Accessibility links

Иран аятолласы интернетті шектеуге шақырды


Иранның жоғары лауазымды діни қызметкері мобильдік интернет пен 3G қызметінің "зиянды әсерін" шектеуге шақырып отыр.
Иранның жоғары лауазымды діни қызметкері мобильдік интернет пен 3G қызметінің "зиянды әсерін" шектеуге шақырып отыр.

Иранның жоғары лауазымды дін қызметкері мобильдік интернетке қарсы. Ол жылдам интернетті бүкіл халық пайдаланбай тұрғанда шектеу қажет дейді.

Иранның ықпалды дін қызметкері «жылдам мобильдік интернет пен «үшінші буын» (3G) қызметі исламға қарсы, адамгершілік және моральдық нормаларды бұзады» деп мәлімдеді.

«ИНТЕРНЕТ – ХАЛЫҚТЫ БҰЗАДЫ»

Аятолла Насер Макарем Ширази «жылдам интернет пен 3G қызметі көпшілікке кеңінен тарамай тұрғанда оның кері әсерін тоқтату үшін билік шара қабылдау керек» дейді.

Шииттер арасында беделі жоғары Макарем Ширази «интернет сапасының жақсаруы нәтижесінде жастар ислам дініне қарсы, түрлі мазмұндағы фильмдерді көруі мүмкін және ол сыбайлас жемқорлықтың да өршуіне ықпал етеді» деп ойлайды.

Жеке сайтында жарияланған мәлімдемесінде ол «билік Ирандағы интернет саясатын бақылайтын орган – Киберкеңістік жөніндегі жоғарғы кеңеспен (SCC) кеңесуі тиіс» дейді. Бұл мекеме интернеттегі қатаң цензурамен айналысады.

Ширази «Билік бұл бағдарламаның қаржылай пайдасын ойлап қана қоймай, оны діни зияткерлік пен академиялық еркіндіктің бір түрі ретінде қарастыруы тиіс» деп жазады. Аятолла «Иранның сот органдары да бұндай өмірлік маңызы бар мәселеге немқұрайлы қарамауы керек» дейді.

Онлайн белсенділер аятолла Макарем Ширазиге қойған сауалында «Иранның байланыс министрлігі жақында жылдам интернет қызметін көрсетуге көптеген мобильдік провайдерлердің лицензия алуына мүмкіндік жасаймыз деп мәлімдегенін» айтқан.

Rightel мобильдік байланыс операторы Иранда 3G қызметін тарату құқығын алған жалғыз компания болатын. Бірақ соңғы аптада тағы екі оператор 3G таратуға лицензия алды. Дегенмен 3G абоненттері әлі күнге дейін Ирандағы мобильді кеңістіктің өте кішкентай бөлігі болып отыр.

Белсенді топ «Иранда интернеттегі әдепсіз фильмдер мен суреттерді сүзіп алып тастайтын, желінің отбасы институтын әлсірететін ықпалы мен елдегі құпия ақпаратты сату мен тыңшылық жасауға беретін мүмкіндіктерін тежейтін құрылым жоқ» деп жазыпты.

ИРАНДЫҚТАР АЯТОЛЛА ПІКІРІНЕ НАРАЗЫ

Иран президенті Хассан Роухани «интернет цензурасын азайтып, ирандықтардың ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтемін» деп уәде берген еді. Бірақ діншілдер оның бұл бастамасын іске асыруға кедергі келтіріп отыр.

Макарем Ширази «үкімет ақылдасуы тиіс» деген SCC (Киберкеңістік жөніндегі жоғарғы кеңес) төрағасы да Роухани. Бірақ Иран президенті бұл кеңесте жалғыз шешім қабылдамайды, оның ішінде Иран сотының төрағасы, Революция сақшылары гвардиясының командирі, мемлекеттік хабар тарату арналарының жетекшілері сияқты консерваторлық, қатаң діни ұстанымдағы тұлғалар көп.

SCC 2012 жылы Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің жарлығымен құрылды. Бақылау органы «ирандықтарды ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тарататын зиянды әсерлерден қорғайды».

Осы жылдың басында Роухани «интернет адам шошитын дүние емес, керісінше оны мүмкіндік ретінде қарауға тиіспіз» деген еді.

Аятолла Насер Макарем Ширази.
Аятолла Насер Макарем Ширази.

«Иран азаматтарының әлемдік желіге қосылу құқығын мойындауымыз керек» деген Роуханидің сөзін мамырдың 20-сы күні IRNA ақпарат агенттігі жариялады. Бірақ Макарем Ширазиге қойылған сауалдар мен оның жауабына қарап, лауазымды тұлғалардың интернеттен әлі де қорқатынын аңғаруға болады.

Иранның қатаң цензурасы мыңдаған сайттар мен әлеуметтік желілерді бақылап отыр. Бірақ соның өзінде бұл елдің билігі интернет ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деген үрейден арылмаған.

Макарем Ширази 3G-ге бірінші рет қарсы шығып тұрған жоқ. Өткен жылы ол бейне қоңырауларды қыжыртып, «пайдасынан зияны көп» деген еді. Оның соңғы уәжіне наразы болғандар ғаламторға пікір жазып жатыр.

Мәселен бір интернет пайдаланушы «Желіні бұрыннан бақылап келесіңдер. Енді не керек? Бұл неткен санасыздық!» деп жазады.

Тағы бір ирандық «Интернет су мен тамақ сияқты ауадай қажет» дейді. Интернет қолданушылардың көбі интернетті даму құралы санайды. Мәселен тағы бір ирандық азамат «Дамудан кенже қалған елімізде әр нәрседен тек жамандық көреді. Тіпті жүзімді де харам деп тану керек, себебі одан шарап әзірлейді ғой!» деген.

Аятолланың пікіріне наразы ирандықтар дін қызметкері өзі жете білмейтін мәселеге араласпауы тиіс деп санайды. Бір жас жігіт Facebook парақшасында аятоллаға «Өзіңіз түсінбейтін мәселеге араласып, пікір айтпағаныңыз абзал» деп кеңес берген.

Голназ Эсфандияридың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG