Accessibility links

"Иран атомы" келіссөзі келісімге жетті


Еуропа Одағының сырты саясат бойынша комиссары Кэтрин Эштон (сол жақтан үшінші) Иран өкілдерімен бірге тұр. Женева, 24 қараша 2013 жыл.

Еуропа Одағының сырты саясат бойынша комиссары Кэтрин Эштон (сол жақтан үшінші) Иран өкілдерімен бірге тұр. Женева, 24 қараша 2013 жыл.

Тегеранның ядролық бағдарламасына байланысты көптен бері келісе алмай жүрген елдер 24 қарашада мәміле жасасты.

Бұл туралы Еуропа Одағының сырты саясат бойынша комиссары Кэтрин Эштон мен Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф хабарлады.

Азаттық радиосы Парсы қызметінің хабарлауынша, Иран өкілі Аббас Аракчи Иранның уран байыту құқығы ресми түрде мойындалғанын мәлімдеген.

Келіссөзде Иран жағы бес пайыздан көп уран байытуды уақытша тоқтатып, Батыстың ол елге қарсы санкциясы "босаңситын" болып келісілді.

ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН КЕЛІССӨЗ

Иранның ядролық бағдарламасының басшысы Ферейдун Аббаси-Давани биыл тамызда Иранның уран байытатын центрифугаларының саны 18 мыңға жеткенін хабарлаған еді.

Аббаси-Давани Иранның уран байытатын 17 мың "алғашқы буын" центрифугалары (IR-1) бар екенін, оның 10 мыңы жұмыс істеп тұрғанын, 7 мыңы іске қосуға дайын екенін мәлімдеген.

Аббаси-Давани бұлардан бөлек, 1 мың жаңа центрифуганың уран байытуға кірісуге дайын тұрғанын айтқан. Иран таратқан мәліметтер бойынша, жаңадан жасалған 1 мың центрифуга алдыңғы буын құрылғыларына (IR-1) қарағанда уранды бірнеше есе тез байытады.

2013 жылы қыркүйекте Иранның жаңа сайланған президенті Хассан Роухани ел үкіметінің ядролық қаруға ие болуға ұмтылмайтынын және бұл даулы мәселеге қатысты Батыс мемлекеттерімен келіссөздер жүргізуге толық өкілеті барын мәлімдеген. Бұл туралы Роухани америкалық NBC телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Роуханидің бұл сөзінен кейін Иран парламентінің депутаты Хоссейн Накави Хоссейни "Тегеран уранды 20 пайызға дейін байытуды тоқтатқанын" хабарлаған.

Иран парламентінің веб-сайтында жарияланған хабарламада парламенттің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитеті басшысының орынбасары Хоссейни Иран Тегерандағы эксперименталды ядролық реакторға қажетті байытылған уран өндіріп алғанын айтып, "енді қосымша байытылған уранға қажеттілік жоғын" білдірген.

Тегераны тәжірибе ядролық медициналық изотоптар өндіруге арналғанын айтады. Бірақ АҚШ пен өзге де Батыс елдері "Иранның уран байыту бағдарламасы ядролық қару жасауды көздейді" деп санайды.

Бұл келіссөздерге Иранмен бірге "алтылық тобы" аталған - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия қатысып келеді.

Биыл қарашада Франция президенті Франсуа Олланд Иранның уран байыту бағдарламасына қатысты мәселелерді шешу үшін төрт талап қойған. Оландтың айтуынша, Тегеран әуелі Ирандағы барлық ядролық нысандарын халықаралық қауымдастықтың бақылауына рұқсат беруі тиіс. Екіншіден, Иран уранды 20 пайызға байыту жұмысын тоқтатуы қажет. Бұдан соң Иран қолда бар 20 пайызға байытылған уран қорын азайтуы тиіс. Олландтың төртінші талабы - Тегеран Аракта салынып жатқан ядролық реактор құрылысын тоқтатуы болған.

Женевада осы айдың басында өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі нәтижесіз аяқталған еді. Бұдан бұрын АҚШ сенатындағы көпшілік орынға ие демократтар жетекшісі Гарри Рид желтоқсанның басында Иранға қарсы санкцияларды қатаңдататын заң жобасын ұсынатынын айтқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG