Accessibility links

Ахмадинежад университет ашқысы келеді


Иран президенті Махмұд Ахмадинежад. Тегеран, 21 шілде 2013 жыл.

Иран президенті Махмұд Ахмадинежад. Тегеран, 21 шілде 2013 жыл.

Ирандық баспасөз құралдарының хабарлауынша, бір аптадан аз уақытта президенттік міндетінен босайтын Махмуд Ахмадинежад Тегеранда нанотехнология, әуеғарыш және ядролық ғылым университетін құрмақ.

Тамыздың 4-і күні ресми түрде қызметінен кететін Иран басшысы Махмуд Ахмадинежад болашақта немен айналысады?

Ирандағы жергілікті БАҚ оның Мәдени төңкеріс бойынша жоғарғы кеңестен Тегеранда аспиранттар дайындайтын университет ашуға рұқсат алғанын айтады. Ахмадинежадтың оң қолы Эсфандияр Рахим Машаидың айтуынша, Ахмадинежад институтты «Иран университеті» деп атамақ.

AP агенттігі ирандық Tasnin ақпарат ұйымына сілтеме жасай отырып, университетте технология, нанотехнология, әуеғарыш өнеркәсібі мен ядролық ғылымға мән берілетінін хабарлады. Мәдени төңкеріс бойынша жоғарғы кеңестің мүшесі Мохаммед Хусейн Ядегари Ахмадинежадтың «ғылыми жұмыспен айналысып, өзін ағартушылыққа арнағысы келгенін» айтады. Ахмадинежад Иранның ғылым және технология уинверситетінде көлік инженері мамандығы бойынша докторлық дәреже қорғаған.

ХОЛОКОСТЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРҒАНЫНА МАҚТАНАДЫ

Әлем халқының есінде Махмуд Ахмадинежад Иранның ядролық бағдарламасы, Холокост, гомосексуализм, Израильге қатысты мәселелер бойынша есте қалды. Осы айдың басында, Тегерандағы қоштасу рәсімі кезінде ол Холокосты жоққа шығарғанын өзінің ең үлкен жетістігі санайтынын айтты.

Шілденің 25-і күні журналистерге берген сұхбатында ол биліктен кеткен соң да «Иран халқына қызмет ете беретінін» ескертті.

Маусымның 22-сі күні адам ресурсы бойынша президенттің орынбасары Голам Хоссейн Эльхам Ахмадинежадтың 25 адамнан тұратын «Бұрынғы президент кеңсесін» құратынын айтты. Иранның реформаторлық көзқарастағы Shargh басылымы кеңсенің қызметі жаңа президенттің жұмысымен үндесіп отырады деген болжам жасады.

Ахмадинежадтың атқарушы істер бойынша орынбасары Хамид Багеи президенттер мен бұрынғы президенттердің қызметінен кеткен соң жеке кеңсе ашуға құқылы екенін айтты.

Диана Кьюканың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG