Accessibility links

Ирандық құқық қорғаушы тергеуге шақырылды


Ирандық құқық қорғаушы Насрин Сотоудех (сол жақта) ері Реза Ханданның жанында телефонмен сөйлесіп тұр. Тегеран, 18 қыркүйек 2013 жыл.

Ирандық құқық қорғаушы Насрин Сотоудех (сол жақта) ері Реза Ханданның жанында телефонмен сөйлесіп тұр. Тегеран, 18 қыркүйек 2013 жыл.

Иран үкіметін сынап жүрген белгілі құқық қорғаушы Насрин Сотоудех барлау министрлігінің шақыртуына бармады. Ол «дөрекі түрде телефонмен шақыру заңсыз» дейді.

Иранда танымал заңгер, құқық қорғаушы Насрин Сотоудех ханым барлау министрлігінің телефонмен айтқан шақыртуына барған жоқ. Иран билігі заңгерді шұғыл шақыртуға себеп болған жайттарды ашып айтпайды.

«ЗАҢСЫЗ, ӘРІ ДӨРЕКІ ШАҚЫРУ»

Насрин Сотоудехтің ері Реза Хандан Facebook-тегі арнайы парақшада заңгер жұбайына қатысты оқиғаларды жариялап отырады. Сол парақшадағы мәліметке қарағанда, өзін Иран барлау министрлігінің өкілі ретінде таныстырған адам Насрин Сотоудехке наурыздың 30-ы күні телефон шалған. Бұл кезде ерлі-зайыптылар Хузестан уәлаятында демалып жүрген.
Ирандық құқық қорғаушы Насрин Сотудех (сол жақта) пен күйеуі Реза Хандан атпен серуендеп жүр.

Ирандық құқық қорғаушы Насрин Сотудех (сол жақта) пен күйеуі Реза Хандан атпен серуендеп жүр.

Сотоудехтің ері Хандан Facebook парақшасына сол күні: «Жаңа ғана, Дезфул қаласындағы базарда сауда жасап жүрген жерімізде біреу "Иран барлау министрлігінің өкілімін" деп қоңырау шалып, Насринді және бізді қонақ еткен жергілікті тұрғынды заңсыз, әрі дөрекі түрде сұрақ-жауапқа шақырды. Бір сағаттың ішінде барлау министрлігіне келіңдер деп бұйырды» деп жазды.

Бірнеше сағат өткен соң осы парақшадағы келесі жазбада «шақырту министрліктің Дезфулдағы бөлімшесінен, заңсыз түрде, яғни телефон арқылы жасалғандықтан заңгердің бұл талапты орындаудан бас тартқаны» хабарланды.

Бөлімшеге барудың орнына олар атқа мініп серуендеген. Кейінірек ерлі-зайыптылар атқа мініп жүрген суреттерін де жариялады. Азаттық радиосына берген сұхбатында Реза Хандан зайыбының бұл шақыртуға неге құлақ аспағанын:

"Заңгерлер әрдайым «телефон арқылы сұрақ-жауапқа шақыру - заңсыз, мұндай талапқа бағынуға ешкім де міндетті емес» дейтін. Шақырту тек сот арқылы жіберіледі және ол ресми үлгімен толтырылған жазбаша шақырту болуы керек" деп түсіндірді.

«ИРАН - ҮЛКЕН АБАҚТЫ»

Барлау министрлігінің Сотоудехті неге шақырып отырғаны белгісіз. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Сотоудех әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарға жеке пікірін айтып, Иран ислам республикасын «үлкен абақты» деп атаған еді.

Ол бір мәдени шарада сөйлеп, елдегі оппозиция көсемдерінің үйқамақта отырғанын сынаған. Сотоудех «Біз азат ел сияқты көрінгенімізбен, жүрегіміз әрдайым екі топтың арасында қарс айырылады. Олардың біріншісі – өз үйлерінде қамақта отырған Захра Рахнавард, Мир Хосейн Мусави және Мехди Карруби. Олар – ар-ождан тұтқындары. Екінші топ – Иранның түкпір-түкпірінде түрмеде отырған азаматтар» деген.
Насрин Сотудех.

Насрин Сотудех.

Насрин Сотоудех – Ирандағы аса шетін саяси мәселелерді көтеруге батылы баратын санаулы заңгерлердің бірі.

Ол саяси белсенділер мен студенттерді қорғаймын деп абақтыға қамалған екі әріптесі Абдол Фатах Солтани мен Мохаммед Сейфзаде туралы да айтып жүр.

Сотоудехтің мына бір мәлімдемесін қай жерде айтқаны белгісіз. Бірақ видеосы интернетте наурыздың 28-і күні жарияланған.

«РЕПРЕССИЯМЕН КҮРЕС СИМВОЛЫ»

Иранда президент Хасан Роуханидің БҰҰ Бас ассамблеясының отырысына, Нью-Йорк қаласына аттанар алдында саяси көзқарасы үшін қамауда отырған ондаған белсенді бостандыққа шығарылған.

Солардың арасында Насрин Сотоудех те болды. Оның үстінен «ұлттық қауіпсіздікке қарсы әрекет етті» деген айыппен бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді. 2010 жылы құқық қорғаушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін апелляциялық сот бұл жаза мерзімін алты жылға қысқартты.

Ол саяси белсенділер мен оппозиция мүшелерін, өлім жазасына кесілген жасөспірімдерді қорғап, ашық сөйлегені үшін жазықты болып, үкімет қаһарына іліккен.​
Насрин Сотудех (сол жақтан үшінші) пен күйеуі Реза Хандан (сол жақтан екінші) балаларымен отыр. Тегеран, 18 қыркүйек 2013 жыл.

Насрин Сотудех (сол жақтан үшінші) пен күйеуі Реза Хандан (сол жақтан екінші) балаларымен отыр. Тегеран, 18 қыркүйек 2013 жыл.

​Сотоудех түрмеде жатып та белсенді күресін жалғастыра берді. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол түрмедегі ахуалға наразылық ретінде бірнеше рет аштық жариялап, отбасына қысым жасалып жатқанын айтып дабыл қаққан.

Насрин Сотоудех пен диссидент режиссер Джафар Панахи Еуропа парламентінің 2012 жылғы Сахаров атындағы «Ой еркіндігі» сыйлығын алған.

Екі баланың анасы Насрин Сотоудех Иранның көптеген азаматтары үшін елдегі репрессиямен күрестің символына айналған.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG