Accessibility links

Ирандық байланыс операторы сүнниттерді ренжітті


Қалта телефонын қарап отырған ирандық әйел

Қалта телефонын қарап отырған ирандық әйел

Иранның ең ірі байланыс операторларының бірі – Irancell сүнниттердің наным-сенімдерін қорлағаны үшін дауға қалды.

Компания жақында өткізген SMS сұрақ-жауап ойынында Омар халифа шайтанға ерген деген пікір айтқан. Жария түрде кешірім сұрап ақталғанына қарамастан, компанияға ресми түрде айып тағылды.

ДАУДЫҢ БАСЫ ЕКІҰШТЫ САУАЛ

Мұсылман сүнниттер қастерлейтін Омар халифаға тіл тигізген хабарлама жібергені үшін Ирандағы ең ірі мобильдік байланыс операторларының бірі – Irancell компаниясының басына бұлт үйірілді.

Компанияның клиенттеріне жіберілген викторина сұрағына наразылық шаралары жиілеп кеткен соң сунниттер көп қоныстанған кедей аймақ – Систан-Белуджистан уәлаятының прокуроры Irancell компаниясына ресми түрде айып тақты.

Сұрақ-жауап сайысында жұртқа «Имам Әлидің тұсында қай төреші шайтанның арбауына ұшыраған?» деген сауал тастады. Ойынға қатысушылар екі жауаптың бірін таңдауы керек, солардың бірі – шииттер мен сунниттер арасындағы келіспеушілікке арқау болып келе жатқан Омар халифа. Оны шайтанның арбауына түскен болуы мүмкін деп тұспалдаудың өзі сунниттердің ашу-ызасын туғызды.
Irancell компаниясының логотипі

Irancell компаниясының логотипі


Омар – Мұхаммед пайғамбар қайтыс болған соң халифатты басқарған әділетті төрт сахабаның бірі, бұл қатарға шииттер ерекше қадір тұтатын Әли де кіреді.
Шииттердің айтуы бойынша, Мұхаммед пайғамбар қайтыс болған соң мұсылман әлемін басқара алатын бірден-бір тұлға Әли ибн Әбутәліп болды.

IRANCELL-ге БОЙКОТ ЖАРИЯЛАУ

Викторинадағы сауал Иранда азшылық саналатын сүнниттердің ашуын туғызып, олар Irancell-ге жаппай бойкот жариялады.

Ирандағы сүнниттердің саны жөнінде ресми мәлімет жоқ. Кейбір болжамдарға қарағанда Иран халқының 10 пайызға жуығы Исламның суннит ағымын қолдайды. Сүнниттер Иран өкіметінің дискриминациялау және маргиналдандыру саясатына наразылық танытып келеді.

Irancell-ге қарсы бас көтергендердің айтуынша, ойын сұрақтары сүнниттердің діни сезімдерін қорлаған.

«Irancell-ге бойкот жариялайық» деп аталған Facebook парақшасында: «Irancell тек сүнниттер қастерлейтін тұлға – Омар халифаны қорлап қана отырған жоқ, олар ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан және мұндай келеңсіздіктерге ешқашан жол бермеген Иран мәдениеті мен өркениетін де қорлап отыр» деп жазылған.
Иран сүнниттерінің рухани жетекшісі Маулави Абдул Хамид жұма намазында уағыз айтып тұр.

Иран сүнниттерінің рухани жетекшісі Маулави Абдул Хамид жұма намазында уағыз айтып тұр.


Систан және Белуджистан аймақтарының, Күрдістан өңірінің тұрғындары наразылықтарын білдіру мақсатында Irancell-дің SIM-карталарын сындырып тастады.

Сүнниттердің ықпалды тұлғалары да осы наразылық шараларын қолдап, компания басшылығынан кешірім сұрауды талап етті.

Иран сүнниттерінің рухани жетекшісі Маулави Абдул Хамид Irancell басшылығын тек сүнниттерден ғана емес, шииттерден де кешірім сұрауға шақырды, себебі діни сезімді қорлау адамдардың барлығы үшін келеңсіз жайт саналады.

Парламенттегі сүннит депутаттар да наразылық танытып, сот органдарын мобильдік байланыс компаниясын қатаң жазаға тартуға шақырды.

«Біз, Иран парламенті сүнниттер фракциясының мүшелері, сүнниттердің наным-сенімдеріне нұқсан келтіріп, қорлайтын кез-келген әрекет Мұхаммед пайғамбардың Ислам дініне қарсы бағытталған деп санаймыз және бұл шараларды қатаң түрде айыптаймыз» деп жазылған 18 сүннит депутат қол қойған үндеуде. Парламент мүшелері бұл үндеуді шілденің 18-і күні оқып берді.

«АБАЙСЫЗ ҚАТЕЛІК»

Irancell викторинаның мазмұны мен құқықтық жағына оны әзірлеген басқа компания жауапты деп ақталды. Сауалдарды әзірлеген Golden Key компаниясы бұл сұрақты «абайсызда жіберілген қателік» деп атады. Компания барлық мұсылмандардың алдында айыбын мойындап, «шын жүректен» кешірім сұрады.

Golden Key компаниясының менеджері Джавад Заманзаде Дарбан жартылай үкіметке бағынатын «Фарс» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында мобильдік байланыс операторы сүнниттерден ескерту түсе салысымен байқауды тоқтатқанын айтты. Оның айтуынша, қазір бұл компания «Ислам әлемінің бірлігін насихаттайтын байқау ұйымдастыруды» жоспарлап отыр. Ол мұндай қателікке енді жол берілмейді деп уәде етті. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары компанияға қарсы істі бастап кетті.
Ирандық сунниттер мен шииттер бірге намаз оқып тұр.

Ирандық сунниттер мен шииттер бірге намаз оқып тұр.


Шілденің 18-і күні Систан-Белуджистан аймағының орталығы Захедан қаласының прокуроры Мұхаммед Марзие Irancell компаниясына «сүнниттердің діни сезімдерін қорлағаны және қоғамды дүрліктіргені үшін айып тағылғанын» мәлім етті. Оның айтуыша, Irancell сунниттер мен шииттер арасындағы бірлікке сына қаққан.

«[Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің] пәтуасында сүнниттердің қасиетті тұлғаларын қорлау харам, әрі заңға қайшы деп айқын көрсетілген. Сондықтан айыбы дәлелденген жағдайда Irancell-дің әрекеттері заңды бұзған қылмыстық әрекет деп бағалануы мүмкін» деді Марзие Иран ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында.

Irancell компаниясының қандай жазаға тартылатыны белгісіз.

«БАСҚАЛАРҒА САБАҚ»

Маулави Абдул Хамид компанияны тәртіпке шақырғаны үшін прокурорға алғыс айтып, халықты Irancell-дің кешірімін қабыл алуға шақырды. Оның айтуынша, ел болып Irancell-ге бойкот жариялау шараларын бастауы «үлкен жетістік» болды, және бұл кешірім басқа да компаниялар мен ақпарат құралдарына, ұйымдар мен мекемелерге сабақ болады және олар болашақта адамдардың діни сезімдерін құрметтеуге дағдыланады.

Шілденің 19-ы күні «Irancell-ге бойкот жариялайық» деп аталатын Facebook-парақшада «компанияға ресми айып тағылуы және олардың кешірім сұрауы» - біздің әрекеттеріміздің «оң нәтижесі» деген жазба жарияланды. Бұл топ Абдул Хамидтің үндеуіне құлақ аса отырып, науқанды аяқтайтындарын хабарлады.

Жазбада: «Ислам діні қағидаларына сүйене отырып Golden Key компаниясының кешірімін қабыл алып, Irancell-дің қателіктің өтемін қайтару әрекеттерін бағалауымыз керек. Бұл науқанның ерекшелігі – мұнда бейбітшілік пен ынтымақ салтанат құрды, зорлық-зомбылыққа жол берілген жоқ» деген жолдар бар.

Иранның сүнниттер тұратын Систан мен Белуджистанда соңғы жылдары бомба жару сияқты қантөгіске толы әрекеттер жиілеп кеткен. Бұған жауап ретінде үкімет қауіпсіздік шараларын нығайтып, қудалау мен жазалауды күшейткен.

Гүлназ Эсфандиаридің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG