Accessibility links

Суретшіні түрмеге түсірген – «тарақан»


Мана Нейестани, ирандық карикатурашы. Ангулем, Франция, 28 қаңтар 2012 жыл
Мана Нейестани, ирандық карикатурашы. Ангулем, Франция, 28 қаңтар 2012 жыл

Иранда саяси карикатурашы болу оңай емес. Арты дауға айналған бір суреттің өзі-ақ сізді түрмеге жабуға жетерлік себеп. Иранның карикатура салатын суретшісі Мана Нейестани мұндай қауіп барын жақсы біледі. 2006 жылы оның салған бір карикатурасы жұрттың толқуына түрткі болып, соның кесірінен ол Тегерандағы «Евин» түрмесіне қамалған.


Нейестанидің түрмеде басынан кешкендері жайында жазған жаңа кітабы таяуда Францияда басылып шықпақшы. Суретшінің қамалуына себеп болған «тарақан» оның тағдырын біржола өзгертіп жіберген.

2006 жылы Нейестани әзірбайжан тілінде «сөйлеп тұрған» жәндіктің суретін салып, онысы Ирандағы әзірбайжандардың толқуына түрткі болған. Бұл карикатура мемлекеттік «Иран» газетінің балаларға арналған бетінде басылған еді. Суретте тарақан әзірбайжан тілінде «Немене?» деп сұрап тұр. Карикатураны көрген жергілікті әзірбайжандар намысымызды қорлады деп наразылық білдіру үшін көшеге шыққан.
Мана Нейестани салған карикатура
Мана Нейестани салған карикатура

Үкімет ол толқуды күшпен басып, қақтығыс кезінде 19 адам қаза болып, көбісі тұтқындалады. Көп ұзамай Нейестани мен газеттің редакторы Тегерандағы «Евин» түрмесіндегі бір адамдық камерадан бір-ақ шығады. Қазір суретші сол бір жағдайды абсурд деп сипаттайды.

Үш айдан соң Нейестани түрмеден уақытша босағанын пайдаланып, әйелін ертіп елден қашып шығады. Ол Түркия, Малайзия мен Қытай сияқты бірнеше елді аралап, ақырында Францияға табан тіреді.

«НЕМЕНЕДЕН» ТУҒАН «МЕТАМОРФОЗА»

Қазір 39 жасар карикатурашы өзінің түрмедегі кездерін «Иран метаморфозасы» деп аталатын графикалық романында баяндайды. Бұл кітап жақында Францияда басылып шықты.

Кітаптың атауы Франц Кафканың үлкен жәндікке айналып кетіп, үйінен қуылатын адам жайлы әйгілі шығармасындағы оқиға желісін меңзеп тұр. Бұл кітап бірқатар Еуропа елдері мен АҚШ-та жарық көрмек. Романда Нейестани ұзақ-сонар тергеу кезінде өзіне «шетелдіктерден ақша алғаныңды мойында» деп психологиялық қысым жасалғанын, өтірік жалалар жабылғанын баяндайды. Осының бәрін ол ақ-қара түсті карикатура ретінде өзіне тән өткір юмормен салып шыққан.
Мана Нейестани салған карикатура
Мана Нейестани салған карикатура

Романның бір тұсында ол тергеушіге әзірбайжан тіліндегі «Немене?» деген сөзді қолданғанын айтады. Себебі ирандықтардың көбі парсыша сөйлегенде осы сөзді айта береді. «Мен ол сөзді қолданғанда оның әзірбайжан сөзі екені ойыма кіріп те шыққан жоқ» дейді ол. Тергеуші Нейестаниге «Сенің бұл жауаптарың адамды сендірмейді. Адам сенетіндей сылтау ойлап тап» деп бұйырған. Тергеуші одан бөлек өзің білетін әріптес карикатурашылар жайлы ақпарат бер деп талап қойған.

Мамандығы архитектор Нейестани еліндегі зиялы қауым жиі ұшырайтын трагикомедиялық қиын жағдайды көрсету үшін осы кітапты жарыққа шығармаққа бел байладым дейді.

«ҚАРБАЛАС ОТБАСЫНЫҢ» ТІРШІЛІГІ

Көптеген ирандық Нейестаниді соңғы екі жылда орта тапқа жататын ирандық отбасылардың өмірін сипаттайтын «Қарбалас отбасы» деп аталатын күлкілі айдардың авторы ретінде таниды. Отбасы Жасылдар қозғалысы деп аталатын оппозицияны қолдайды. Нейестани отбасының «диктатормен» арадағы қарым-қатынастарын карикатура арқылы сипаттап отырады.

Шетелде орналасқан парсы тіліндегі веб-сайтта жарияланатын бұл айдар – елде кеңінен танымал боп кетті. Осыған қарап-ақ Ирандағы қара халық үшін әзіл-сықақ шынайы өмірдің қиындықтарына төзуге сеп екенін білуге болады.
"Репрессия". Мана Нейестани салған карикатура
"Репрессия". Мана Нейестани салған карикатура

«Қарбалас отбасының» соңғы сериясында бұрынғы президент Мохаммед Хатамидің наурыз айында, басқа реформаторлар байкот жариялаған парламент сайлауына қатысып, дауыс бергені жайлы жаңалықты ести сала қарсылықтарын білдірген оппозиция мүшелерінің ашу-ызасы бейнеленген.

Карикатурада отбасының ақсақалы адам қолының қан іздері басылып қалған сайлау жәшігінің жанында тұрған Хатамиді бір салып айнаны быт-шыт қылып сындырып тастайды.

Нейестанидің суреттері саяси және әлеуметтік абсурдтармен құдайдың құтты күні бетпе-бет келіп, еркіндігі шектеулі, көңіл-күйлері пәс ирандықтардың өмірін бейнелейді.

«ИЗРАИЛЬ ИРАНДЫ СҮЙЕДІ»

Оның салған суреттері ядролық қаруды қолға түсіру ісімен әбігер болған Иранның басшыларын, Батыстың салған санкциясынан азап шегіп жатқан қарапайым қара халықтың жайын баяндайды. Кейбір шығармалары Израильмен болуы мүмкін соғысты меңзесе, енді бірі саяси тұтқындардың ауыр жағдайын сипаттайды. Түптеп келгенде оның шығармашылығы ирандықтарды әбден мезі қылған көкейкесті проблемаларға назар аудартады.

Таяуда оның «Израиль Иранды сүйеді» деп аталатын тағы бір соғысқа қарсы туындысы Facebook арқылы әлемді шарлап кете барды.
"Соғыс болмасын!" Мана Нейестани салған карикатура
"Соғыс болмасын!" Мана Нейестани салған карикатура

Бұл суретте мінбер үстінде біреуі Иранның, екіншісі Израильдің туын ұстап, бір-біріне қарап тұрған екі адам бейнеленген. Бұл екеуі екі елдің басшыларын меңзейді. Олар бомбаның формасында салынған сөздермен салғыласып тұр. Ал сол сәтте мінбердің астынан жоғарыға көтеріліп келе жатқан адам қолдары бір-бірімен гүл алмасып, достасып жатыр.

Нейестанидің бойындағы қуатты қиял оның Иранның ядролық белсенділігіне қатысты әскери жанжалдың түпкі мәнін қаншалықты терең түсінетінін көрсетіп тұр.

Азаттық радиосының тілшісіне сұхбат беріп тұрып:

- Меніңше ирандықтардың көпшілігі бұл мәселеге алаңдайды. Бұл шынында да қауіптенетіндей жайт. Біз бұл жайында жаңалықтардан күн сайын естіп отырамыз. Бұл - мен үшін кеудемнен кетпейтін қорқынышқа айналды. Себебі бұның соңы бір сұмдыққа ұласып кетуі мүмкін деп ойлаймын, - деді суретші.

ЗАМАННЫҢ ПОРТРЕТІН САЛУ

Колумбия универститетінің профессоры Хамид Дабаши Нейестанидің еңбектері сондай әсерлі, себебі суретшінің «жан-жүрегі» отанына ажырамастай байланып тұр дейді.

- Оның еңбектері біздің заманның иллюстрациясы сияқты. Нейестани Иранның тарихына өзінің творчестволық назарымен барынша терең үңіледі. Ол біздің заманның сатирасын салып жатыр. Оның еңбектеріне қарап отырсаңыз бейне бір Иранның қазірі заманғы тарихын парақтап отырғандай күй кешесіз, - дейді Дабаши.
Мана Нейестани салған карикатура.
Мана Нейестани салған карикатура.

Мұндай зор мақтау екінің біріне айтыла бермейді. Бірақ мақтау мен мойындау ирандық суретшінің көңілін тасытып жатқан жоқ.

- Бар бітіргенім - өз сенімімді берік ұстанып қалу және ар-ұжданымды таза сақтау, - дейді суретші.

Иран басшылары халықаралық қауымдастықпен келіссөздерін әлі де жалғастырып жатыр. Тегеран мен «алтылықтың» жаңа келіссөздері алдағы сенбі күні Стамбулда басталады. Ал Нейестани карикатура салуды жалғастыра бермекші.

«Карикатура арқылы һәм көзқарасымды білдіремін, һәм күнімді көремін» дейді ол.

(Мақаланы қазақ тіліне аударған – Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG