Accessibility links

«Әуе шабуылы жасалуы мүмкін» деген дақпырт Иран халқын үрейлендіріп тастады


Ирандықтар ресми тележаңалықтарды көріп тұр. Тегеран, 10 қараша 2011 жыл
Ирандықтар ресми тележаңалықтарды көріп тұр. Тегеран, 10 қараша 2011 жыл

Иранның ядролық нысандарына сырттан соққы жасалу ықтималдығы күшейген сайын қарапайым халық «Батыспен арадағы әскери қақтығыста зардапты біз шегеміз» деп қатты абыржып отыр.


Иранның ядролық құрылғыларына Израильдің шабуыл жасауы мүмкін деген бейресми ақпарат та қарапайым жұрттың үрейін ұшыра түсті. Халықаралық атом энергетикалық агенттігінің қарашаның 8-і күні «Иран ядролық қаруларын дамытуды қолға алды» деген қорытынды баяндамасын жариялауы да отқа май құя түсті.

1980 жылы Иракпен сегіз жылға созылған ауыр соғысты бастан кешкен ирандықтар сол кездегі зобалаң басымызға қайта туа ма деп қатты қобалжиды.

«ИЗРАИЛЬ АТЫП ӨЛТІРЕТІН БОЛДЫ ДЕП ҚУАНАЙЫҚ ПА?»

Атын айтудан бас тартқан исфахандық бір адам кез-келген әскери қимылдың негізгі құрбандары қарапайым жұрт болады деп қорқып отырғандығын айтады.

- Қарапайым халық – санкциялардың құрбандары, ал Иранның басшылары бұдан зардап тартып жатқан жоқ. Соғыстың зардабын қатардағы жұрт тартады, - деді ол Азаттық тілшісіне телефонмен берген сұқбатында.
Соғыс режимді біріктіреді, сонымен қатар бұл көптеген адамдардың өздері жақтырмайтын режимді еріксіз қолдап шығуына әкеп соғады.

Иран астанасында тұратын 56 жастағы әйел «уайымнан түні бойы ұйықтай алмаймын» дейді. Ол ислам республикасына қарсы соғыс орталық билік үшін пайдалы болады, бірақ қарапайым халыққа өте ауыр тиеді деп есептейді.

- Соғыс режимді біріктіреді, сонымен қатар бұл көптеген адамдардың өздері жақтырмайтын режимді еріксіз қолдап шығуына мәжбүр етеді. Сол кезде біз не істеуіміз керек? Атом қуатын өндіру саласында жұмыс жасап жүрген отандастарымызды Израиль атқылап өліретін болды деп қуануымыз керек пе? - деп қарсы сұрақ қойды ол.

Басқалар секілді ол әйел де Иранның атом-энергетикалық саласындағы прогресін баяулатып немесе тоқтатып тастауды мақсат тұтқан Израильдің немесе АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға әуеден соққы жасауы үлкен соғысқа түрткі болады деген пікір айтады. Бұл көзқарасты Иранның ресми басшылары елге қарсы жасалатын кез-келген әскери әрекетке қарымта қайтаратынын ескертіп, нықтай түскен.
Аятолла Хаменеи, Иранның рухани жеткшісі (сол жақта), әскери басшылардың бірімен сөйлесіп тұр. Тегеран, 10 қараша 2011 жыл
Аятолла Хаменеи, Иранның рухани жеткшісі (сол жақта), әскери басшылардың бірімен сөйлесіп тұр. Тегеран, 10 қараша 2011 жыл

Израиль премьер-министрі өз үкіметін осындай шабуылдарды жүзеге асыруға үндепті деген бейресми ақпараттың кең тарауы да Ираннан тыс жерлерде де қобалжуды арттырып отыр.

Оптимистік көзқарасы басым кейбір сарапшылар халықаралық қауымдастықтың Иранға қатысты қысымын күшейте түсу үшін Израиль үкіметі соғыс туралы риториканы стратегиялық тәсіл ретінде қолданып отыр деп бағалайды.

АҚШ үкіметі өзінің позициясын анық білдірмей отыр, бірақ мемлекеттік қызметкерлер бұл дағдарысты дипломатиялық жолдармен шешуге мүдделі екендігін білдірді.

«СОҒЫС – ИРАН БИЛІГІ ҮШІН ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚ»

Азаттық радиосының «Фарда» иран қызметіне атын ғана жазып хабарласқан, Мешхед қаласының Мухаммед есімді тұрғыны АҚШ-тың бұл сөзіне сенбейді. Ол АҚШ президенті Барак Обаманы Иранға қарсы шабуыл ұйымдастырып жатыр деп айыптайды. Шабуыл бастала қалса, миллиондаған ирандық өз елін қорғау үшін соғысқа сақадай-сай болады деп болжайды.

- Иранның ішінде барлық халық аятолла Хаменеиді қолдағандай үкіметтерін де қолдайды. Өздерін мемлекетпен бірміз деп санайтын миллиондаған адамдар бар. Олардың бірі қалмай отандарын қорғайды, - деп ойлайды ол.
Соғыс бола қалған жағдайда Иран жері АҚШ сарбаздары үшін қабірстанға айналады.

Соғыс бола қалған жағдайда Иран жері АҚШ сарбаздары үшін қабірстанға айналады деп ескертті ол.

Оның осы болжамын Иранның зерттеушілері де растайды. Олар Иранмен соғыс бола қалса бұл елдегі әсіреұлтшылдар жаппай тізе қосып, үкіметті қолдап шығады деп жылдар бойы айтып келеді. Зерттеушілердің ойынша, болжанып отырған әскери іс-қимылдар діни режимді одан сайын күшейтіп, елдегі тапталып жатқан адам құқықтарын одан сайын мүшкіл халге түсіруі мүмкін.

Бір кезде Иранда түрмеге қамалған ирандық атақты әлеуметтанушысы Хусеин Хазиан да осы пікірді жақтайды. Ол Азаттық тілшілеріне: «Соғыс - Иран үкіметі үшін жақсы жаңалық, Ирандағы демократия үшін жаман хабар» деді.
Иран президенті Махмуд Ахмединежад Чахар-Махал-Бахтияри уәлаятына келген бойы жергілікті әскери қолбасшымен амандасып тұр. 9 қараша 2011 жыл.
Иран президенті Махмуд Ахмединежад Чахар-Махал-Бахтияри уәлаятына келген бойы жергілікті әскери қолбасшымен амандасып тұр. 9 қараша 2011 жыл.

- Әсіресе елге шетелдік дұшпандар шабуыл жасағанда, мына үкіметтің өз қарсыластарын қудалап, жаншып тастауына сылтау да, себеп те, заңдылық та жетерлік болады. Иран халқы саяси дәстүрі бойынша осындай кез-келген шетелдік басқыншыға қарсы тізе қосып, бірігіп кетеді. Иран үкіметі оппозицияны емес, жаппай мобилизацияланған жұртты пайдаланып кетуге дайын тұр, - деді Хазиан.

Қазір Сиракуз университетінде уақытша дәріс оқитын Хазианның ойынша, сырттан соққы бола қалған жағдайда Иран оппозициясы мемлекет пен өздерінің ұстанған позициясының арасындағы айырмашылықты ажыратуға шамасы келмей қалады.

- Бұлардан бөлек мемлекеттің кейбір инфрақұрылымдары қирап жатса, оларды қайта қалпына келтіруге уақыт қажет болады. Бұл әлеуметтік және және саяси күштердің күн тәртібіндегі демократияны құру мәселесі біраз уақытқа шейін көтерілмей қалады дегенді білдіреді, - дейді ғалым.

СОҒЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ

Жасыл оппозиция қозғалысына бүйрегі бұратын Тегерандағы журналист елдің көпшілігі мұның ақырын күтіп отырғанын, бұрынғыша тағы да әне-міне болады деген соғыс қаупі ақырындап басылар деген үмітте екенін жазады.

«Өз жерін басып кіретін сырт елді ешбір қоғам құшақ жайып қарсы алмайды. Бірақ бұл нәрсе бүкіл халық үкіметті қолдап кетеді дегенді білдірмесе керек. Кейбіреулері, бәлкім, қақтығысты сырттан бақылап қана отырар» деген ой айтады журналист.

Иранның ірі банкінде жұмыс жасайтын компьютерлік сарапшы Иранға қарсы кез-келген әскери іс-қимыл қоғамдағы экстремизмнің артуына әкеп соғуы мүмкін деп алаңдаушылығын білдірді.

- Бүгінге дейін бізді «батондар» (демонстрацияны күшпен тарататын Иран билігі құрған жазалаушы топ) өлтіріп келген болса, енді бұдан былай бомбалар мен жанкештілердің жарылысынан қаза табуға дайындала беруіміз керек шығар, - дейді ол.

Шетелде тұратын Иран диаспораларының арасында соғыс туралы әңгіме мынаған келіп тірелді. Ондағы кейбір ирандықтар соғыс бастала қалса өздерінің ағайын-туыстарымен бірге болу үшін елдеріне оралуға бел байлап, тас-түйін дайын отыр.

Таяу арада Канадада, Еуропада, АҚШ-та тұрып жатқан жүзге жуық ирандық белсенді мен интеллигенция өкілі Иран үкіметінің халықты жаншып жатқандығын және елге қарсы сырттан төнген әскери қимылды айыптаған хатқа қол қойды.
Біз халқымыз бен мемлекетімізді күл-талқан қылатын соғысты қаламаймыз. Сондықтан бұған екі жақ та жауапты деп санаймыз.

Хатқа қол қойғандардың біреуі Иранның атақты жазушысы және журналисі Акбар Ганджи Батыс елдері Иранға шабуыл жасаудан бас тартуы тиіс және де Иранның ресми билігі елдің ядролық саладағы қызметіне қатысты түсінбестікті жою үшін қажетті шаралар жасауға міндетті деп мәлімдеді.

- Біз халқымыз бен мемлекетімізді күл-талқан қылатын соғысты қаламаймыз. Сондықтан бұған екі жақ та жауапты деп санаймыз. Қандай жағдайда да Израиль мен Батыс елдерінің Иранға соғыс ашатын құқықтары жоқ. Екінші жағынан, соғыс бастала қалған жағдайда тек Батысты ғана кінәлай беру дұрыс емес. Иран елін осындай бағытқа зорлықпен бұрып әкетіп бара жатқан саяси жетекшілерін де кінәлі деп санау керек, - деді ол Азаттық радиосына.

Қарашаның 13-інде Гаваиде өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық саммиті кезінде АҚШ президенті Барак Обама Ресей президентімен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ортақ көзқарас ұстанатындарын мәлімдеді. Бірақ екі ел басшысы ұқсас ұстанымдары туралы журналистерге ашып ештеңе айтқан жоқ.

(Мақаланы қазақ тіліне тәржімелеген - Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG