үш жасақ та ондаған партизандық топтың басын біріктіретін «Жұмылдырылған халық жасақтары» сапында соғысқа қатысып жатыр. Бұл жасақтар Ирак армиясының құрылымына енгізілген әрі Ирак жүргізіп жатқан қауіпсіздік операцияларының көпшілігінде негізгі рөлді атқарады.

КІМ ҚАЙ ҰЛТ ҮШІН СОҒЫСЫП ЖҮР?

Лондонда тұратын Ирак сарапшысы Саджад Жиядтың айтуынша, Ирак қарулы күштерінің құрамына енгеніне қарамастан, бұл жасақтардың әрқайсысы жаттығуларды бөлек жасайды, олардың қару-жарағы да, логистикасы да дербес. Олар тіпті түрлі әскери қолбасшыларға бағынады.

– «Катаиб Хизболла» мен «Асаиб Ахл әл-Хақ» Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеидің жақтастары екенін ашық айтқан. Яғни олар өздерінің кімге мойынсұнатынын бүкпесіз білдірген. Соған қарамастан, бұлар – Ирак азаматтарынан құралған жергілікті топтар, – дейді Жияд.

Оның айтуынша, Тикриттегі соғысқа шииттердің қолдауына сүйенген жасақтар ғана емес, басқа да ұлттар мен діни ағымдардың түрлі қарулы топтары қатысып жатыр. Олардың арасында «Мұқтада әс-Садырға», Ирак шииттерінің рухани көсемі Аятолла Әли әл-Систаниге ант берген сарбаздар да, өз көсемдеріне бағынатын түркімен, язид, күрд жасақтары да бар.

«Иран қолдауына сүйенген топтардан айырмашылығы – бұлардың Ирак ұлтын қорғауға деген ұмтылысы, Ирак мемлекетіне деген сүйіспеншілігі бар» дейді Саджад Жияд.

ДІНИ АҒЫМДАР АРАСЫНДАҒЫ СОҒЫС ҚАУПІ

Тикрит қаласын содырлардан босату үшін болып жатқан соғысқа Иран жасақтарының қатысуы ел ішіндегі діни ағымдар арасындағы алауыздықты өршітіп жібере ме деген қауіп бар.

Тикрит қаласы тұрғындарының көпшілігі – сүнниттер. Биыл маусым айында «олар шиит жасақтарының жүздеген сарбазын қырып салды» деген де ақпарат тараған.

Шиит көсемдері, соның ішінде «Жұмылдырылған халық жасақтары» тобының ықпалды жетекшісі Хади әл-Әмири «Тикрит операциясы – кек алудың ерекше мүмкіндігі» деген сөз де айтып қалды.

БҰҰ бұл операциялар «бейбіт тұрғындар арасында адам шығынын болмайтындай әрі адамның басты құқықтарын және гуманитарлық заңның негізгі қағидаларын бұзбайтындай қалыпта жүргізілуі керек» деп мәлімдеді.

АҚШ армиясының генералы Демпси «Иранның Тикрит қаласындағы операцияға қатысуы діни ағымдар арасында бәлендей қақтығыс туғыза қоймайды» деп санайды.

Ал қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшы Стивенстің айтуынша, Иранның көрші елдегі соғысқа араласуы «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық тобының «Батыс пен Тегеран бірлесіп сүнниттерді тұқыртып жатыр» деген пікірін «дәлелдей» түсуіне жәрдемдеспек.

– Ирактың ішкі соғысына Иранның араласуы ағымдар арасындағы араздықты қоздыратыны анық. Бірақ ИМ белгілі бір ағымды қолдап отырмағанын да естен шығармаған жөн, – дейді сарашы.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG