Accessibility links

Сауалнама Роуханидің абыройын асыруы да мүмкін


Роухани Обамамен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, оны әуежайдан қолдаушылары қарсы алды. Тегеран, 28 қыркүйек 2013 жыл.

Роухани Обамамен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, оны әуежайдан қолдаушылары қарсы алды. Тегеран, 28 қыркүйек 2013 жыл.

Иран президенті Роухани «Ирандықтар АҚШ-пен дипломатиялық келіссөздер жүргізуді қолдай ма, жоқ па?» деген сауалнамаға тапсырыс берді. Пікір білдіру кезегі қарапайым ирандықтарға тиді.

Бұдан 10 жыл бұрын осы тақырыпта сауалнама жүргізгені үшін қудаланған ирандық мамандар «бұл жолғы сауалнама жаңа президенттің беделін көтереді» деп болжайді. Иран басшылығы мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар шиеленісіп тұрған кезде жасалған бұрынғы сауалнама қорытындысы билікке ұнамаған еді.

ЕЛ РАЙЫН АҢДАУ

Роухани қазір «Иранның әлемдік сахнада ашық болуы саясатын» ұсынып отыр. Бұл туралы елде қызу талқыланып та жатыр.

Иран президенті Хассан Роухани. Иран, 2 қазан 2013 жыл.

Иран президенті Хассан Роухани. Иран, 2 қазан 2013 жыл.

Президент әкімшілігі «Үкіметтің жаңа қадамы туралы ел не ойлайды?» деген сұрақтың жауабын білгісі келеді.

Ақпараттарға қарағанда, Роухани бұл сауалнаманы жүргізу үшін екі агенттікке қатар тапсырыс берген.

Ол қазанның 2-сі күні «Зерттеу ирандықтардың қанша пайызы АҚШ-пен жақындасуды қалайтынын көрсетеді. Халықтың бір пайызы ғана қарсы болған жағдайда да, осы бір пайыздың бізді сынауға хақысы бар» деп мәлімдеген.

Оның бұл әрекеттерін консерваторлар сынап отыр.

10 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ САУАЛНАМАНЫҢ ТАРИХЫ

АҚШ-қа қарсы шығу мемлекеттік идеологияға айналған елде АҚШ-пен мәмілеге келу туралы кез келген ұсынысқа тыйым салынып келген еді.

Иранда дәл осы тақырыпта сауалнама жүргізген бірнеше маман «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірді, тыңшылық жасады» деген айыппен 2002 жылы сотталып кеткен.

АҚШ-та тұратын ирандық әлеуметтанушы Хоссейн Газиан.

АҚШ-та тұратын ирандық әлеуметтанушы Хоссейн Газиан.

Сол жолы Тегеран халқының 74 пайызы АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартуды қолдаған еді. Сауалнама нәтижесін IRNA ақпарат агенттігі жариялаған. Мұндай көрсеткіш Иран басшыларына ұнамады. Артынша осы сауалнамаға қатысы бар бірнеше маман түрмеге қамалды.

Сауалнаманы Иранның танымал әлеуметтанушы ғалымы Хоссейн Газиан басқаратын зерттеу институты жүргізді. Газианның өзі соттан әрең дегенде аман құтылған. Бірақ кейінірек Вашингтон қаласындағы орналасқан Gallup ұйымының тапсырысымен жүргізген зерттеуі үшін оны бәрібір түрмеге қамады.

Қазір АҚШ-та тұратын Газианның ойынша, жаңа сауалнама Роуханидің Ирандағы қарсыластарымен күресіне көмектеседі. «Роухани Иранның бұрынғы қатаң саясатын жақтайтындарға «сендердің талаптарың халық тілегіне қайшы» деп айта алатын болады» дейді ол.

«АҚШ-ҚА ҚАРСЫЛАР АЗАЙЫП БАРАДЫ»

Роухани АҚШ президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, оны сынағандардың дауысы қаттырақ шыға бастады.

АҚШ президенті Барак Обаманың Иран президенті Роуханимен телефон арқылы сөйлесіп отырған суретін Ақ үй жариялады. АҚШ, Вашингтон, 27 қыркүйек 2013 жыл.

АҚШ президенті Барак Обаманың Иран президенті Роуханимен телефон арқылы сөйлесіп отырған суретін Ақ үй жариялады. АҚШ, Вашингтон, 27 қыркүйек 2013 жыл.

Алайда Иран тұрғындарының көпшілігі Роуханидің Обамамен сөйлескенін қолдайтынын байқатты. Қолдаушылар бұл бастама АҚШ-пен арадағы қарым-қатынастың жақсарып, экономиканы титықтатқан санкциялардың жойылуына септігі тиер деп үміттенді.

Иран мен АҚШ арасындағы қатынастар 1979 жылғы революция кезінде Ирандағы АҚШ дипломаттары тұтқынға алынған оқиғадан кейін үзілген еді. Содан бері екі ел арасында байланыс жоқ.

Егер сауалнама Хассан Роуханидің саясатын жұрттың қолдайтынын көрсетсе, бұл АҚШ-пен араздықты бұрынғыдай жалғастыра беруді қалайтындарға соққы болып тиеді. Олар «Барак Обамамен сөйлесу - Роуханидің асығыс жасаған қателігі» деп мәлімдеген.

Сауалнама орталығының және ұлттық зерттеу институтының бұрынғы басшысы Бехруз Геранпайе 2002 жылғы зерттеуден соң түрмеге жабылған. Ол жақында Shargh газетіне «Сол кезде зерттеу нәтижесін бұрмалауға тырысқан билік өкілдері халық пен консерваторлар көзқарасының екі түрлі екенін бәрібір жасыра алмады» деп жазды.

"Одан бері жағдай өзгерді" дейді сарапшы. Оның ойынша, қазіргі Иранда прагматиктер көбейіп, АҚШ-пен келіссөздерге қарсы адамдар азайып келеді.

Иран астанасы Тегеран көшесі. 2013 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Иран астанасы Тегеран көшесі. 2013 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Газианның айтуынша, «үкімет басшылары экономикалық санкциялардан құтылу үшін АҚШ-пен арадағы дұшпандықты (Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіспеушіліктерді де – ред.) доғаруға дайын отырған сияқты».

Роуханидің АҚШ-пен қарым-қатынасты реттеу саясатын Ирандағы көпшілік қолдап отырғанын байқау қиын емес. Негізінен консерваторлардан құралған Иран парламенті де Роуханидің дипломатиялық қадамын құптайтынын білдірді.

«Елдің жоғарғы басшысы Аятолла Әли Хаменеи Роуханидің Обамен сөйлескенін аздап сынады» деген ақпараттар тарағанымен, оның жаңа президентті қолдайтыны айтылып жүр.

Бұған дейін мемлекет қолдап келген «Америкаға өлім келсін!» деген ұранға қатысты позициясын да үкімет қайта қарап жатыр.

«ЖАУ КЕРЕК»

Газианның пайымдауынша, діни элита бұрыннан жұртты өздерінің адал екендеріне сендіру үшін «жау бейнесін» пайдаланып келген. Жақын арада одан айрылғысы келмейді.

Ирандықтар АҚШ елшілігі жанында қарсылық акциясын өткізіп жатыр. Тегеран, 4 қараша 2009 жыл.

Ирандықтар АҚШ елшілігі жанында қарсылық акциясын өткізіп жатыр. Тегеран, 4 қараша 2009 жыл.

«Стратегиялық тұрғыдан алғанда Иранға дұшпан керек. Саяси жүйе өзгермейінше, Иранға қазір де, келешекте де бір дұшпан керек болып тұрады» дейді Газиан.

Оның осы болжамын Иран баспасөзіне сұхбат берген консерваторлар пікірі растай түседі.

Иранның діни басшыларының бірі Ходжатолеслам Джафар Шабуни Fararu сайтына берген сұхбатында «Бізге Америка сияқты өтірікші елді зерттеудің қажеті шамалы. Халық АҚШ-тың кесірінен жапа шегіп отырғанын біледі және АҚШ-қа ешқашан сенуге болмайтынын жақсы түсінеді» дейді.

Консерватор депутаттардың бірі Хамид Расайидің де ойы осыған саяды. «Халық пікірі бұрыннан белгілі. Әртүрлі мемлекеттік мерекелерде және діни мейрамдарда миллиондаған халықтың шеруге шығуы және өткен маусымдағы президенттік сайлауға 35 миллион ирандықтың жаппай қатысуы Американың бетіне шапалақ болып тиді» дейді ол.

Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG