Accessibility links

Рафсанджанидің сайлауға түсуі билікті тіксінтті


Али Акбар Хашеми Рафсанджани, Иранның бұрынғы президенті

Али Акбар Хашеми Рафсанджани, Иранның бұрынғы президенті

Маусымның 14-і өтетін президенттік сайлауға тіркеудің соңғы сәтінде кандидатурасын ұсына қойған Иранның бұрынғы президентінің әрекеті елдің саяси билігіне ұнамай қалды.

Иранның бұрынғы президенті Али Акбар Хашеми Рафсанджанидің сайлауға түсуі мүмкін екені туралы болжам соңғы айларда онсыз да жиі айтылып жүрген. Бес күнге созылған тіркеу мерзімінің соңғы күні - мамырдың 11-і саясаткер сайлауға түсетінін мәлімдеп, қарсыластарын аң-таң етті. Рухани жетекші аятолла Хаменеиге жақын мемлекеттік БАҚ-тар мен консервативтік саяси топ өкілдері Рафсанджанидің бұл шешімін келеке етіп, сынап шықты.

Революция сақшыларына жақын консервативтік теолог Мехди Таебтің мына сөзін жартылай ресми Fars агенттігі мамырдың 12-і күні жариялады: “Хашеми өзінің танымал емес екенін, жеңілетінін және жасының келгенін біледі”.

Иранның әсіре діншіл "Кейхан" газеті Рафсанджаниді Конституциялық қадағалау кеңесін арандатпақшы деп айыптайды. Кеңес қандай да бір кандидатты қаламаса, оның сайлауға қатысуына тыйым сала алады.

РЕФОРМАШЫЛАР ҚОЛДАЙТЫН КОНСЕРВАТОР

Қалыпты консерватор саналатын Рафсанджани қиын-қыстау саяси өткелдерден шебер түрде өтіп кететін айлалы саясаткер ретінде танылған. Бір жағынан өзі Иранның қазіргі билік жүйесін құрушылардың біріне жатады, әрі теократиялық жүйеде жоғары лауазымға ие. Бірақ екінші жағынан ол Иранды "дағдарыстағы мемлекет" деп сипаттап, саяси тұтқындарды босатуға шақыру арқылы діни және саяси консервативтік күштердің ашу-ызасын тудырған.

Ұлыбританиядағы Бирмингем университетінің ирантанушысы Скот Лукастың пікірінше, Рафсанджани ел-жұртты өз төңірегіне топтастыра алатын тұлға сияқты көрінуге бейіл. Саясаткер Иранның әлсіреген экономикасы мен Батыстың қыспағына түскен ядролық бағдарламасы сияқты негізгі мәселелерін шешуге қабілетті саясаткер ретінде де танылғысы келеді.
"Жасыл қозғалыс" мүшелерінің Тегерандағы шеруі. 15 маусым 2009 жыл

"Жасыл қозғалыс" мүшелерінің Тегерандағы шеруі. 15 маусым 2009 жыл


- Рафсанджани режимге наразы жұрт қолдайтын кандидатқа айналмақ. Оның 2005 жылғы сайлауда Махмуд Ахмадинежадтан жеңілуін әділетсіздік деп санайтын өз жақтастары бар, Ахмадинежад үкіметінен көңілі қалған қалыпты консерваторлар бар, 2009 жылдан бергі қуғыннан зардап шеккен реормашылар мен "Жасыл қозғалыс" мүшелері және бар, - дейді ирантанушы.

Лукастың сөзінше, Рафсанджани ұстанған саясат - экономикалық либерализация, Батыспен қарым-қатынасты жақсарту және елдің сайланбалы органдарын күшейту дауыс берушілердің оны қолдап шығуына негіз боларлық жайттар.

1989-1997 жылдары Иран президенті болған Рафсанджани биылғы сайлау науқаны кезінде мамырдың 12-сі күні "шетелдік қоқан-лоқы мен санкциялар" заманында “экономикалық және саяси” жаңаруға шақырды. Оның бұл сөздері 2009 жылы Ахмединежад қайта сайланған кезден бері үкімет тарапынан шектеу қойылып, қоғамдық аясы тарыла түскен реформашылардың қолдауына ие болары анық.

"ҰЛТТЫҢ БІР МҮМКІНДІГІ"

Бұрынғы реформашыл президент Мохаммед Хатами жақында Рафсанджанидің сайлауға түсетінін "ұлттың бір мүмкіндігі" деп атап, реформашылар мен қалыпты консерваторларды бірігуге үндеді.

Лукастың пайымдауынша, Рафсанджанидің кандидатурасы аятолла Хаменеиге жақын консерваторлар үшін күтпеген жайтқа айналды. Рухани жетекші алдағы сайлауда негізгі кандидаттың "айқын жеңіске" жетіп, "Ирандағы саяси бірлікті" тағы бір паш еткізуін қалайды.

- Рухани жетекшіге жақын топ ылдым-жылдым өтетін сайлауда негізгі кандидат жеңіске жетіп, маусымда аты жария болғанын қалап еді. Ондай ортақ кандидат табылмағандықтан Рафсанджанидің бәсекеге түсуіне қолайлы сәт туды. Дәл қазір көптің қодлауына ие болу тұрғысынан қарағанда Рафсанджани жетекші кандидатқа айналып тұр, - дейді сарапшы.
Хашеми Рафсанджани (сол жақта) мен Иран президенті Махмуд Ахмединежад намаз оқу кезінде.

Хашеми Рафсанджани (сол жақта) мен Иран президенті Махмуд Ахмединежад намаз оқу кезінде.


Рафсанджанидің 78 жаста саясатқа қайта оралуы расында да күтпеген оқиға болды. Ол 2009 жылы үкіметтің демонстранттарды қатаң түрде жазалуын айыптап, содан бері рухани жетекші мен әсіре консерваторлардың сынына ілінген болатын.

Соңғы төрт жыл бойы Рафсанджани Тегеран университетінде өтетін дәстүрлі жұма намазда құтпа оқудан шеттетілген. Эксперттер кеңесіндегі жетекшіліктен алынып, қоғамдық іс-шаралар кезінде түрлі айыптауларға ұшыраған.

Оның қызы соңғы президент сайлауынан кейін болған оқиғалар кезінде айыпталып, алты ай қамауда болып шыққан. Оның ұлы да осы оқиғаларға байланысты алдағы айда сотқа тартылмақшы.

Бірақ Рафсанджани Саяси сәйкестік кеңесіндегі төраға қызметінен айырылған жоқ. Бұл ұйым парламент пен Конституциялық қадағалау кеңесі арасында туған даулы мәселелерге қатысты пәтуа шығарады.

Саяси бәсекеге қайта оралғанына қарамастан Рафсанджанидің президенттікке кандидаттар тізіміне іліну-ілінбеуі әлі белгісіз. Үміткерлердің арасынан лайықты деген кандидаттарды 12 мүшелі Конституциялық қадағалау кеңесі мамырдың 21-і күні таңдап алады.

Лукастың пікірінше, рухани жетекшінің ықпалындағы кеңес Рафсанджанидің кандидатурасын алып тастаса, зор қате жасайды.

- Мәселенің ең қиыны - егер Рафсанджаниге тыйым салса, сайлаудың легитимдігі жоққа шығады. Әсіресе, 2009 жылдан бері легитимдік мәселесі өте маңызды жайтқа айналды. Оның үстіне дәл қазір консерваторлардың танымалдық бойынша Рафсанджаниге тең келетін балама үміткері жоқ, - дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG