Accessibility links

Иранда Facebook-ті бұғаттан босату әрекеті сынға кезікті


Ұялыбайланыс телефонын қарап отырған ирандық әйел. Тегеран, 16 маусым 2009 жыл.

Ұялыбайланыс телефонын қарап отырған ирандық әйел. Тегеран, 16 маусым 2009 жыл.

Иранның консервативтік саясаткерлері президент Хассан Роуханидің елде Facebook-ті пайдалануға рұқсат беру жоспарын сынға алды. Бұл Иранның билік тармақтары арасындағы текетіресті тағы да байқатты.

Иран парламентіндегі консерватор депутаттар үкімет өкілдерінің жақында елде Facebook әлеуметтік желісін бұғаттан босату мәселесіне қатысты арнайы жиын өткізгенін хабарлады.

БҰҒАТТАН ШЫҒАРУ

Хассан Роухани мен оның үзеңгілестері сайлау науқаны кезінде цензураны босаңсытып, елді ашық ете түсеміз деп уәде берген еді. Бірақ қазіргі жағдай сайлаушыларға берген уәдесін орындату президентке тым қиынға соғатынын аңғартқандай.

Иранның жартылай мемлекеттік Fars ақпарат агенттігіне елдегі қатаң солшыл Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

көзқарастағы депутат Фатима Рахбардың берген мәліметіне сенсек, президенттің кеңесшісі Мұхаммед Риза Садех Facebook-ке қойылған шектеуді алып тастау мәселесін алты бірдей министрлік өкілдерімен кездесуде талқыға салған. Бұл отырысқа ғылым, мәдениет және барлау министрліктерінің өкілдері қатысқан делінеді.

Рахбар президент кеңесшісіне «бұл кездесуді өз қалауыңыз бойынша өткіздіңіз бе, әлде сізге президент Хассан Роухани нұсқау берді ме, осының ақ-қарасын ашып беріңіз» деп талап қойып отыр.

Ол бұл мәселені консерваторлардың бақылауындағы парламент аяқсыз қалдырмайтынын да шегелеп айтты.

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ – БАТЫС ҚАРУЫ»

20 қарашада сөйлеген сөзінде Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеи «әлеуметтік желілер – Иранның «жаулары» Ислам Республикасына қарсы қолданып отырған қару» деп мәлімдеген.

Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеи.

Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеи.

Хаменеи Twitter мен Facebook-ке ерекше шүйлікті. Иранның оппозициялық саясаткерлері мен белсенділері елдегі адам құқықтарының бұзылуы және цензура туралы ақпараттарды осы желілердің көмегімен таратып келген.

Хаменеидің айтуынша, 2009 жылы президент Махмұд Ахмадинежадтың қайта сайлануына наразылық білдірген оппозиция әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланған. Демонстранттарды «арандатушылар» деп атаған Хаменеи АҚШ Мемлекеттік департаментінің жүйені модернизациялау жоспарын кейінге қалдыру туралы Twitter-ге жолдаған мәлімдемелерін де ерекше атап өтті. Ол жоспар жүзеге асқан жағдайда Иранда әлеуметтік желі біраз уақытқа өшіп қалған болар еді.

«Олар ақпарат құралдарының, Twitter мен Facebook-тің көмегімен біздің Исламдық негізімізді құлатқысы келді» деді 20 қарашада сөйлеген сөзінде Хаменеи.

«ЭЛИТА ЖЕРГІЛІКТІ САЙТТАРДЫ НАСИХАТТАУЫ КЕРЕК»

Рухани көсемнің осы уытты сөздерінен дәйексөз келтірген Иран парламентінің депутаты Фатима Рахбар «Иран үшін де, басқа әлем үшін де әлеуметтік желілердің рөлі түсінікті болды» деді.

Оның айтуынша, елдің элитасы Батыстың әлеуметтік желілерін жарнамалаудың орнына соларға ұқсас қызмет атқаратын жергілікті сайттарды насихаттауы керек.

Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеидің Facebook-тегі парағынан скрин-шот. 17 қыркүйек 2013 жыл.

Иранның рухани көсемі Аятолла Хаменеидің Facebook-тегі парағынан скрин-шот. 17 қыркүйек 2013 жыл.

Тағы бір депутат Ахмад Амирабади «егер Facebook-ті бұғаттан босату біздің Исламдық өкіметтің саясатына қайшы келетін болса, онда парламент оған қарсы дауыс береді» деп әріптесінің пікірін қостады.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары Амирабадидің «Facebook-ке сүзгі қою – дұрыс шешім, бұл шешімді өзгертпеу керек» деген пікірін жарыса қайталады.

Ал президент Роухани болса, елдегі қатаң цензураны сынап, Иранда қалыптасқан «қауіпсіздік атмосферасын» өзгертуге уәде берген.

ИНТЕРНЕТТІ БАҚЫЛАЙТЫН АРНАЙЫ КОМИТЕТ

Роухани кабинетінің кейбір мүшелері, соның ішінде сыртқы істер министрі Жавад Зариф өз қызметтеріне әлеуметтік желілерді пайдаланады.

Мұның өзі Иранда басқа да ондаған мың сайттармен бірге тыйым салынған әлеуметтік желілерді пайдалануға рұқсат беруді қалайтындар мен бұған қарсылардың арасындағы пікірталасты өршітіп жіберді. Бұғатталғанына қарамастан, ирандықтар бұл сайттарға анонимайзерлердің көмегімен кіре алады.

Тегерандағы интернет-кафелердің бірінде. 9 мамыр 2011 жыл.

Тегерандағы интернет-кафелердің бірінде. 9 мамыр 2011 жыл.

Консерваторлар «Батыстың барлау органдары мен «сионистердің» құралына айналған» әлеуметтік желілерге салынған тыйымның күшін жоюға қарсы болып отыр.

Ал Иранның мәдениет министрі Әли Жаннати Facebook-ті ашық пайдалануды жақтап сөз сөйледі. Бірақ ол «үкімет бұл мәселеде жалғыз шешім қабылдай алмайды» дегенді де қоса айтты. Қараша айының басында Жаннати өзі басқаратын министрліктің Интернетке салынған тыйымды бақылай алмайтынын, бұл құзырет арнайы бақылау комитетіне берілгенін айтқан.

Жаннатидің сөзінше, аталған комитетте Мәдениет министрлігінің бір өкілі ғана бар.

Гүлназ Есфандияридің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG