Accessibility links

Иран президенті бейнеклип шығарды


Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама.

Иран президенті Хассан Роухани (сол жақта) мен АҚШ президенті Барак Обама.

Иран президенті Хассан Роухани жайлы бейнеклип шығарылды. Оны түсіруге АҚШ президенті Барак Обаманың Yes We Can деген бейнеклипі шабыт берген сияқты.

Ақ-қара түспен түсірілген тамаша бейнеклипке Иран президентінің тамыздың 3-і күні ұлықтау рәсімі кезінде сөйлеген сөздерінен үзінділер салынған. Президенттің қолмен жасаған ишара-қимылдары өлеңмен қатар өрбіп отырады. Бұл бейнеклипті Роуханидің билікте отырғанына 100 күн толуына орай түсірген.

YES WE CAN

АҚШ президенті Барак Обаманың 2008 жылғы Yes We Can («Біз жасай аламыз») музыкалық бейнеклипін түсіруге Голливудтың 30-ға жуық әншісі мен актерлары қатысқан еді.

Роуханидің соған ұқсас етіп жасалған клипі интернеттегі веб-сайтында жарияланған және Twitter арқылы тараған. Бірақ Twitter-дегі аккаунт кімдікі екені белгісіз. Елдің айтуынша, бейнеклипті таратуды президенттің ақпараттық командасы қолға алған.

Басты рольді Иранның танымал әншісі әрі актері Амир Модаресс сомдаған бұл клипті деректі фильм режиссері Хосейн Дехбаши түсірген. Дехбаши - Роухани президентікке түскен кезде де сайлау компаниясында үгіт-насихат жұмысына қатысқан адамдардың бірі.

Иран ақпарат құралдары Дехбашидің «бұл бейнеклип жоспарсыз, аяқ астынан жасалды» деген мәлімдемесін таратты.

Иран президенті Хассан Роухани жайлы бейнеклип

ЕЛДІ БІРЛІККЕ ШАҚЫРУ

Бұрын-соңды Иран президенттерінде болмаған бейнеклипте әртүрлі жастағы адамдар музыка аспаптарын ойнап, Роуханидің парсыша айтқан сөздерінің астарында ишара жасап тұрады. Олар парсы тілінде ғана емес, Иранда азшылық боп отырған күрд, араб диаспораларының тілдерінде де сөйлейді.

Клипке Иран тарихында орны бар премьер-министр Мохаммед Моссадех пен Иран Ислам Республикасының негізін қалаған Рухолла Хомейнидің де сөздерінен үзінділер салынған.

Клиптің негізгі көздеген мақсаты – бірлік. «Осы ел мен жер үшін жанын қиятын ирандықтарға мүмкіндік пен еркіндік берілсін. Елге адал қызмет еткісі келгендерге жол ашылсын. Олардың жүректері жеккөрініштен тазарсын. Алауыздықты қойып, мәмілеге келейік. Жаулықты қойып, достықты күшейтелік» дейді клипте.

Роухани «Менің үкіметім Иран халқының бақытты ғұмыр кешкенін қалайды. Алладан мені тура жолға бастауын тілеп дұға етемін» дейді.

Роуханидің клипін түсірген Дехбаши бірнеше жыл АҚШ-та тұрған. Ол 2010 жылы БҰҰ-ға иммиграцияға байланысты берген арызында жалған құжаттар жасады деген айыппен тұтқындалған. Тегеранға келген кезінде Дехбаши өзін «федералды барлау агенттігінің бір адамдық камерасында қамауда ұстағаны» туралы айтқан еді.

Гүлназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG