Accessibility links

Иранда халық санын көбейту науқаны басталды


"Көп болсақ, өмір де көңілді" науқанын Иран мемлекеттік баспасөзі қыздырып тұр.
"Көп болсақ, өмір де көңілді" науқанын Иран мемлекеттік баспасөзі қыздырып тұр.

Иранда халық санын көбейту мақсатында азаматтарды бала туу қабілетінен хирургиялық тәсілмен айыруға тыйым салынбақ. Бұл заң ел ішінде қызу пікірталас тудырды.

Иран азаматтарын көп бала тууға күштеп көндіре алмай келеді, бірақ үкіметтің әйелдердің жатыр түтігін тігіп тастауға тыйым салуға құзыреті жетіп тұр.

Елдің рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеидің Иран халқын көбейту туралы ұсынысын қолдаған парламент вазэктомия, сальпингэктомия және сол сияқты ер мен әйелді бала жарату қабілетінен айыратын хирургиялық әдістерді қылмыс қатарына жатқызатын жаңа заң қабылдамақ. Мұндай әрекетке барғандар енді 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жақында заң жобасын парламент мақұлдады. Оны 207 депутат қолдаса, 106-сы қарсы болды. Алайда басы ашылмаған жайттар көп. Мәселен, медициналық процедураны жүзеге асырған дәрігер кінәлі, әлде оған өз еркімен келген пациент жазықты бола ма – анық емес.

Заң жобасында бала санын шектеу үшін қолданылатын стерилизация тәсілін насихаттаған адамды да қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Ерекше жағдайларда ғана болмаса, жасанды түсік жасатуға Иранда әлдеқашан тыйым салынған.

Заң жобасы парламенттің денсаулық мәселелері жөніндегі комитетіне қайта қарауға жіберілді. Содан кейін оны парламент бекітеді және Ислам революциясы сақшылары корпусы ратификациялайды.

ХАМЕНЕИДІҢ ҮНДЕУІ

Иранның рухани көсемі Хаменеи жақында «елді дамыту үшін қартайып бара жатқан халықты жасарту керек, ол үшін бала санын көбейту қажет» деп сөйлеген еді. 2012 жылы да Хаменеи халық санын екі есе арттырып, 150 миллионға жеткізу жөнінде мәлімдеп, халық санын шектеу саясатын сынаған еді.

Перзентханада жатқан әйелдер. Иран, 5 мамыр 2014 жыл.
Перзентханада жатқан әйелдер. Иран, 5 мамыр 2014 жыл.

​Мамыр айында қабылданған 14 бөліктен тұратын бағдарламада Хаменеи биліктің үш тармағын да «бала туу көрсеткішін арттырудың барлық амалдарын жасауға» шақырады. Соның ішінде үйленуге кедергі болатын жайттарды жою, жас отбасыларға жәрдем беру жолдары да қарастырылған. Бұл бағдарламада Батыс мәдениетінің «зиянды ықпалымен күресу үшін ирандық және исламдық өмір салтын насихаттау» туралы да айтылған.

Бұл соңғы 20 жыл бойы халық өсімін шектеу саясатын жүргізіп келген Иран мемлекеті үшін күтпеген бетбұрыс болды.

Қатаң саясатты жақтайтын топтың Keyhan басылымы маусымның соңында жарық көрген мақаласында «Хаменеи халық санын шектеу саясатының өте сәтті әрі тез орындалғанын мойындап, таяу арада халық санының өсімі нөл пайызға түсуі мүмкін деп қорыққан» деген пікір айтты. 2013 жылы Иранда халық саны небәрі 1,2 пайызға өскен.

Рухани көсемнің бұл пікірі мемлекеттік ақпарат құралдарында насихатталып, «бала неғұрлым көп болса, өмір соғұрлым көңілді» деген мазмұндағы үгіт науқаны басталып та кетті. Отбасын жоспарлау бағдарламаларын қаржыландыру мен презерватив (мүшеқап) таратуға берілетін субсидиялар қысқарды.

«ПАЙДАСЫНАН ЗИЯНЫ КӨП ЗАҢ»

Дегенмен бұл жаңа ережелерге наразылар да бар. Кейбір депутаттардың айтуынша, «Иран халқы онсыз да стерилизацияны сирек қолданады, ал мұндай хирургиялық әдісті қылмыс қатарына жатқызудың пайдасынан зияны көп болмақ».

Маусымның 24-і күні парламентте өткен пікірталас кезінде Иран мәжілісі депутаты Мехди Даватгари «Жүктіліктің алдын алу әдістерінің арасында хирургиялық стерилизацияны жұрттың үш-ақ пайызы қолданады. Біз осы үш пайызға бола заң қабылдап жатырмыз, енді бұл операцияларды жеке емханаларда жасырын түрде жасайтын болады» деді.

Иран балалары. (Көрнекі сурет)
Иран балалары. (Көрнекі сурет)

Оның айтуынша, 2012 жылы бала санын шектеу әдісін қолданған 3 миллион 500 мыңдай ирандықтың 70 мыңы жатыр түтігін тіктірсе (сальпингэктомия), 30 мыңы аталық бездің шауһат жолын бітеу (вазэктомия) әдісіне жүгінген. Қалған 1 миллион 300 мыңдай адам контрацептивтік дәрі ішкен, ал басқалары басқа да «тұрақты емес» тәсілдерді қолданған.

Жаңа заңды сынай сөйлеген Даватгари құжатта кімнің жазаға тартылатыны айқындалмағанын айтты. Операция жасаған медицина қызметкері жазалана ма, әлде өзін стерилизациялауды сұраған адам қылмыскер атана ма - ол жағы заң жобасында анықтап айтылмаған. Депутаттың пікірінше, «бұл заң елдегі қылмыс санын арттырып, түрмеге түсетіндерді көбейтеді».

Ол «Біз халықты қамшының күшімен және түрмеге тоғыту арқылы бала тууға көндіре алмаймыз» дейді.

«БАТЫС КІНӘЛІ»

Маусымның 24-і күні өткен парламент сессиясы кезінде заң жобасын жақтап сөйлеген консерватор депутат Әли Мотахари «Иранда халық санының азаюына Батыс мәдениеті ықпалы етті» деді.

Ол жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Бұл проблема Батыс мәдениетіне еліктеуден туды. Халықтың көбеюіне кедергі болатын жайттардың бәрін жою керек» деген.

Ол «Денсаулық жағдайына байланысты болмаса, басқа жағдайда стерилизациялау - ақылға сыйымсыз әрекет. Төртінші баласын дүниеге әкеле алатын әйелге ауруханаларда оның рұқсатынсыз, өзіне білдірмей стерилизация жасалатынын анықтадық» дейді.

Депутат Хамидреза Табатабаидың айтуынша, соңғы жылдары тек СПИД/ВИЧ немесе гепатит жұқтырған, дүниеге ауру бала алып келеді деген адамдарға ғана стерилизация жасалып жүр.

«ЗАҢ КОНСТИТУЦИЯНЫ БҰЗАДЫ»

Жаңа заңға қарсы пікірлер ақпарат құралдарында да жариялана бастады.

Баласын көтеріп, қой жайып жүрген әйел. Иран, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Баласын көтеріп, қой жайып жүрген әйел. Иран, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

​Жартылай мемлекеттік ISNA ақпарат агенттігіне берген сұхбатында құқықтанушы профессор Мохаммад Хашеми «бұл заң жобасының адамның негізгі құқықтарына және Иран конституциясына қайшы келетінін» айтты.

Ол «Үйлену-үйленбеу, бала сүю-сүймеу – мұның бәрі әр азаматтың өз ықтиярындағы нәрсе. Мемлекет азаматтың жеке өміріне араласпауы керек» дейді.

Tabnak.ir сайты «вазэктомия мен сальпингэктомияны қылмыс қатарына жатқызу ақылға сыйымсыз» деген пікір айтты. Сайттың жазуынша, «бұл заңды ұсынғандар Иранның күрделі экономикалық және әлеуметтік проблемаларын ескермей отыр».

Сайт «Үйленудің сиреуі, ажырасудың көбеюі сияқты проблемаларға, қордаланған экономикалық мәселелерге мән бермей, мәселені бала сүюді қаламайтындарды түрмеге қамау арқылы шешу қаншалық ақылға сыйымды?» деп сұрайды.

Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу пікірталасқа арқау болды.

Бір ирандық «Вазэктомияның орнына өлім жазасына тыйым салынса, Иран халқының саны 150 миллионға жетер еді» деген пікір қалдырыпты.

Енді бір кісі «халық санын көбейту туралы бастама еш қисынға келмейді» деп кейіген. Ол «Онсыз да кедейліктен, экономикалық мешеуліктен, экология мәселелерінен зардап шегіп отырғанда 150 миллионға жетейік деп пәтуа шығарғаны несі?» деп жазады.

(Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG