Accessibility links

Ислам революциясының жендеті дүние салды


Аятолла Мохаммад Мохаммади Гилани (оң жақта) Сарапшылар кеңесінде отыр. Тегеран, 8 қыркүйек 2002 жыл.

Аятолла Мохаммад Мохаммади Гилани (оң жақта) Сарапшылар кеңесінде отыр. Тегеран, 8 қыркүйек 2002 жыл.

Тегеран қара жамылды. Ислам революциясы көсемдерінің бірі, белгілі сот Аятолла Мохаммади Гилани өмірден озды. Бірақ оның қарсыластарын аяусыз жазалағаны ел есінде мәңгі қалатын сияқты.

Тегерандағы билік Аятолла Мохаммад Мохаммади Гиланиді «Ислам революциясының қаһарманы» деп әспеттейді. Алайда былайғы жұрт оны режимге қарсы шыққандарды, соның ішіне өзінің ұлдарын да аяусыз жазалаған қатыгез адам ретінде таниды.

«МАҒЫНАЛЫ ҒҰМЫР»
Ирандағы мемлекет бақылауындағы телеарналар шілденің 9-ы күні қайтыс болған Гиланиді «мағыналы ғұмыр кешкен ұлы заңгер», «батыл судья» деп мадақтап-ақ жатыр. Гилани Иран революциялық соттарын басқарды, жоғарғы соттың бас судьясы қызметін атқарды, сақшылар кеңесіне басшылық етті, сондай-ақ сарапшылар ассамблеясының мүшесі де болды. Өмірінің соңына қарай оған «Әділет» медалі берілді. Тегеран мешітінде Гиланидің жаназасы үлкен құрметпен шығарылып, денесі қасиетті Кум қаласына жерленді.

Бірақ режимді сынаушылар мен құқық қорғаушылардың бұл адамға көзқарасы басқаша. Олар Гиланиді 1980 жылдары саяси режимге қарсы шыққан азаматтарды аяусыз жазалаған қатыгез судья деп біледі. Ел аузында Гилани өз ұлдарын да өлім жазасына кескен деген сөз бар. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ол төрағалық еткен «жазалаушы» сот отырыстары өте қысқа болған, көбіне бірнеше минутқа ғана созылған.

«ӘДІЛЕТСІЗ СОТ ЖҮЙЕСІН ҚҰРДЫ»

«Ирандағы адам құқықтары және демократия» жобасына жетекшілік ететін Абдоррахман Бороуманд қорының негізін қалаушыларының бірі, әрі атқарушы директоры Ройя Бороумандтың айтуынша, 1979 жылғы революциядан кейінгі «қара түнек кезеңде» бас судья болған Гилани - «пікір қайшылығын» жою үшін белсене тер төккендердің бірі.

Адамдарды өлім жазасына кесуді қолдаған себебі Гилани ислам қоғамын «біртұтас ағза» деп түсінген. Егер ағзаның бір мүшесі дертке шалдықса, кесел қалған денеге де жайылады.

- Мыңдаған адам өлім жазасына кесілді. Ол үкімдердің көпшілігі жүзеге асты. Тегеран ислам революциясы сотының басшысы ретінде негізгі шешімдерді қабылдаған сол кісі еді, – дейді Бороуманд.

1928 жылы Гилан уәләятында дүниеге келген ол ислам революциясы болғанда 41 жаста еді. Аятолла Рухолла Хомейни оны жаңадан құрылған революциялық соттардың басшысы етіп тағайындап, оған дәлелі жоқ, жалпылама айыптармен көптеген адамдарды өлім жазасына кесуге мүмкіндік берді.

Ирандағы адам құқықтарының бұзылу фактілерін тіркеумен айналысатын Бороумандтың айтуынша, Гилани - осы күні «әділетсіз әрі саясат қолшоқпары» аталып кеткен Иран сот жүйесінің негізін қалағандардың бірі.

«ТЕРРОРДЫҢ ҮСТЕМДІК ЕТУІНЕ ЖОЛ АШҚАН»

Оның ең көп қолданған жазасы дүре соғу болған. Иран адам құқықтары бұзылған оқиғаларды құжаттау орталығының мәліметіне қарағанда, 1981 жылы IRNA агенттігіне берген сұхбатында Гилани «Бахаилердің бірнеше көсемін өлім жазасына кесу дұрыс шешім болды. Себебі олар тыңшылықпен айналысты» деген.

Құжаттау орталығы Гиланидің «[Бұл топтың мүшелері] империалистердің тыңшы ұйымдарымен байланыс орнатты, олардың елге келтірген зияны орасан. Израильге және оның агенттеріне көмектесті, қасиетті Құранға сәйкес әділ жазаларын алғаны дұрыс болды» дегенін мысалға келтіреді.

Бороумандтың айтуынша, Гилани «әріптестерімен бірлесіп, Иранда «таза ислам» қоғамын құру және оны қорғау жолында адал қызмет етіп жүрмін» деп ойлаған. Сарапшы «Гилани революцияның алғашқы жылдарында Иранда террордың үстемдік етуіне жағдай жасады» дейді. Оның айтуынша, «Адамдарды өлім жазасына кесуді қолдаған себебі - Гилани ислам қоғамын «біртұтас ағза» деп түсінген. Егер ағзаның бір мүшесі дертке шалдықса, кесел қалған денеге де жайылады. Сондықтан, Гилани олардың барлығы өлім жазасына кесілуі керек деп санаған».

Ирандықтардың көбі Гиланиді «тіпті өз ұлдарын да өлім жазасына кескен» деп айыптайды.

ӨЗ БАЛАЛАРЫН ӨЛІМГЕ ҚИҒАНЫ РАС ПА?

Гилани «өз балаларын өлтірді» деген айыптауларға ешқашан ашық жауап қатқан емес. Жартылай мемлекеттік Mehr ақпарат агенттігі «Гилани өз ұлдарын Muhajedin-e Khalq оппозициялық ұйымына кіргені үшін жазалады» деп болжайды. Гилани бұған да тырс еткен жауап айтпады.

Мохаммад Мохаммади Гиланидің ауруханада жатқан кезі.

Мохаммад Мохаммади Гиланидің ауруханада жатқан кезі.

2009 жылы оған «елге сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін» «Әділет» медалі берілді. Сол кездегі Иран президенті Махмұд Ахмадинежад оны «әділдікті өзінен бастаған адам» деп мақтаған еді.

Кейбір болжамдарға қарағанда, президенттің бұл айтқаны Гиланидің 1981 жылы өткен сот процестері кезінде өз балаларын өлім жазасына кесіп, үкімді орындатқан деген сөздерді растап тұрған сияқты.

Алайда кейінірек біраз ақпарат құралы, соның ішінде Jomhuri Eslami газеті «Гиланидің ұлдары ешқандай жазаға кесілмегенін, полицияға түсуден қорқып, цианид ішіп, өздері өлгенін» жазды.

Шілденің 9-ы күні Asriran.com сайты «Гиланидің өз ұлдарына қатысты үкім шығармағанын» хабарлады. Дегенмен ол «Егер ұлдарым тұтқынға түссе, онда олар да басқа оппозиционерлер сияқты өлім жазасына кесілер еді. Басқаларға не істесеңдер, оларға да соны істеңдер» деген пікір айтқан-мыс.

Аsriran.com сайтының жазуына қарағанда, «Орта жастағы ирандықтардан «Гилани кім?» деп сұрасаңыз, «Өз ұлдарын өлтірген адам» деп жауап береді».

Гиланидің ерекше «жетістіктерінің» бірі – ол революциядан кейін уақытша билікке келген Мехди Базарган үкіметінде премьер-министр орынбасары қызметін атқарған Аббас Әмір Ентезамды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кескен сот отырысының төрағасы болған.

Әмір Ентезам – Иран тарихындағы ең ұзақ түрме жазасына кесілген саяси тұтқын.

(Голназ Есфандияридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG