Accessibility links

Өгей баласына үйленуге жол ашатын заң қарсылық туғызды


Көшеде отырған қыздардың қасынан өтіп бара жатқан ер адам. Иран. (Көрнекі сурет)

Көшеде отырған қыздардың қасынан өтіп бара жатқан ер адам. Иран. (Көрнекі сурет)

Иранның әйелдер істері жөніндегі вице-президенті Шахиндохт Молаверди өгей әкелердің асырап алған қыздарына үйленуіне рұқсат беретін заңға қарсы наразылық шараларын бастамақ.

Ирандық құқық қорғаушылар "жақында қабылданған бұл заң қоғамда педофилияны өршітіп, қаны жақын кісілердің қосылуына жағдай жасайды" деп қауіптенеді.

ЗАҢДЫ ДІНИ КЕҢЕС ҚОЛДАҒАН

Иранның әйелдер істері және отбасы мәселелері жөніндегі вице-президенті Шахиндохт Молаверди ер адамның өзі асырап алған не өгей қызына үйленуіне рұқсат беретін заңға қарсы күресті бастайтынын мәлімдеді.

Көпшіліктің сыни пікіріне қарамастан, заң былтыр 22 қыркүйекте парламенттің қолдауына ие болып, биыл қазан айының басында Діни кеңестің мақұлдауымен бекітілген. Иранда Діни кеңес заң күшіне енбестен бұрын барлық заңдарды толық сүзгіден өткізіп шығады.

Дәптерге жазып жатқан балалар. (Көрнекі сурет)

Дәптерге жазып жатқан балалар. (Көрнекі сурет)

Балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау үшін қабылданған заңның бір бабының түсіндірмесі көп дау тудырып отыр. Онда «елдің әл-ауқат мекемесі талап еткен жағдайда және балаға пайдалы болған ретте ересек кісі өз асырауындағы қаны басқа балаға үйленуге қақылы» делінген.

Молаверди және бірнеше әйел депутат осы қайшы пікір тудырған бапты өзгертуге күш салмақ.

«ПЕДОФИЛИЯНЫ ӨРШІТЕТІН ЗАҢ»

Апта басында реформашылдардың «Шарг» басылымына берген сұхбатында Молаверди:

- Қамқоршысыз қалған не қамқоршысы нашар балалар мен жасөспірімдерді қорғау туралы заңды» біз тілдескен діндарлардың біразы қолдамайды. Сондықтан, заң шығарушылармен бірлесе отырып, біз тым кеш болып кетпей тұрғанда заңның осы бір бабын өзгерту туралы дабыл қағамыз, - деді.

Молаверди бұл жұмыстардың қай уақытта басталатынын тап басып айтқан жоқ. Бірақ, оның айтуынша, заңгерлер тобы дау тудырған бапқа өзгерістер енгізу төңірегінде жұмысты бастап та кеткен.

Шара сәтті болған жағдайда «бұл заң педофилия мен қаны жақындардың қосылуына алып келеді» деп дабыл қаққан құқық қорғаушыларға дем берер еді. Белсенділер «мұндай некелерге рұқсат берудің орнына парламенттің жаман үрдістерге тыйым салғаны жөн болар еді» деген пікір айтты.

«БАЛАЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАЙТЫН ЗАҢ»

Ирандағы ислам заңдары бойынша, қыздар 13 жасында, ал ұлдар 15 жасында әкелерінің рұқсатымен отау құра алады. Заңды қолдаушылар бұл құжаттың балаларды қорғауға бағытталғанын айтады.

Иран парламентінің әлеуметтік мәселелер комитетінің мүшесі Амир Хусейн Газидің айтуынша, бұл заң өгей әкелердің өз қамқорлығындағы балаларды еш шектеусіз, өз еркімен үйлендіріп, тұрмысқа беру тәртібіне тыйым салады.

«Парламент асырап алған не қараусыз қалған балаларды үйлендіруде біраз шектеулер қойды, енді балаларды үйлендіру үшін соттың рұқсаты қажет болады. Бұл әлімжеттіктің алдын алады» деді ол жартылай үкіметтік Mehr ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Қалыңдық киімдері сатылатын дүкенде жүрген ирандық әйел. (Көрнекі сурет)

Қалыңдық киімдері сатылатын дүкенде жүрген ирандық әйел. (Көрнекі сурет)

Ал жаңа заңды сынаушылар «бұл заң отбасыларға да, балаларға да қауіп төндіреді» дейді. Осы пікірді жақтайтындардың қатарында Ирандағы Балалар құқықтарын қорғау қоғамының басшысы Шива Долатабади де бар.

- Қызды асырап алып тұрып, «бұл ертең менің орнымды басып, күйеуіме әйел болады-ау» деп ойлаған әйел оған дұрыс ана бола алмайды. Сонымен қатар асырап алған ұлын ертең өзіне күйеу еткісі келетін әйелдің отбасын дұрыс отбасы дей алмаймыз, - деді ол Иран басылымдарына берген сұхбатында.

Ислам әйелдері альянсының басшысы Тоуран Валиморад «жаңа заңның кесірінен, асырап алынған балалар мен өгей балалар ертеңгі күні ересектердің құмар қандыратын нысандарына айналып кетуі мүмкін» деп ескертеді.

Ол Etemad басылымына берген сұхбатында: «Баланың әкесі не анасы болуға келісім берген адамның санасы оған деген құмарлық сезімінен толық азат болуы керек. «Бұған үйленуім мүмкін» деген күмәнді ой қалған жағдайда оның жүрегі мен көзі күнәға ауып, бұл жыныстық құмарлыққа, яғни зор күнәға алып келеді» деген пікір айтты.

Гүлназ Эсфандиаридың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG