Accessibility links

Ирандағы «хараммен күрес» сайлау алдында қызды


Иранның бұрынғы президенті Акбар Хашеми Рафсанджанидің көшедегі суреті. Тегеран, 2005 жыл. (Көрнекі сурет)

Иранның бұрынғы президенті Акбар Хашеми Рафсанджанидің көшедегі суреті. Тегеран, 2005 жыл. (Көрнекі сурет)

Los Angeles Times авторы «Иран лидері Хаменеидің сыртқы саясаттағы «үлкен ібіліспен күресін» америкалықтарға түсіндіруге тырысқан. Ал Economist «хараммен күрестің» ішкі саясаттағы көрінісін жазады.

Los Angeles Times басылымында маусымның 6-сы күні жарияланған мақала (авторы Рей Такей) «Ирандағы президенттік сайлау «билікке Ислам Республикасын ұстамдылық пен прагматизмге жетелейтін басшы келсе» деген үмітті оятты» деп басталады.

«Қазіргі Иран басшылары «АҚШ Тегеранға ғана емес, барлық мұсылман елдеріне жаулықпен қарайды» деген пікірге әбден бекініп алған» деп жазады автор.

Алайда ол «сайлаудан кейінгі президент те қалыптасқан режимнің жақтасы болса, бұл жағдайдан арылудың тіпті қиындайтынын» ескерткен.

СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ «ҮЛКЕН ІБІЛІСПЕН» КҮРЕС

Автордың ойынша, АҚШ Иранның қаншалықты дәрежеде прагматикалық саясаттан алшақтап кеткен, «қатты деформацияланған ел екенін түсінбейді».

Әли Хаменеи – Иранның рухани жетекшісі.
Хаменеи 1939 жылы Иранда туған. Ислам революциясының (1979) көсемі аятолла Рухолла Хомейнидің сенімді серігі. Революциядан кейін Иран президенті болды.

Хаменеи жоғарғы рухани жетекші лауазымына 1989 жылы, Хомейни қайтыс болған соң сайланды.

Иранда рухани жетекшінің құптауынсыз саяси шешімдер жүзеге аспайды. Ол президент, парламент, министрлер кеңесі, сот жүйесі, қарулы күштер мен полиция жұмысын қадағалайды.
Los Angeles Times авторы осыны айта келіп, Иранның «деформацияланған ұстанымын» былай сипаттайды: «Хаменеидің сөзіне сенсек, қазір Таяу Шығыста, Ливан түкпірлерінде, Ирактың ұмыт қалған шекараларында, ең ушыққан жері – Сирияда діни күштердің АҚШ-қа қарсы күресі жүріп жатыр. Хаменеи өзінің осы айтқандарына өзі толық сенеді. 20-ғасырдың соңындағы советтік басшылар өз риторикасына өздері сенбесе, Хаменеи Таяу Шығысты «үлкен ібілістің» тырнағынан құтқару мақсатына шын көңілімен берілген. Иранның ядролық амбициясын да осы тұрғыдан қарау керек».

Автор АҚШ пен Иран қарым-қатынасындағы Хаменеидің рөлін түсіндіру үшін «Мәселен, АҚШ кезінде Қытайды Совет Одағына қарсы одақтас ретінде пайдаланды. Екі ел бірігіп, Мәскеудің Азия аймақтарына ықпалын тежемек болды. Вашингтон мен Тегеран арасында мұндай ортақ мүдде жоқ» деп жазады. Рей Такей Хаменеидің ондай прагматикалық түсінікке, ортақ мүддеге байланбағанын ескертеді.

Хаменеидің пәлсапасын түсіндірген автор АҚШ билігіне мынадай кеңес айтады: «Тегеранның түрлі қаһарлы мәлімдемелеріне көңіл бөлуді тоқтатып, оны диалог пен санкцияларды қатар қолдана отырып, прагматизмге, ақылға келтіру керек. Хаменеи - сөзі, мақсаттары шынайы өмірге үйлеспейтін деспот билеуші. Сондықтан онымен санаспау керек, оны ығыстыру керек».

«АҚШ-тың Иранға қатысты дипломаттары ұзақ жыл сағым қуып, ең соңында «Хаменеи шынымен де өзінің айтып жүрген сөздеріне сенеді екен» деп отырмасын» дейді Los Angeles Times авторы.

ИРАНДАҒЫ «ІШКІ ЖАҒДАЙ»

«Ібіліспен күрес» Иранның сыртқы саясатында ғана емес, ішкі саясатында да алдыңғы шепке шыққан. Оған әсер етіп отырған - тағы сол сайлау.

Economist басылымы маусымның 8-і күні Ирандағы арақ саудасы туралы мақала басты. Мақала «Тегеранның солтүстік бөлігінде орналасқан орта тап өкілдері алкогольді ішімдікті ұнатады, діни ғибадатқа селқос» деп басталған.

Азаматтардың арақ ішкен--ішпегенін полиция тексеріп жатыр. Иран.

Азаматтардың арақ ішкен--ішпегенін полиция тексеріп жатыр. Иран.

Автор Иран банкі мен мұнайына халықаралық санкция қойылғаннан бері шетелдік алкоголь өнімдері қымбаттағанын айтады. «Халық жақсы көретін Absolut Vodka арағы қазір үш есе қымбаттаған. Бұл Ирандағы армян бутлегерлеріне (арақты жасырып сатушыларға) пайдалы болды. Олар мейіз ашытып, қолдан арақ жасап сата бастады. Бұрын виски мен бренди ішкендер енді бағасы 100 мың риал (3 АҚШ долларынан аз) болатын арак (мейізден жасалатын арақтың парсыша атауы – ред.) ішетін болған» дейді ол.

Автордың жазуынша, арак саудасы Иранда қазір жақсы жүріп жатыр. «Армяндық достарым арақ бизнесінің жақсарғанын айтады» дейді ол.

Economist басылымы Иранда алкогольге тыйым салынғанын еске салады. «Оны сатушылар мен тұтынушыларды бұл елде өлім жазасына кесуі мүмкін. Бірақ христиан армяндар тұратын аудандарда ішімдікке рұқсат берілген, оны көп мөлшерде сататындар тек түрмеге жабылады» дейді автор.

Автор «қолдан жасалған ішімдіктің денсаулыққа қауіпті екенін, уланып қаза тапқандар туралы деректердің жиілегенін» жазған. «Сапасыз ішімдіктен осы аптада 6 адам қаза тауып, 350 адам уланды. Жергілікті имам Аббас Рамезанижад жағдайдың ушығып тұрғанын айтады». «Президенттік сайлау жақындаған сайын бұл жағдай саяси мақсатқа да пайдаланылып, жаманатты етудің құралына айналды» дейді имам.

«Алкогольден уланғандар көбейген күндердің бірінде осы өлкеден шыққан бұрынғы президент Акбар Хашеми Рафсанджани президенттікке үміткерлер қатарынан алынып тасталды» деп жазады Economist.

Ирандағы президент сайлауы маусымның 14-інде өтеді. Сарапшылар сайлауда кімнің жеңетіні аятолла Хаменеидің кімді қолдайтынына байланысты екенін айтады.
XS
SM
MD
LG