Accessibility links

Хиджап киіп жүзсе де, рекорды тіркелмеді


Ирандық жүзгіш әйел Елхам Асгари. YouTube видеосынан алынған скриншот.

Ирандық жүзгіш әйел Елхам Асгари. YouTube видеосынан алынған скриншот.

Каспий теңізінің жағалауын жүзіп өтіп, рекорд жасаған ирандық әйел осы жетістігін тіркеуден бас тартқан ел үкіметіне әлеуметтік желілер арқылы наразылығын білдірді.

Суға малшынған көйлек, оның сыртынан ұзын жамылғы киіп, басыңызға суда жүзуге арналған бас киім, оның үстінен шаш пен мойынды түгел жасырып тұратын орамал тағып жүзіп шықсаңыз, ал басшылық сізді «тым ашық киінген» деп жазғырса, қандай күй кешер едіңіз?

Маусымның 11-і күні 8 сағат ішінде Каспий теңізінің Иран жақ жағалауының 20 шақырымын жүзіп өтіп, Ирандағы әйелдер арасындағы рекордты жаңартқан Елхам Асгари дәл осындай киім киіп шыққан. Оның рекорд жаңарту сәтін бірнеше әйел қайықтардан бақылап тұрған. 32 жастағы спортшы Ноушахрдағы (Новшахр деп те жазылады – ред.) әйелдерге арналған жағалауды бойлай жүзіп өткен. Мұнда ерлердің келуіне тыйым салынғандықтан, оның жетістігін бірде-бір ер кісі көре алмады.

Алайда Асгаридің айтуынша, ресми орындар "киімі ислам талаптарына сай келмейді" деп, оның рекордын есепке алудан бас тартқан.

Жүзгіш ел ішіндегі ахуалға байланысты Азаттық радиосына сұхбат беруден бас тартты, бірақ Иран ақпарат құралдарына пікір білдіріп, сөйлеген сөздерінің бейнетаспасын YouTube сайтына орналастырды.

"ЖҮЗГІШ ӘЙЕЛДЕРДІҢ КИІМ ҮЛГІСІ АНЫҚТАЛМАҒАН"

«Ол күні киімім денемді түгел жауып тұрды. Менің жеті куәгерім бар және әйелдерге арналған жағалауда жүздім. Онда бірде-бір ер адам болған жоқ. Енді олар менің киімімді исламға қайшы дейді. Өздері 20 метр де жүзе алмайтындар менің 20 шақырым жүзіп өткен рекордымды тартып алды» дейді спортшы.

Асгари 27 маусымда «Баһар» басылымына берген сұхбатында «ресми орындардың бұл рекордты есепке алмау себебі - Иран Ислам Республикасында әйелдердің ашық суда жүзуіне арналған киім үлгісі әлі бекітілмеген» деген мәлімет келтірген.
Ирандық үстел теннисшісі Неда Шахсавари

Ирандық үстел теннисшісі Неда Шахсавари


Асгари бұл шешіммен келіспейді және барлық спорттық мекемелерге хабарласып, әлеуметтік желі арқылы әділдік жолындағы күресін бастап кетті.
«Қысымнан тосылып қалмаймын» дейді ол YouTube сайтындағы сұхбатында. Оның айтуынша, жүзу тек ерлерге тән спорт түрі емес. Асгаридің бұл бейнежазбасы әлеуметтік желі арқылы кең тарап кетті.

"ЗОР БАТЫЛДЫҚ"

Әйгілі спорт комментаторы Мехди Ростампур Асгаридің бұл күресі көпшіліктің назарын аударып, қолдауға ие болды дейді.

- Меніңше, Елхам Асгари зор батылдық танытты. Сайлаудан кейінгі салыстырмалы түрде еркіндік берілген кезеңді пайдаланып, бейнетаспаға түсіп, сұхбаттар беріп, өз құқықтарын қорғайтынын қадап айта бастады. 20 шақырым қашықтықты жүзіп өткен адамның бұлайша табанды болуының себебі түсінікті. Бұл оның өзіне деген сенімін және күш-жігерін айғақтайды, мұның өзі өте құптарлық жайт. Ол өз ұстанымын қорғап, басқаларды да нандыра білді, - дейді комментатор.
Иранның футболдан әйелдер ұлттық құрамасы

Иранның футболдан әйелдер ұлттық құрамасы


Иран әйелдері 1979 жылғы революциядан кейін енгізілген қатаң заңдардың кесірінен көп шектеуге ұшыраған. Бұл шектеу олардың спортпен айналысуына да әсер етті. Иран әйелдері футбол, садақ ату, нысана көздеу сияқты спорт түрлерімен ғана айналыса алады. Оның өзінде олар ислам талаптарына сай, ресми түрде бекітілген киім киеді. Бұл киім көбіне олардың еркін қозғалуына кедергі жасайды. Мәселен, Асгаридің айтуынша, жүзу кезінде киімі алты килограмға дейін ауырлап, жүзуін қиындатып, денесін жарақаттаған.

«ҚАЛАЙ КИІНСЕ ДЕ, ӘЙЕЛДІҢ ЖҮЗГЕНІ ҚҰПТАЛМАЙДЫ»

Салынған тыйымға қарамастан, Ирандағы көптеген әйелдер кәсіби спортта едәуір жетістіктерге жетіп жүр. Консерваторлар олардың іс-әрекеттерін шариғатқа қайшы деп әр жерде сынап, әйелдердің спортқа араласуына қарсылық білдіріп келеді.

Спорт комментаторы Ростампурдың айтуынша, мерзімі аяқталуға жақын президент Махмуд Ахмадинежадтың тұсында әйелдерге салынатын спорттық шектеулер тым күшейіп кеткен.

- Үкімет 1979 жылғы революциядан бері әйелдер аз да болса жетістіктерге жетіп жүрген спорт түрлеріне шектеу қойды. Олар бұл спорт түрлері мұсылман әйелдің денсаулығына зиян деп, кейбіріне тыйым салды, - дейді Ростампур.
Үкімет 1979 жылғы революциядан бері әйелдер аз да болса жетістіктерге жетіп жүрген спорт түрлеріне шектеу қойды.

Асгаридің айтуынша, ол мұның алдындағы рекордын 1999 жылы жасап тіркеткен, ол кезде киген киіміне ешкім сын айтпаған.

Ол «Баһар» басылымына берген сұхбатында Иранның дене шынықтыру департаменті басшысының әйелдер спортына жауап беретін орынбасары Марзие Акбарабади деген әйел адаммен сөйлескенін айтқан.

- Ол кісі маған «тіпті орамал тағып, басын тұмшалап алса да, әйел адамның суда жүзуі құпталмайды» деді, - дейді Асгари.

Асгаридің айтуынша, Акбарабади оған басқа спорт түрін таңда деген кеңес берген.

Ростампурдың сөзінше, ресми қолдауға ие бола алмай жүрген жалғыз Асгари емес. "2011 жылы қаза болған альпинист Лейла Есфандияри де үкіметтен қолдау көрместен кетті" дейді ол.

- Лейла Есфандияри әлемдегі ең биік шыңдарға шығып, халықаралық командаларға қосылар еді. Үкімет оны қолдаған жоқ. Ол Гималай тауларына өрмелеп жүріп, қапыда қаза тапқанда барып ресми орындар көңіл аударып, арнайы рәсім өткізіп, жерлейік деп шықты. Қазасының алдында жазылған бейне сұхбаттарында Есфандияри ешқандай қолдау мен көмек алмағанын, тіпті халықаралық альпинистік сапарларға өз қаражатын жұмсап барып жүргенін айтқан, - дейді Ростампур.

Иранның спорт әкімшілігі жүзгіш Елхан Асгаридің арызына ресми түрде жауап берген жоқ. Ал спортшы өз рекордын тіркету жолындағы күресін жалғастыра бермек.

Гүлназ Есфандиаридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG