Accessibility links

Ядролық келіссөздерді өлеңмен сынайтындар шықты


Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон (сол жақта ортада) мен Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф (оң жақта бергі шетте) Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзде отыр. Женева, 20 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон (сол жақта ортада) мен Иран сыртқы істер министрі Жавад Зариф (оң жақта бергі шетте) Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзде отыр. Женева, 20 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Иранда елдің Батыспен ядролық келіссөздерін сынайтындар өлең хаттар жаза бастады. Иран жаңалықтар сайтында жарияланған кейбір өлеңдерден өшпенділік лебі еседі.

«Тегеранның ядролық мәмілесін жүргізушілер басқа держава өкілдері алдында тізе бүкті» дейтін ирандықтар оларға қарсы шабуылдаудың тың әдісіне жүгінді. Соңғы уақытта елдегі жаңалықтар сайтында қоқан-лоқыға толы поэзиялық шығармалар жариялана бастады.

«КЕК АЛАМЫЗ»

Ал ядролық келіссөздер жүргізушілердің поштасына «кек алу» туралы хаттар жолданғаны айтылды. Бірақ Иран полициясы бастығының орынбасары Мохаммед Реза Радан қаңтардың 29-ы күні «келіссөзге қатысты назар аударуға тұрарлық қауіп-қатер жоқ» деп мәлімдеді.

Алайда өлең жолдарымен жасалған ескертулер электронды пошта арқылы тиісті адамдарға жіберілді деген деректер бар. Келіссөз жүргізетін топқа жетекшілік ететін сыртқы істер министрі Жавад Зариф тәрізді адамдар ондай хатты алды ма, жоқ па - ол жағы белгісіз.

Иран ақпараттық агенттігінің дерегінше, «Ядролық мәмілені жүргізетін топқа қарсы ұрандар болса, оны жекелеген адамдардың мүддесі деп қарастыру керек» дейді Реза Радан. Бірақ ол полицияның келіссөз жүргізушілерге төнген кез келген кибер-қауіпке қарсы шара қабылдайтынын айтты.

Қаңтардың 20-сы күні күшіне енген келісім бойынша, Тегеран ядролық саладағы іс-әрекетін тоқтатады, ал талап қоюшылар Иранға салынған санкцияны жеңілдетеді. Иран азаматтарының көбі мәмілені құп көреді, бірақ бір жақты ұстанымдағы ымырасыз күштер оны «мәмілешілер қарсыластарға төтеп бере алмады, Иранның ядролық құқығы аяққа тапталды» деп бағалады.

Осындай қатаң ұстанымдағы бір газет тіпті келіссөзді «ядролық холокост» деп атапты. Иран жаңалықтар сайтына жарияланған өлеңдер ымырасыз тараптың наразылығын танытады. Ондағы өлең жолдарының бірі «Өш аламыз деп Құдайға ант береміз» деп басталған.

«Дұғамыз арқылы кек аламыз,
Қан төгуге де даярмыз.
Дін жолында опат болғандар үшін,
Келіссөз үстеліне барып,
Бәрінен кек аламыз».

«РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛДАРЫ»

Иран депутаты Мохаммед Реза Мохсени Сани парламенттік ICANA ақпараттар агенттігіне берген сұхбатында «Иранның кибер полициясы осындай қоқан-лоқы мәлімдемелерге қарсы шара қабылдауы керек» деді. Мохсенидің айтуынша, доңайбатшылардың кейбірі Ислам Республикасына қарсы әдейі жасалған іс-әрекеттерімен келіссөзді тоқтатуды көздейді.

«Батыс барлау қызметтеріне байланысы бар осындай топтар елде берекесіздік, тәртіпсіздік орнаса дейді. Ел ішінде де ядролық келіссөздердің жемісті болатынына күмәнданатындар бар» деді депутат. Ол Иранның «жаулары» жағдайды өз пайдасына шешкісі келеді деп түйіндеді.

Танымал консервативтік «Tabnak» сайты да доңайбат көрсеткен өлеңдерді сынады.

«Осы өлеңдер ирандықтардың ұлттық мүддесіне пайдалы ма?» деген сұрақ қояды сайт өкілі. «Қоқан-лоқы жасауды сын деп айта аламыз ба? Әсіре ұстанымдағылар келіссөзді сынайды, оған ілесетін шағын топ бар тәрізді. Ирандықтар арасында кең тарап кеткен олардың өлеңі Батыспен жақсы қарым-қатынаста болып, санкцияны алып тастауды қалайтындардың ойын өзгерте алмайды. Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменей ядролық келіссөзді құптап, мәмілешілерді «революция ұлдары» деп атады» деп жазады ирандық сайт.

Азаттық тілшісі Гүлназ Эсфандиаридың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG