Accessibility links

Иран қымбат тауарларды импорттауға тыйым салды


Валюта айырбастау пунктінің қасынан өтіп бара жатқан ирандықтар. Қараша, 2012 жыл

Валюта айырбастау пунктінің қасынан өтіп бара жатқан ирандықтар. Қараша, 2012 жыл

Санкция кезінде капиталды сыртқа шығармау үшін Тегеран сырттан сатып алуға тыйым салған 75-ке жуық тауардың ішінде шетелдік көлік, қалта телефоны, косметика мен дәретхана қағазына дейін бар.

Иран билігінің уақытша саясаты бойынша шетелдік көліктер мен мобильдік телефондар енді сырттан сатып алынбайды. Тегеран осылайша салмағы қатты сезіле түскен санкциялардың кезінде миллиардтаған доллар қаржы үнемдеп қалғысы келеді.

Импорттауға тыйым салынған "қымбат", "аса қажет емес" деп саналған 75-ке тарта тауардың ішінде шетелдік жеңіл көлік, мотоцикл, косметика, дәретхана қағазы мен тағам түрлеріне дейін кірген. Осындай жолмен Тегеран шетелдік валютаның сыртқа көп шығуына тосқауыл қойып, Батыстың санкциялары салмақ түсірген жергілікті өнеркәсіп орындарын қорғағысы келеді.

АҚШ пен Еуропа Одағы Иранның қарама-қайшылыққа толы ядролық бағдарламасына қатысты экономикалық шектеулерін күшейткен сайын Иранның мұнай экспорты күрт азайып кетті. Елдің алым-салығы мен тұрақты валютасының негізгі көзі де осы - мұнай саласы.
Валюта айырбастау пунктінің терезесінде "Валюта сатпаймыз, сатып та алмаймыз" деп жазылған. Иран, қараша 2012 жыл

Валюта айырбастау пунктінің терезесінде "Валюта сатпаймыз, сатып та алмаймыз" деп жазылған. Иран, қараша 2012 жыл


Санкциялардың қыспағына төтеп беру үшін Иранның билік өкілдері "қарсыласу экономикасына" көшетіндерін мәлімдеді. Ол үшін мұнайдан түсетін алым-салыққа деген тәуелділікті азайтып, ішкі өндірісті күшейтпекші.

Иранның ұлттық валютасы 40 пайызға құнсызданып үлгерді. Көптеген тұрғындар жинаған ақшаларын тұрақты валютаға немесе алтынға айырбастап жатыр.

Мемлекеттік "Иран" газеті қарашының 8-і күні коммерция министрлігінің өкілі Хасан Худоеидің сөзіне сілтеме жасай отырып, бірқатар тауарларға тыйым салу арқылы билік Ирандағы шетелдік валютаны сақтап тұруға тырысатынын хабарлады.

"Өткен жылы импортталған шетелдік қымбат тауарлардың бағасы 4 миллиард АҚШ долларына тең болған. Ол үрдіске шектеу қою тұрақты валютаны сақтап қалуға зор септігін тигізеді” деген өкіл.

Басылымның жазуынша, Иранның коммерция министрі Мехди Газанфари жергілікті халық жылына 12 миллиард АҚШ долларына тең шетелдік қымбат заттарды тұтынатынын айтқан.

Парижде тұратын экономист Джамшид Асадидің айтуынша, бұл саясат Иранда мемлекет дағдарысы бар екенінен хабар береді. Маман шетелдік тауарлардың құны шарықтап, контрабанда саудасы қыза түсуі мүмкін деп болжайды.
Ақша айырбастау дүкендерінің алдындағы ирандықтар. Қараша, 2012 жыл

Ақша айырбастау дүкендерінің алдындағы ирандықтар. Қараша, 2012 жыл


- Шекараның бойымен контрабанда мен қара нарық маршруттары жандана түседі. Сол себепті ақшалы адамдар үшін шетелдік тауарға қол жеткізу қиын бола қоймайды. Бірақ тауарлардың бағасы күрт өседі, - дейді маман.

Тыйым салынған тауарлар тізімі бойынша Иранның өзінде шығарылатын өнімдер шеттен әкелінбеуі тиіс. Оның ішінде шаш пен бет күтіміне арналған косметика, шоколад пен кәмпиттерге дейін бар. Бірақ көптеген ирандықтар жергілікті өнімдерден гөрі сапалы Батыс тауарларын алғысы келеді.

Жаңа саясат дүкендер мен қоймаларды қаңыратып бос қалдыра қоймас. Өйткені бөлшек заттарды импорттауға рұқсат берілген. Сол себепті Иранда құрастырылатын Peugot көлігі, еуропалық брэндті үйдің керек-жарақтары, ноутбуктер мен қалта телефондарының бөлшектері сырттан тасымалдана бермекші.

Иран билігінің өкілдері ішінара кейбір тауарларға уақытша ғана тыйым салынғанын ескертеді.

Коммерция вице-министрі Хамид Сафдел компьютерлер мен қалта телефондары сияқты тауарларды Иран өз бетінше сұранысқа сәйкес өндіре алмай жатса, тыйым салу саясаты өзгереді.

Өткен айда Иран бидай, қант пен аллюминий сияқты 50-ге жуық тауардың экспортталуына да тыйым салған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG