Accessibility links

Иранға қатысты алдын ала келісім жобасы түзілді


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филипп Хаммонд (солдан оңға қарай), АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Еуропа Одағы сыртқы саясат істері жөніндегі комиссары Федерика Могерини және Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Лозанна, 2 сәуір 2015 жыл.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филипп Хаммонд (солдан оңға қарай), АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри, Еуропа Одағы сыртқы саясат істері жөніндегі комиссары Федерика Могерини және Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Лозанна, 2 сәуір 2015 жыл.

Иран мен әлемдік алты держава Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты алдын ала келісім жасасты. Келісімге Израиль қарсылық білдірді.

Иран мен әлемдік алты держава Тегеранның ядролық бағдарламасының кейбір бөлімдерін тоқтату туралы "негізгі мәселелер" бойынша келісімге келді.

Швейцарияның Лозанна қаласында өткен келіссөзде жасалған келісім туралы тараптардың бірлескен мәлімдемесін баспасөз жиынында Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини оқыды. Могерини бірнеше күнгі кеңесте қол жеткен уағдаластықты Иранның ядролық бағдарламасын қысқартып, экономикалық санкцияларды әлсіретудегі "шешуші қадам" деп атады.

Могеринидің сөзінше, келісім ішінде Иранның уран байыту мүмкіншілігін кеміту, Фардо ядролық нысанын ядролық физиканы зерттеу орталығына айналдыру жайы қаралған. Ол "келісім бойынша Ираннан бұған дейін байытқан уранының белгілі бір бөлігі әкетілетінін" де айтты.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини мен Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Лозанна, 2 апреля 2015 года.

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини мен Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф. Лозанна, 2 апреля 2015 года.

Могерини АҚШ пен ЕО Иранға қарсы салынған экономикалық санкцияларды алып тастайтынын, бірақ оның шарты бар екенін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, санкциялар Иранның алдын ала келісім бойынша міндеттемелерін орындап жатқанын БҰҰ мен Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) растағаннан кейін ғана алынады.

Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифтің сөзінше, "АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Германия Иран қол жеткіземіз деп отырған межеден әлі алыс тұр". Зариф "жаңа келісім бойынша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иранға санкциялар салу туралы барлық қарарлары жойылатынын" айтты.

Бірақ АҚШ ресми өкілдері "БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарлары Иран ядролық бағдарламасына қатысты сұрақтарды реттеген соң ғана жойылатынын" хабарлайды.

АҚШ президенті Барак Обама Вашингтонда алдын ала келісім жобасы түзілуін "негізгі мақсатымызға сай келетін тарихи түсіністік" деп атады. Бірақ ол "Иранмен алдын ала келісім жобасын жасаумен жұмыс аяқталып қалмағанын" айтып, Иранды ядролық қаруға ие болдырмаудың барлық қажетті шараларын жасауға уәде берді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Лозаннада жасалған мәмілені "біз көздеген шартқа жеткізетін маңызды қадам" деп бағалады. Керри "Иранмен болашақта жасалатын келісімнің шарттары Тегеранды ядролық қару жасау жолдарынан айыруды мақсат етеді" дейді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Лозаннадағы келіссөздерден кейін журналистермен кездесіп тұр. Швейцария, 2 сәуір 2015 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Лозаннадағы келіссөздерден кейін журналистермен кездесіп тұр. Швейцария, 2 сәуір 2015 жыл.

Ол Иранның қару жасауға жарайтын уран өнімі жойылатынын, немесе келешекте жасалатын келісімшарттар бойынша халықаралық нарықта сатылатынын айтты.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филипп Хаммонд жасалған алдын ала мәміле жобасы "келешекте жасалатын келісімшартқа негіз бола алатынын" айтты.

Франция сыртқы істер министрі Лоран Фабиус "түпкілікті келісім жасау үшін әлі біраз жұмыс істеу қажет" екенін мәлімдеді.

Германия канцлері Ангела Меркель Берлинде "әлем бұған дейін Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу келісімін жасауға мұншалықты шақ тұрмағанын" айтты.

АҚШ-тың ресми "Fact Sheet" бюллетенінің хабарлауынша, Иран 15 жылға дейін уран байытатын бірде-бір жаңа нысан салмауға келіскен. Бюллетеньде бұған қоса, егер Иран бұл келісімде айтылған міндеттемелерінің қайсыбірін орындамаса экономикалық санкциялар дереу қайта енгізілетіні де ескертілген. Бұдан өзге, Иранның уранға қатысты не істеп жатқаны келісімге қол қойылғаннан кейінгі 25 жыл бойы тексеріліп отыратыны көрсетілген.

Зариф АҚШ-тың келісімге қатысты жеке өз ақпараттық бюллетенін таратқанына ашуланып, Twitter-де "Жасалған шешімдер барлығы үшін жақсы. Бұл жерде тым ерте жасалған "ақпараттық бюллетеньнің" тасасына тығылудың қажеті жоқ" деп жазды.

Вашингтонда орналасқан Қару-жарақты бақылау және таратпау ассоциациясы президенті Келси Дэвенпорт Азаттыққа Лозаннада жасалған келісім жобасын "үлкен жетістік" деп бағалайтынын айтты.

Ол келісім жобасын "Иранның ядролық бағдарламасын шектеп, оған мұқият бақылау жасайтын түпкілікті келісімге негіз бола алады" деп сипаттайды. Бірақ Дэвенпорт "түпкілікті келісім жасалатынына кепілдік берілмесе де, бұл уағдаластықтың өзі үлкен жетістік" дейді.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху.

Лозаннадағы келіссөз аяқталған соң Барак Обама Израиль премьер-миинстрі Беньямин Нетаньяхумен Иранмен арадағы осы келісім жайлы телефонмен сөйлесті. Ақ үйдің хабарлауынша, Обама Нетаньяхуға келісім жобасын "Иранды ядролық қаруға ие болу мүмкіндігінен айыруға алып келетін ұзаққа созылған келіссөздегі алға ілгерілеушілік" деп атаған.

Обама бұған қоса, келіссөздегі алға ілгерілеушілік "Иран терроризмге демеушілік көрсетеді және Израильге қауіп төндіреді" деген алаңдаушылықты азайтпайтынын да айтқан.

Нетаньяху - Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Тегеранмен халықаралық келісім жасауға ашық қарсылық білдірген саясаткерлердің бірі. Ол бұған дейін Twitter-де "Тегеранмен жасалған кез келген келісім Иранның ядролық қуатын әлсірететіндей болсын" деп талап еткен.

Израильдің стратегиялық істер жөніндегі министрі Юваль Штайниц алдын ала келісімді "шынайылықтан алыс" деп айыптады. Ол Израильдің "түбі жақсылыққа апармайтын келісімнің жасалуына қарсы әрекет ете беретінін" де мәлімдеді.

Иран ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз сегіз күн бойы жүргізіліп, сәуірдің 2-сі күні аяқталды. Келіссөзге Иран мен АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия сыртқы істер министрлері мен дипломаттары қатысты.

Лозаннадағы келіссөздер аяқталғаннан кейін Тегеранда көшеге шыққан жұрт мұны қуанышты жағдайда атап өтті. Тұрғындардың кейбірі бұл мәміленің парсы күнтізбесі бойынша келген Жаңа жылдық мерекеге жақсы сыйлық болғанын айтып жатыр:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG