Accessibility links

Ирандағы "дарға асу" видеоларының дауы


Дар арқанын іліп жатқан адам. (Көрнекі сурет)
Дар арқанын іліп жатқан адам. (Көрнекі сурет)

Иранда қылмыскерлерді көпшілік алдында дарға асу жиілеп кетті. Оның видеоларын кей адамдар әлеуметтік желіге шығарады. Ол кадрлерді жариялау-жарияламау туралы дау да күшейіп тұр.

"Бөліссем бе, бөліспесем бе?" Ирандағы көпшілік алдында дарға асу туралы видеоны көрген адамға осындай ой келеді.

ЖАНТҮРШІГЕР КӨРІНІС

Қауіпті көріністі әлеуметтік желі арқылы өзгелермен бөліскен жөн дейтіндер Ирандағы қатыгез әдісті әшкерелеп, мемлекеттік қызметкерлердің әділ (жұмсақ - ред.) жаза тағайындауына ықпал етеміз деп үміттенеді.

Ал видеолардың жариялануына қарсылар "олар Ирандағы зорлық-зомбылықты одан сайын күшейтіп, жұрт көзінше дарға асудың бұдан бетер көбеюіне әкеледі" деп қауіптенеді.

Ақпан айының соңында Карадж қаласында түсірілген видеода ондаған ирандық қылмыскерді дарға қалай асатынын "тамашалап" тұр. Дерек бойынша, өлім жазасына кесілген адам жүкті әйелді топпен зорлауға қатысқан, соның кесірінен әйел баласынан айрылған.

Қазіргі заманда шағын топ алдында болған оқиғаны кейін он мыңдаған адам көре алады.

Видеода ер адам биік тұғырда тұр, қолы қайырылып байланған. Жендеттер қоршап алған, айналасының бәрі қараңғы. Жарық тек дар ағашына түсіп тұр. Сырттай қарағанда бұл көрініс би немесе театр шоуына ұқсайды.

Дарға асылған адам. Тегеран, 5 қаңтар 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Дарға асылған адам. Тегеран, 5 қаңтар 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Ер адам "Анамды шақырыңдар, көргім келеді. Оны көруге рұқсат етпейсіңдер ме?" деп айғайлап, анасын шақырады. Жендеттер оның өтінішін елемейді. Сол кезде бір әйел топ ішінен "Балам, балам" деп айғайлайды. Ер адам өзі шығуға тиіс орындықты аяғымен теуіп, жендеттермен арпалысады.

Осы кезде дарға асу жазасын көруге келгендер арасынан біреу "ұрмай өлтір" деп айғайлайды. Бірнеше күзетші тұғырға көтеріледі. Шу-төбелес шығады. Аяғында ер адамды орындыққа тұрғызып, мойнына арқанды байлайды. Ол тездетіп "Аллаһу акбар" (Алла ұлық) деп айғайлайды. Бұдан соң оның денесі дар ағашында салбырап қалады.

Жан түршіктірер видео өткен аптада YouTube пен басқа да әлеуметтік желілерге шықты.

Мохаммед Реза Аббасян атты адам Balatarin сайтында "видеоны Ирандағы досының жібергенін" айтады. Ал досына біреу Bluetooth арқылы берген. Аббасян видеоны өзінің Facebook парақшасына жариялады.

Ол мұндай видеоларды жариялау Иран үкіметінің адамдарды дарға асуды тоқтатуына ықпал етеді деп санайды. Аббасян "Өлім жазасына кесілген адамды алдымен ұрып-соқты. Ол өмірден зорлықпен кетті. Жан ауыртар оқиғаны басқалар да көрсін дедім. Дарға асу оқиғаларына адам құқығын қорғаушылардың назарын аударғым келеді. Өлім жазасын көруге баратын адамдар да азаяр деп үміттенемін" дейді.

«ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ ТАРАТПАҒАН ЖӨН»

Кейбір адамдар мұндай видеоларды таратуға қарсы. "Жұрт көзінше дарға асуды көруге баратындар мен оны интернет арқылы көретіндердің арасында не айырма бар?" деп сұрайды Facebook-те бір жас жігіт.

Париждегі ирандық зерттеушілер қауымдастығының адам құқығы бойынша жетекшісі Роя Кашефи (Roya Kashefi) бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, видеоны көргендер Иран билігінен шошып, халық арасында да үрей таратуға сеп болады.

Ол "Видео көріңіз деп таратып жатады, осыны байқаған сайын мені де құдды бір жаза орындайтын жерге шақырып жатқандай боламын. Ондай жерге аттап баспас едім" дейді.

Кашефи "видеоларды таратудың Ирандағы өлім жазасын тоқтатуға ешқандай пайдасы жоқ" дейді. Оның ойынша, "өлім жазасын интернеттен көрген адам қатты түршікпейді".

Дарға асуға дайындалған орын. Иран.
Дарға асуға дайындалған орын. Иран.
"Монитордың алдында отырып көрген адам одан қатты тіксінбейді. Бірақ қандай да бір жолмен біреудің өмірін қию – қатыгез әрекет" дейді ол.

АҚШ-та тұратын танымал ирандық әлеуметтанушы Хоссейн Газян (Ghazian) дарға асу видеосын Facebook парақшасына жариялады. Бірақ көретін адамға видеоның мазмұны туралы графикалық ескерту қойды. Ол "өлім жазасының кадрларын тарату - зорлық-зомбылықты насихаттау" деген пікірмен келіспейді.

- Бұл видеоларды көрген адам өлім жазасын жақсы көре қалады, қолдай кетеді деп ойламаймын. Керісінше, оған жиіркеніші туады, - дейді ол.

БҰҰ адам құқығын қорғау жөніндегі кеңесі өткен айда Иранда жұрт алдында дарға асу жазасының күрт көбейгенін хабарлады. 2013 жылы 500 адам жазаланса, соның 57-сі көпшілік көзінше қаза тапқан.

(Голназ Эсфандиаридың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG