Accessibility links

Иранның санкциядан босауы Жібек жолын «тірілтеді»


Иран президенті Хассан Роухани Қазақстан мен Түркіменстанды Иранмен жалғайтын теміржолдың ашылу салтанатында пойыздан түсіп келеді. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани Қазақстан мен Түркіменстанды Иранмен жалғайтын теміржолдың ашылу салтанатында пойыздан түсіп келеді. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Экономикалық санкциялардан босаған Иран әлемдік саудаға қайта араласты. Бұл өзгерістен ұтатындар да, ұтылатындар да бар. ОА-ға ежелгі Жібек жолын жандандыратын мүмкіндік туды.

Ғасырлар бойы Иран мен Орталық Азияны (ОА) кесіп өтетін ұлы Жібек жолымен сауда керуендері ағылып жататын. Алайда бұл аймақтар арасында еркін сауда тоқтағалы бір ғасырдың жүзі болды.

Иранның әлемдік нарыққа қайта араласуынан ОА елдерінің ұтатыны анық. Иран Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші сауда жолына айналмақ. Иранның жаңа сауда базары ретіндегі рөлі қандай болуы мүмкін? Экономикалары тоқырап тұрған ОА елдері мұның пайдасын қашан көре бастайды? Олардың Иранмен сауда-саттығына кедергілер бар ма?

Азаттықтың Түркімен қызметі сарапшылармен осы мәселелерді талқылады. Пікірталасқа Азаттықтың Парсы қызметі («Фарда» радиосы) директорының бұрынғы орынбасары, қазір Иран жөніндегі тәуелсіз сарапшы Хусейн Ариан және Глазго университетінің ОА мәселелері жөніндегі сарапшысы доктор Лука Анчески қатысты. Хабарды Азаттықтың Түркімен қызметінің директоры Мұхаммад Тахир жүргізді.

ҮШІНШІ ЖОЛ

1991 жылы Совет Одағы құлағанда ОА-дағы бес мемлекеттің тек Ресей арқылы өтетін бір ғана сауда жолы болған. Одан кейінгі 15 жылда Ресей жалғыз ірі сауда жолы болып қала берді. Дегенмен, Каспий теңізі және Түркіменстан арқылы Иранмен аз-маз коммерциялық сауда-саттық жүріп жатты, Ислам республикасы (Иран – ред.) бөлген қаржыға салынған құбырмен шағын мөлшерде газ да экспортталып тұрды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (ортада) және Иран президенті Хассан Роухани үш елді жалғайтын теміржолды ашып тұр. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (ортада) және Иран президенті Хассан Роухани үш елді жалғайтын теміржолды ашып тұр. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Осыдан 10 жылдай бұрын ғана ОА аймағына Қытай келді. Қытай сауданы арттыру үшін мұнай және газ құбырларын салды, автокөлік жолы мен теміржол сапасын арттыруға көмектесті. Алайда Қытай бұл өңірден тек шикізат пен энергоресурстар сатып алып жатыр.

ОА аймағы Қытайдан әжептәуір көлемде тауар тасымалдайды әрі бұл сауданың көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Ең бастысы - Қытай бағыты сауда жолы ретінде маңызы артып келеді.

Ресейдің де, Қытайдың да экономикалары дағдарып тұрған қазіргі кезеңде оңтүстікке – Иранға жаңа жол тартудың сәті туып тұрған тәрізді.

- Ислам республикасының әлем саудасына қайта енуі Орталық Азия елдері үшін тиімді болмақ, себебі бұл - ғаламдық нарыққа, ашық теңізге, Парсы шығанағына шығар тіке жол, - деді доктор Анчески.

ИРАННЫҢ ЕСЕБІ

Сарапшылар «Орталық Азияның мұнайы мен газын Еуропаға тасымалдауға ең ыңғайлы жол – Иран» деген ортақ тұжырым жасады. Алайда Арианның айтуынша, «Тегеран әзірге бұған келісе қояйын деп тұрған жоқ, себебі ішкі есебі бар».

Парсы шығанағындағы Иранның көне мұнай платформасы. 2015 жылдың қазаны.
Парсы шығанағындағы Иранның көне мұнай платформасы. 2015 жылдың қазаны.

- Иран өз мүддесін ойлайды. 2011 жылы бұл ел күніне 2 миллион 500 мың баррель мұнай сататын. Санкция салынған соң экспорт көлемі 1 миллионға азайды. Сондықтан, қазір олар үшін ең бастысы – қайткенде экспортты ұлғайту. Мұны Иран басшылары да айтып отыр. Сауда дәлізі болу үшін және ОА елдерінен мұнай тасу үшін Иран инфрақұрылымын жөнге келтіруі керек. Бұл біраз уақыт алады, - деді Хусейн Ариан.

Басқа тауарлар саудасы бойынша Тегерандағы жаңалық аймаққа көп өзгеріс әкелетін түрі бар.

- Иран инфрақұрылым бойынша, яғни темір жол, тас жол, автокөлік жолдары жөнінен үлкен бетбұрыс жасай алады. Бұл ОА елдерінің басқа әлеммен байланысын түбірімен өзгертеді, - деді Анчески.

Бұған қоса, Орталық Азия аймағы транзиттік өткел ретінде де көп пайдаға кенелетін түрі бар.

- Қытайдың сұранысын қанағаттандырғанда бір бағытқа (Ресейге ғана - ред.) тәуелді болып қалмау басты орында тұрды. Енді оған бұрынғыдан да көбірек өнім өндіретін Иран қосылды, бұдан тараптар көп пайда көреді, - деді Анчески.

Иран мен Қытайдың арасын жалғау арқылы Орталық Азияның ұлы Жібек жолын қайта жандандыратыны анық. Дегенмен сарапшылар бұл өзгерістер жүзеге асуы үшін кем дегенде 10 жыл керек дейді. Ғасырлар бойы ірі сауда жолы болған Жібек жолының тарихы тұрғысынан бұл қас қағым сәт екені рас, дегенмен қазір экономикалары кері кетіп тұрған Орталық Азия елдері үшін бұл – ұзақ уақыт.

ТЕГЕРАН САЯСИ ЫҚПАЛЫН АРТТЫРАДЫ

Сарапшылар Иранмен сауданың көлеңкелі тұстарын да айтты. Арианның айтуынша, Ислам республикасы әрдайым маңайындағы елдерге – Ливан, Сирия, Йемен және Иракқа ықпалын жүргізуге тырысып келеді. АҚШ есеп-шоттарында жатқан Иранның миллиардтаған доллар қаржысына салынған тыйымды алып тастайды, оның үстіне Тегеранның бюджетіне мұнай-газ саудасынан қазіргі арзан бағамен есептеген күннің өзінде көп ақша түсе бастайды. «Бұл Иранның аймақта белсенді сыртқы саясат жүргізуіне қаржылай мүмкіндік береді» дейді Хусейн Ариан.

Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф пен Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Астана, 13 сәуір 2015 жыл.
Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф пен Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Астана, 13 сәуір 2015 жыл.

Ал Анческидің айтуынша, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары сыртқы ықпалға қатысты көп нәрсені өзгерте қоймайды.

- Меніңше, ОА елдері Иранмен тым жақындасып не тым алыстап кетпеуге тырысады. Себебі, энергетика саласын былай қойғанда, [бұл сауда жолының] жалпы экономикаға пайдасы көп болмақ, - деді Анчески.

РЕСЕЙ МЕН ӘЗЕРБАЙЖАН ҰТЫЛАДЫ

Сарапшылар Иран сауда жолы ашылуынан кімнің ұтылуы мүмкін екеніне де тоқталып өтті. ОА экспортының біраз бөлігін оңтүстікке бұрылады, одан Ресей транзит ақысының ауқымды бөлігінен қағылары анық. Каспий арқылы кемемен сауда жасау жобасы қазір талқыланып жатыр, одан анағұрлым тиімді Иран жолы ашылған соң, ол жобаның қажеті болмай қалуы ықтимал. Бұл жағдайда Иранның нарыққа қайта енуінен Әзербайжан жапа шегуі мүмкін.

Иранмен шектесіп жатқан Түркіменстанның көп пайдаға кенелетіні анық. Бұл ел Иранның ОА-ға, ОА-ның Иранға ашылатын қақпасы сияқты. Доктор Анческидің айтуынша, бұл өзгерістен Қазақстан да пайда көрмек. Қазірдің өзінде Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы іске қосылған, болашақта бұл жолдың кеңейе түсетіні анық.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG