Accessibility links

Иран азаматтық некеге алаң


Қазвиндегі Имамзада Исмаил мавзолейі жанында әңгімелесіп отырған екі адам. Иран.

Қазвиндегі Имамзада Исмаил мавзолейі жанында әңгімелесіп отырған екі адам. Иран.

Иран билігі ресми некелеспей-ақ бірге өмір сүріп жатқан адамдардың көбейіп бара жатқанына наразы болып отыр.

Раана мен Хамедтің азаматтық некеде тұрып жатқандарына төрт жыл болған. Олардың шаруалары ортақ, ақшаларын да ортақ есепшотқа жинап жатыр. Неке жүзіктерін тастамай тағып жүреді, басқаларға бір-бірін некелескен жары етіп таныстырады. Сырттай қарағанда заңды некедегі ерлі-зайыптылардан еш айырмашылықтары жоқ. Бірақ олар құжат бойынша да, шариғат бойынша да заңды некеге отырмаған. Мамыр айында Иранның Ebtekar күнделікті басылымы жазғандай, олар неке дегенге мүлде сенбейді.

Азаматтық неке – Иран қоғамында жаңа пайда болған үрдіс. Ел басшылығы «исламның басты ережелерін бұзатын бұл үрдіс елді азғындауға апарады» деп қобалжып отыр. Билік өкілдері мұсылмандық дәстүрді өрескел бұзатын Раана мен Хамед сияқты «ақ некеде» (Иранда азаматтық некені осылай атайды) тұратын жұптарды заңды түрде некелесуге үгіттеп қана қоймай, қудалап, қысым көрсетуге де бейіл.

«ҚАТЕРЛІ ҮРДІС»

Елдің жоғары рухани басшысы Аятолла Әли Хаменеидің іс басқарушысы Мұхаммед Мұхаммед Голпайегани қарашаның 30-ында сөйлеген сөзінде азаматтық некені «өте ұят нәрсе» деп атап, «тұтас бір буын өкілдері мұндай арсыздыққа түгел ұрынуы мүмкін» деп ескертті.

«Халал буын түбірімен жойылып, олардың орнын тексіздер басады. Исламшыл өкімет мұндай өмір салтымен аяусыз күреседі» деді Голпайегани.

Дүкен аралап жүрген ирандықтар. Тебриз, 15 қазан 2014 жыл.

Дүкен аралап жүрген ирандықтар. Тебриз, 15 қазан 2014 жыл.

Келесі күні сөз сөйлеген Иранның жастар ісі және спорт министрінің орынбасары Махмұд Голзар ақпарат құралдарын «ақ некеге» тым көп назар аудартып отыр деп айыптады. «Бәлкім, Батысқа еліктеп азаматтық некеде тұрып жатқан бірді-екілі жұп бар шығар, бірақ бұл туралы ақпараттардың өзі расталған жоқ» деді ол. Оның айтуынша, жартылай мемлекетке қарайтын Fars ақпарат агенттігі таратқан азаматтық некеде тұрып жатқан ерлі-зайыптылар туралы ақпарат расталған жоқ. «Расталған жағдайда ислам республикасы «Батыс елдерінде, соның ішінде АҚШ-та қоғамды аздырып отырған мұндай «қатерлі некелермен» күреседі» деді ол.

«ТӘУЕЛСІЗ ӨМІРГЕ ҰМТЫЛЫС»

Некесіз көңіл жарастыруға тыйым салатын Иранда азаматтық некеде тұрып жатқандардың нақты саны жөнінде ешқандай дерек жоқ. Бірақ ел ішіндегі әңгімелерге, биік мінберлерден айтылып жатқан пікірлерге, ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға қарасақ, ірі қалаларда мұндай жұптардың көбейгені байқалады.

33 жастағы инженер Әли (өтініші бойынша шын есімі көрсетілмеді – ред.) есімді жігіттің өмірі осыған мысал бола алады. Ол көңіл қосқан қызымен былтыр бірнеше ай бірге тұрып көрген де, кейін айырылысып кеткен.

Көшеде кетіп бара жатқан бойжеткен. Тегеран, 2013 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)

Көшеде кетіп бара жатқан бойжеткен. Тегеран, 2013 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)

«Үйленгіміз келген жоқ, бірақ бірге тұруды қаладық, сөйтіп ол менің үйіме көшіп келді» дейді Әли. Ата-анасының қарсылығына қарамастан олар біраз уақыт азаматтық некеде тұрыпты. Әлидің достары мен таныстарының арасында да үйленгеннен гөрі азаматтық некеде тұруды жөн көретіндер бар.

«Өзіміздің қалауымыз бойынша өмір сүргізіміз келеді. Оны «ақ неке» дейсіз бе, басқа дейсіз бе, бәрібір» деді Әли. Азаматтық некеге тұрудың қандай тәуекел екенін де Әли жақсы біледі. «Иранда бәрі – тәуекел, бәрі – заңсыз, тіпті той тойлау да – заңсыз» дейді ол.

Тегерандық сарапшының айтуынша, азаматтық некеде тұрып жатқан жұптардың көбею себебі – ирандықтардың жаңа буыны мемлекет насихаттап жатқан дәстүр-салтқа мойынсұнғысы келмейді.

«Көзқарас өзгеріп жатыр. Жастардың біршама бөлігі басқалардың пікіріне, мемлекеттің реакциясына назар салғысы келмейді. Олар өз бетінше тәуелсіз өмірге ұмтылады» деді сарапшы Азаттыққа берген сұхбатында.

Үйленген соң қаржылық және басқа да жауапкершіліктер көбейеді деп қорыққандықтан жастар еркін өмір сүргісі келеді, бұл үрдіске айналып барады.

«БАТЫСТЫҢ ӘСЕРІ»

Иран әлеуметтік қызметкерлер қоғамының басшысы Мұстафа Еглиманың айтуынша, «ақ некенің» көбейген себебі – жауапкершілік алғысы келмейтіндер саны артқан. «Қыз бен жігіт еш ың-шыңсыз айырылысып кете алады. Соңынан ешкім ештеңе талап етпейді» дейді ол.

Иран дінбасыларының біразы шыққан Қом қаласында тұратын психолог Жавид Самуди бұл үрдістің белең алуын «Батыстың мәдени басқыншылығының кесірі» дейді. «Соның салдарынан иман әлсіреп, отбасы құндылықтары жойылып барады, жастар арасында міндеттемесіз өмір сүруге, тыйым салынған нәрселерді көруге деген құлшыныс артып келеді» дейді ол.

Исфаханда жүрген туристер. Иран.

Исфаханда жүрген туристер. Иран.

Жавид Самуди жартылай мемлекеттік ISNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «ақ некені» «еркектің санасын улайтын, әйелдің мінез-құлқы мен адамдығын өзгертетін микробқа» теңеді.

Әлеуметтанушы Мәжид Абхаридің айтуынша, «интернеттің, спутниктік телеарналар ықпалының артуы осындай арсыздыққа ұласып отыр».

Азаматтық неке мәселесімен қоса Иран басшылығын толғантып отырған басқа да проблемалар бар. Елде шаңырақ көтергендер саны күннен күнге азайып, ажырасқандар саны көбейіп барады. Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда Тегеран сияқты ірі қалаларда үйленгендердің 20 пайыздан астамы ажырасады.

«Жастар арасында моральдық құндылықтарды арттырып, бала туу санын көбейту үшін үйленуді насихаттау керек» дейді ел басшылығы. Желтоқсанның 1-інде президенттің кеңесшісі Хесамедин Ашна азаматтық некенің көбеюі жұртшылықты қатты толғандырып отырғанын айтты. Оның сөзінше, некеге отыру жеңіл әрі арзан болса, ирандықтар азаматтық некені таңдамаған болар еді.

Бір мәрте азаматтық некеде болған Әлидің жуықта үйленетін ойы жоқ. «Тағы бір азаматтық некеде тұрып көруге де кетәрі емеспін» дейді ирандық жас жігіт.

Гүлназ Есфандияридің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG