Accessibility links

Ирандықтар Украинадан өздерін «көреді»


Тегеран көшелерінде адамдар газеттерге қарап тұр. (Көрнекі сурет)

Тегеран көшелерінде адамдар газеттерге қарап тұр. (Көрнекі сурет)

Украинадағы оқиға Иран элитасының халық көтерілісінен қорқатынын байқатты. Жұрт ішінде «Украинаны аңсау» аңғарылады.

«Киевтегі тарихи күн» немесе «Дем-апат-кратия!». Ирандық БАҚ Украинадағы оқиғаларды екі түрлі сипаттайды.

Билікшіл, ымырасыз басылымдар бірнеше айға созылған үкіметке қарсы көтерілістен соң қызметінен кеткен Виктор Януковичтің қайғысын бөлісіп, жақтасып әуреге түссе, реформашыл басылымдар Украинадағы оқиғаға сүйсінеді.

Осы екі пиғылдан Иран қоғамының екі «қанаты» көрініп тұр. Иран билігі мен консерваторлары Батыс ықпалы мен халық толқуынан сақтанады. Реформашылдар өзгеріс аңсайды.

РЕФОРМАШЫЛ БАСЫЛЫМДАР

Реформашыл «Етемад» (Etemad) газеті ақпанның 22-сі күні Украинадағы қызғылт-сары төңкерістің жетекшісі Юлия Тимошенконың түрмеден шыққанын «Қызғылт-сары ханым тарихи күнде бостандық алды» деген тақырыппен берген.

«Шарх» газетінің бірінші беті. Иран, 23 ақпан 2013 жыл.

«Шарх» газетінің бірінші беті. Иран, 23 ақпан 2013 жыл.

Ал осы мақаланың қасына газет үйқамақта отырған ирандық оппозиционерлер туралы парламент спикерінің «Мир Хосейн Мусави мен Мехди Каррубидің үйқамаққа алынуына келсек, бұл адамдардың тұтқындалуына еш себеп жоқ. Мәселе дұрыс шешіледі деп ойлаймын» деген пікірін басқан. Әли Лариджанидің осы пікірін Францияның «Le Figaro» газеті де жариялады.

Тағы бір реформашыл басылым «Шарх» (Shargh) Тимошенконың еркіндікке шыққанын қолдап, бұл оқиға туралы хабарды бірінші бетіне «Қызғылт-сары күн» деген тақырыппен жариялаған. Бұл мақалалар қатал консервативтік басылымдардың ақпараттарына кереғар.

КОНСЕРВАТИВТІК БАҚ

Олар Украинадағы оқиғаны «Батыс демеуімен болған төңкеріс, енді елдің болашағы күңгірт» деп сипаттайды.

«Vatan-e Emrouz» газеті Украинадағы оқиғаға арнап бірінші бетіне ақырзаманды елестететін сурет басқан. Украинаның туын ұстаған ер адам үйінділер арасында, түтінге оранған қалада келе жатыр.

«Vatan-e Emrouz» газетінің бірінші беті.

«Vatan-e Emrouz» газетінің бірінші беті.

«Киев батысшыл топтың шеруі кесірінен тас-талқан болды» дегенді тұспалдайтын суреттің тақырыбы «Дем-апат-кратия!» деп аталған.

«Қызғылт-сары күштер билікке келіп, Америка мен Батыстың ықпалына түскеннен бері Украинаның қаралы күндері басталды» деп жазады әсіреконсервативтік «Кайхан» («Kayhan») газеті.

Күнделікті шығатын газеттің пікірінше, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) мен басқа да батыстық арнайы қызмет органдары елде тағы «қызғылт-сары төңкерістің» қайталануына ықпал етіп, Януковичті биліктен тайдырған.

Консервативтік «Рисалят» («Resalat») газеті Украинадағы жағдай «Батыстың араласуымен жүзеге асты, енді нағыз дағдарыс басталады» деп жазады.

Консервативтік БАҚ 2009 жылы Ислам Республикасында болған үкіметке қарсы толқу кезіндегі айтқандарын Украинаға қатысты тағы қайталаған. Наразылық шеруі мен оппозициялық қозғалыстарды «бүлікші, арандатушы» деп сипаттап, шерушілерді «Батыстың қолдауымен төңкеріс жасамақ болғандар» деп атайды.

Мемлекеттік телеарналар ресейшіл Януковичті Украинаның «заңды президенті» десе, Тимошенконы «билікті асыра пайдаланып, жемқорлыққа жол ашқаны үшін түрмеге түскен адам» ретінде сипаттайды.

«АМЕРИКА МЕН БАТЫСТЫҢ АРБАУЫНА ЕРМЕЙІК»

Украинаға Батыстың теріс ықпал еткені туралы Иран қарулы күштерінің жетекшісі, генерал Хасан Фирузабади де мәлімдеме жасады.

Иран қарулы күштерінің жетекшісі, генерал Хасан Фирузабади.

Иран қарулы күштерінің жетекшісі, генерал Хасан Фирузабади.

Оның сөзінше, тәуелсіз елдер Украинадағы оқиғадан сабақ алып, АҚШ-тың арбауына түспеуі тиіс. Ол «Либералды демократияға сенетін Украина халқының батысшыл және америкашыл әрекеті барлық тәуелсіз елдерді сақтандыруы тиіс, капитализмнің әзәзіл арбауына ермеуіміз керек» деген.

Ирандық басылымдар осы пікірді келтіріп, Фирузабадидің Украинадағы оқиғаға өкініш білдіргенін жазады.

АҚШ-тағы Иран саясаттанушысы Мохсен Сазгара «Иран билігі халық диктаторларға қарсы шабуылға шығады деп қорқатынын» айтады. «Араб көктемі» кезінде Иранның рухани жетекшісі Аятолла Әли Хаменеи «араб әлемі Иранда болған 1979 жылғы ислам революциядан шабыт алды» деп, ирандықтарға оны басқаша түсіндіргісі келді. Сазгара Азаттыққа берген сұхбатында:

- Халықтық төңкеріс, қарулы күштер, тұрғындардың күш біріктіріп оппозиционерлерді босатуы, үкіметтің құлауы – Ислам Республикасы осы оқиғаға қарап өзінің болашақ тағдырын айнадан көргендей қорқады, - деді.

Иранның әділет министрі Мостафа Пурмухаммади.

Иранның әділет министрі Мостафа Пурмухаммади.

Ақпанның 24-і күні Иранның әділет министрі Мостафа Пурмухаммади «Украинаның Иран емес» екенін, «ирандық БАҚ Украинадағы жағдайға алаңдамауға тиіс» екенін түсіндіріп әуреге түсті. «Біздің еліміз бен мемлекеттік құрылымымыз салыстыруға келмейді» деді Пурмухаммади ирандық режимнің «тұрақты әрі мықты» екенін ескертіп.

Ол «Украинада болған жағдайды кейбір басылымдар біздің елде болғандай шулатып жазды» деп реформашыл басылымдарға реніш білдірді.

(Гүлназ Эсфандиаридың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG