Accessibility links

Иранда спутник сигналын бөгеуден дау шықты


Ирандағы спутниктік телеарна "тарелкалары". (Көрнекі сурет)

Ирандағы спутниктік телеарна "тарелкалары". (Көрнекі сурет)

Иранда «спутник телеарналарының толқыны зиян ба, әлде оларға тосқауыл сигналдар зиян ба?» деген дау шықты. Аятолла «тосқауыл адам денсаулығына зиян болса, шариғатқа қайшы» дейді.

Иран билігі «Дұшпандарымыз спутниктік арналарды Исламға қарсы мақсатқа пайдаланады» деген уәж айтып, олардың толқындарына тосқауыл қойып отыр. Сөйтіп Тегеран Иранда шетелдік спутниктік теле- және радиоарналарды таратпай келеді.

Жақында бұл елде осы мәселеге қатысты дау басталды. Ирандағы шииттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, елдегі аятолланың бірі «Егер спутник толқындарына тоқсауыл қоятын сигналдар адам денсаулығына зиян келтірсе, онда шариғатқа қайшы. Тіпті ислам құндылықтарын қорғау үшін де оны қолдануға болмайды» деген пәтуа шығарған.

Осы ретте парсы тілді «Шафақна» («Shafaqna») веб-сайты «Таразының бір басына Ислам әлемі мен мәдениетін, екінші басына спутниктік арналарға тосқауыл жасайтын сигналдардың кесірінен туатын неврологиялық дерттерді, жүрек аритмиясын немесе оның тоқтап қалуын, балалар мен нәрестелердің өлімін, лейкемия мен склероздың түр-түрін, мұсылмандардың оқыс өлімін және емделмейтін ауруларды қойсақ, қайсысы басым түседі? Спутниктік толқындарды бөгейтін сигналдар шариғатқа сай келе ме? Мұның пәтуасы қандай?» деген сұрақ қойған.

Иран полициясы тұрғындар орнатқан спутниктік антенналарды бұзып жатыр. (Көрнекі сурет)

Иран полициясы тұрғындар орнатқан спутниктік антенналарды бұзып жатыр. (Көрнекі сурет)

Аятолла Мусави Ардебили «Шафақна» веб-сайтының сауалына жазбаша жауап қайырып, «Егер спутниктік толқындарға қойылатын тосқауыл сигналдар осы айтылғандай зиян екені дәлелденсе, оларды таратуға болмайды» деген.

Иран Ислам Республикасында бұл пәтуа шыққанға дейін де спутниктік бөгеттің денсаулыққа зияны туралы дау-дамай болып келген.

2001 жылы АҚШ Иранды «ұшқышсыз басқарылатын аппаратымыздың байланыс жүйесін істен шығарып, жерге құлатты» деп айыптаған. Осы оқиғадан кейін «Тегеран спутник толқындарына бөгет қоятын күрделі жабдық сатып алды, не оны өзі жасап шықты» деген күдік туды. Тіпті «Тегеранның қолында спутниктерді де құлата алатын лазерлік технология бар» деген сыбыс шықты.

«СЫРҚАТ СЕБЕБІ - СИГНАЛДАР»

Әзірге спутниктік сигналдарға тосқауыл жасайтын ирандық технология жайлы нақты мәлімет жоқ. Алайда Иран газеттері мен кейбір шенеуніктері бұның адам денсаулығына зиян екенін айтып отыр. Олардың арасында Тегеран қалалық кеңесінің бұрынғы мүшесі және қазіргі вице-президент Массуме Эбтекар да бар.

Эбтекар 2012 жылы «Бір білетініміз – бұл сигналдар адам денсаулығына және жасушаларына әсер етеді. Иммунолог, әрі зерттеуші ретінде айтарым – олар көптеген аурудың себебі болуы мүмкін» деген еді.

Ақпан айында Иранның денсаулық сақтау министрі Хасан Хашеми «Спутник толқындарына бөгет қою технологияларының денсаулыққа зияны зерттеліп жатыр. Әзірге зияны жоқ деген есептер түсті. Тосқауыл сигналдары адам денсаулығына кері әсер етеді деген сыбыстардың ғылыми негізі жоқ. Алайда бұл мәселені мұқият зерттеу керек екені күмәнсіз» деп мәлімдеген.

Спутниктің компьютерлік графикасы. (Көрнекі сурет)

Спутниктің компьютерлік графикасы. (Көрнекі сурет)

«Шафақна» веб-сайты осы мәселеге қатысты манағы сауалын Ардебилиден басқа тағы екі аятоллаға – Собхани мен Шабири Занджаниге де қойған. Олардың ешқайсысы анық жауап бермеген.

Собхани бұл мәселеге пәтуа бере алмайтынын, тек сот қана үкім шығаратынын айтқан. Ал Занджани «Спутниктік арналардың көрерменге тигізетін кері ықпалы зиянырақ па, әлде сол арналарға қойылған бөгет сигналдардың көрермен денсаулығына әсері зиянырақ па - сұрақтың жауабы осы екі мәселеге байланысты» деген.

Иранның бұқаралық ақпарат құралдарындағы спутник толқындарына қойылған тосқауылдың зиянды әсері жайлы хабарлар көбіне бейресми мәліметтерге негізделгенге ұқсайды. Олар «түсік пен рактың көбейгенін» айтады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аты-жөнін айтпаған өкілі 2012 жылы «Small Media» қорына берген сұхбатында «тосқауыл сигналдарының жиіліктері жайлы білмей отырып, олардың денсаулыққа зияны туралы айту да қиын» деген. Ал Иран билігі пайдаланып отырған тосқауыл жүйесі жөнінде ақпарат жоқ.

Әли Әкбар Мусави – 10 жыл бұрын Ирандағы спутник толқындарына тосқауыл қою мәселесін зерттеген заңгер. Қазір ол - АҚШ-та тұратын құқық қорғаушы.

Мусави «Ол кезде тосқауыл орталықтары ірі қалалардың маңында орналасатын. Оларды әскери органдар басқаратын» дейді. Ол Иранның спутник сигналдарына тосқауыл жасайтынын растайды. Мусавидің айтуынша, «Иранда сигнал қабылдауға кедергі жасау үшін жүк машиналарына орнатылған «көшпелі бөгеттер» де ұйымдастырылады». Ол «биліктің қазір қандай технологиялар қолданатыны белгісіз» дейді.

«ИРАН КІНӘЛІ ЕМЕС»

Осы жылдың басында «АҚШ Иранның мемлекеттік сигнал таратуына салынған тыйымды (санкцияны) жойды» деген хабар тарады. Ақпараттар бойынша, Иранның «тосқауыл қоюдың зиянды жүйесін пайдаланбайтыны» анықталған.

Спутниктік "тарелка" әкетіп бара жатқан Иран азаматы. (Көрнекі сурет)

Спутниктік "тарелка" әкетіп бара жатқан Иран азаматы. (Көрнекі сурет)

Мусави «Билік тосқауыл қоятын мекемелер мен қолданып отырған технологиялары туралы ақпараттарды жариялауы тиіс. Мәселе мынада – мобильді бөгет станциялары адамдарға жақын орналасуы мүмкін. Билік халықаралық стандарттарды қолдана ма, жоқ па – оны да айтсын» дейді.

Иран билігі Азаттықтың «Фарда» радиосының да сигналдарына тосқауыл жасап отыр. «Фарда» радиосының директоры Арманд Мостофи «Билікке 2013 жылы президент Хассан Роухани келгелі де радиоға қойылған тосқауыл алынған жоқ» дейді.

Алайда Иранның спутниктік арналарға бөгет қойып, спутниктік антенналарға тыйым салғанына қарамастан, көптеген ирандықтар шетелдік спутниктік арналарды көреді. Кей мәліметтерге қарағанда, бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін жеткен.

Әдетте билік тосқауыл қою әрекеттерін халық толқулары кезінде күшейтіп отырады.

(Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG