Accessibility links

Рафсанджанидің ұлы мен қызы қамалды


Иранның қазіргі президенті Махмуд Ахмадинежад (сол жақта) пен бұрынғы президенті Акбар Рафсанджани. Тегеран, 21 сәуір 2012 жыл
Иранның қазіргі президенті Махмуд Ахмадинежад (сол жақта) пен бұрынғы президенті Акбар Рафсанджани. Тегеран, 21 сәуір 2012 жыл
Сарапшылар Иранның бұрынғы президенті Рафсанджанидің балалары түрмеге түскен соң елде 2013 жылы болатын сайлау алдындағы шиеленіс күшейе түскенін айтады.

Акбар Хашеми Рафсанджанидің ұлы Мехди мен қызы Файзаға (орысша транскрипцияда Фазех деп те жазылады - ред.) "2009 жылы Махмуд Ахмадинежад президент болып сайланған кезде елде жаппай толқу ұйымдастырды" деген айып тағылды. Кезінде елдегі ең ықпалды саясаткер болған адамның екі баласы қазір оппозициялық қозғалыс мүшелері қамалатын Эвин түрмесінде отыр.

Рафсанджани 2009 жылы Ахмадинежад қайта сайланған кезде елді тұтас шарпыған оппозициялық қарсылық қозғалысына іш тартқан еді.
Файза Рафсанджани. Тегеран, 28 маусым 2009 жыл
Файза Рафсанджани. Тегеран, 28 маусым 2009 жыл

2005 жылғы президент сайлауында Ахмадинежадтан жеңілген Рафсанджаниге қарсы саяси қысым соңғы төрт жылда күшейе түскен. Ол Тегеран университетіндегі жұма намазында құтпа оқу хақынан да айырылған еді. Жоғарғы мемлекеттік орган - Сарапшылар кеңесіндегі төрағалықтан да ысырылған болатын. Саясаткерге билік тарапынан дөрекі түрде дүрсе қоя беру жиіледі.

МЕХДИ МЕН ФАЙЗАНЫҢ ХИКАЯСЫ

Рафсанджанидің ұлы мен қызын түрмеге қамау шиеленістің шырқау шегін көрсетеді.

50 жастағы заңгер һәм журналист Файза Хашеми қыркүйектің 22-сінде ұсталып, оған дейін - қаңтар айында шығарылған үкімге сәйкес алты айлық түрме жазасын өтей бастаған. Оған "2009 жылғы сайлаудан кейінгі тәртіпсіздіктер мен толқуды ұйымдастырды" деген айып тағылған.

Файза Хашеми президент Ахмадинежадтың қайта сайланғанына ашық түрде қарсы шығып, қуғын-сүргін әрекетін сынаған еді. Оның қамауға алынуы Рафсанджани мен ұлы Мехдиге жасалған ескертуге ұқсаған. Осы әрекеттен кейін соңғы үш жыл шетелде жүрген Мехди елге қайтып оралатыны туралы хабарлаған еді.
Мехди Рафсанджани Тегеран әуежайына ұшып келген сәт. 24 қыркүйек 2012 жыл
Мехди Рафсанджани Тегеран әуежайына ұшып келген сәт. 24 қыркүйек 2012 жыл

Рафсанджанидің екінші қызы Фатима оппозициялық "Каламе" вебсайтына елдегі жоғарғы сот басшыларының әкесіне Мехдидің шеттен қайтып келмей тұра тұруын сұрағанын хабарлаған.

- Олар үш жыл бойы "Мехди елге қайтып, жазасын өтесін" деп талап қойып келеді. Олардың бопса сөздері - Мехдиді қорқытып, елге келтірмеудің амалы. Оны қорқыту үшін Файзаны түрмеге отырғызды, - деді Фатима.

Бірақ әпкесі түрмеге түскен күннің ертеңінде-ақ 47 жастағы Мехди Хашеми Иранға оралды. Қыркүйектің 25-і көпшілік күткендей-ақ ол прокурордың тергеуінен кейін түрмеден бір-ақ шықты.

САРАПШЫЛАРДЫҢ ЖОРАМАЛЫ

Вашингтонда тұратын саяси сарапшы Әли Афшаридың ойынша, Иранның билік жүйесіндегі радикалдар Рафсанджанидің қанатын біржола майыруды көздеген.

- 2013 жылғы президент сайлауының алдында әсіре консерваторлар қалыпты консерватор Рафсанджаниді қыспаққа алып, саяси жағдайдың қиындап кетуінен сақтанып жатыр. Әсіре консерваторлар Рафсанджаниді саяси бәсекеден біржола шығарып тастауды көздеген сияқты. Биліктің радикалдық қанаты Хаманеиден кейінгі кезеңде Рафсанджаниден біржола құтылуға бас аятолладан да артық мүдделі, - дейді ол.
Әсіре консерваторлар Рафсанджаниді саяси бәсекеден біржола шығарып тастауды көздеген сияқты. Биліктің радикалдық қанаты Хаманеиден кейінгі кезеңде Рафсанджаниден біржола құтылуға бас аятолладан да артық мүдделі.
Жақында Тегеранда өткен Қосылмау қозғалысының саммитінде Аятолла Хаменеидің дәл қасынан қайта көрінген соң Рафсанджанидің ықпалын қалпына келтіре бастағаны туралы сөз шыққан. Саммиттен бірнеше күн өткесін бұрынғы президент халықты күрделі мәселелерді шешу үшін "еркін және ашық" сайлау өткізуге шақырып сөйлеген.

Нью-Йоркте тұратын журналист Рузбе Миребрахимидің ойынша, Рафсанджанидің соңғы сөзі билік басындағылардың шымбайына қатты батқан.

- Қосылмау саммитіндегі төбе көрсетуі Рафсанджанидің консерваторлардың қатарында екенін көрсеткенімен, кейінгі сөздерін олар мақұлдай қоймаған. Сондықтан жағдай ушығып сала берді. Рафсанджани еркін сайлау өткізуге шақырды, демек бұған дейін болғандары еркін емес дегені ғой. Ол қазіргі жағдайда жол табу үшін Ирандағы саяси атмосфера жақсаруы керек деп сөйледі. Бұл радикалдар оң қарайтындай сөз емес еді, - дейді Миребрахими.

Рафсанджани екі баласының қамалғанына қатысты әлі ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Ирандық вебсайттарда оның қыркүйектің 24-інде билік орындарына берілген баласымен қоштасып тұрған видеосы көрсетілді. Рафсанджани ұлын құшақтап, дұға қылып тұр.

Ирандағы ислам революциясының діңгегіне теңестірілген Рафсанджаниге саяси айлакерлігіне қарай "кусеһ" деген лақап ат қойылған. Оның екі мағынасы бар: біріншісі - көсе, екіншісі - акула. "Кусеһтың ендігі әрекеті қалай болар екен" деп ішін тартып қарап отырған жұрт көп.
XS
SM
MD
LG